Барыс қандай жетістіктерімен есте қалды? Избранное

Пятница, 30 Декабрь 2022 05:20 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1535 раз

54454

...Барыс жылы табыс жылы болды ма? Бұл енді әркімнің патша көңілі пайымдайтын сұрақ. Тарих қойнауына еніп бара жатқан жылды мақтайтын да, даттайтын да адамдар табылар. Бірақ, олар айтқан пікірдің бәрі бірдей елдік тұрғыдан таразыланар ақиқатпен астасып жатпасы анық.

Сөз жоқ, барыс жылының да белгілі бір қиындықтар, ауыртпалықтар туғызғаны жасырын емес. Десе де, еліміз аман, жұртымыз тыныш, заманымыз дұрыс өткен он екі айды жамандауға пейілі
қанағатпен сусындаған, санасы ақиқатқа арқа сүйейтін адамның аузы бара қоймас, сірә...

Иә, барыс жылының басында мемлекетіміздің мызғымастығы сынға түсті. Әлеуметтік әділеттілік талап еткен көпшіліктің бейбіт шеруіне арандатушылар мен лаңкестер араласып, елдің шырқын бұзғандай болды. Бірақ, билік Қаңтар оқиғасынан қорытынды шығара білді.

Наурыз айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы саяси трансформацияның негізгі бағыт-бағдарын көрсетіп берген Жолдауын жасады. Сол құжатта көрсетілген бастамалардың негізінде маусым айында Ата Заңымызға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өтіп, онда халықтың басым көпшілігі жаңару мен жаңғыру бағытын қолдап дауыс берді. Конституцияның үштен бір бөлігі жаңарды. Өзгерістер мен толықтырулар биліктің бір қолға шоғырлануын шектеуге, билік тармақтарының бір-бірінен дербес, тәуелсіз болуын қамтамасыз етуге, сол арқылы қоғамды одан әрі демократияландыру, ашықтық пен жариялылықты ілгерілетуге, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге бағытталған. Бір ауыз сөзбен айтсақ, барыс жылында түпкілікті түрде жаңарған Конституция жаңа, әділетті Қазақстанның құқықтық іргетасына айналды.

Барыс жылындағы саяси модернизацияның ең басты нәтижесі – биліктің халық мүддесімен толық санаса бастағаны. Бұл тұжырымның дұрыстығын дәлелдейтін сантүрлі дәйек келтіруге болады. Біз маңызды деген біреуін ғана айтайық: Биылғы 1 қыркүйекте ел Президентінің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдау жасағаны оқырман қауымның есінде. Сол Жолдауда Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызын еліміздегі әр баланың жеке есепшотына аударып отыру туралы шешім жарияланды. Ол қаржыны бала кәмелет жасына жеткенше ешкім шешіп ала алмайды. Яғни, болашақта Қазақ елінің әр жас азаматы жеріміздің табиғи байлығынан өз үлесіне түскен еншісін алып, оны оқуы мен баспана алуына жұмсай алады деген сөз. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, барыс жылы «Ұлт байлығы ұрпақ болашағына қызмет етсін» деген тарихи шешім қабылданған жыл ретінде есте қалмақ.

Сонымен қатар, барыс жылындағы ең елеулі саяси оқиғалардың бірі ретінде 20 қараша күні өткен Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын айтуға болады. Бұл саяси науқан конституциялық реформаның логикалық жалғасы іспетті еді. Негізгі Заңы жаңарған елдің Президентінің жаңа халықтық мандатқа ие болуы биліктің ісін тиянақты атқарып, қадамын нық басуына мүмкіндік береді. Бұл жолғы сайлаудың тағы бір ерекшелігі – алғаш рет ел Президенті 7 жылдық бір ғана мерзімге сайланатын болды. Демек, ендігі жерде Қазақстанда да бүкіл өркениетті, демократиялы әлемдегідей жоғары билік уақтылы жаңарып отырады.

Еліміздегі үшінші мегаполис атанып, жылдан жылға көркейіп, гүлденіп келе жатқан Шымкент қаласы үшін де барыс жылы табысты жылға айналды. Оның айқын көрсеткіші ретінде шаһардың республика бойынша «Инвестиция жасауға ең қолайлы» өңір атануын айта аламыз. Экономикаға құйылған инвестиция жаңа жұмыс орындарының ашылуына, қазынаға түсетін салық көлемінің артуына, халықтың әл-ауқатының жақсаруына септігін тигізетінін ескерсек, бұл – расында маңызды жетістік.

Сөзіміз дәйекті болуы үшін аз-кем деректерді келтіре кетейік. Шымкент қаласы республикалық қала мәртебесіне ие болғалы бері шаһардың экономикасына 1 триллион 900 миллиард теңге инвестиция тартылған. Ал алдағы 5 жылдықта қала экономикасын дамытуға 6 триллион теңге инвестиция тартудың жоспары жасалған. Әсіресе, инвестицияның 25 пайызының өнеркәсіп секторына бағытталып отырғаны қуантады. Себебі, бұл жаңадан зауыт-фабрикалардың құрылуына, сөйтіп қала экономикасының сапалық тұрғыда жетілуі мен азаматтардың тұрақты жұмыс табуына көмектесері сөзсіз.

Барыс жылында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қаладағы жалпы ауданы 886 гектар алқапты алып жатқан 5 өндірістік аймақта жүзеге асып жатқан инвестициялық жобалардың саны 250-ге жетіп, онда 14 мыңдай жұмыс орны құрылған.

Биыл қалада шағын және орта кәсіпкерліктің іскерлік белсендігі артқан. Белсенді жұмыс істейтін кәсіпкерлік субъектілер саны 2019 жылғы 70 мыңнан қазіргі таңда 107 мыңнан асты. Жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 35 пайыздан 41 пайызға жетті. Білім беру нысандарын дамыту мақсатында 2025 жылға дейін 101 мектеп салу жоспарланса, биылдың өзінде 41 мектеп пайдалануға берілді. Бұйыртса, 2023 жылы үш ауысымды мектеп мәселесі толығымен шешіледі деген жоспар бар. Биыл Шымкент қаласында 1 миллион 60 мың шаршы метр үй салынып, нәтижесінде 8 922 отбасы жаңа баспанаға қол жеткізді, қоныс тойын тойлады.

Міне, осының барлығы барыс жылында Қазақ елінің, соның ішінде шырайлы Шымқаланың ырысы тасып, құт-берекесі кіргенін паш етіп тұрғандай.

Иә, жүрдек уақыт жүрісінен жаңылмайды. Өйткені, ол адам баласының пайым-тілегіне, сана-сезіміне тәуелді емес. Табиғи жылдамдық өлшемі біреулерді алға сүйреген арынды арманнан да, енді біреудің етегінен тартқан керенау жалғаннан да тыс. Уақыт жақсылық пен жамандыққа да, қуаныш пен қайғыға да, жетістік пен кемшілікке де ортақ. Тіршілік сонысымен де сара, сонысымен де дара шығар-ау. Уақыт шіркін жаңылмайтын заңдылығына сүйеніп, айды ай арқалап, жылды жыл жетелеп, жүйтки бермек, жүйтки бермек. Осындайда дана халқымыздың «Туған ай – туралған ет» мәтелі еске түсіп, таңырайсың. Қалай тауып айтқан десеңізші?! Міне, кеше ғана есігімізді қаққан барыс жылын шығарып салып, сынаптай сырғып бара жатқан ғасырдың үшінші онжылдығының үшінші жылына да қадам басқалы отырмыз.

Ал Сіз үшін барыс жылы табысқа толы құтты жыл болды ма, мәртебелі оқырман?