ЕРЛІГІ ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАСА ЕКЕН

Среда, 15 Май 2024 06:30 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 185 раз

Шымкентте қалалық №2 аурухана (17-шағынаудан, «Фосфор» ауруханасы) аумағынан басталып, Арғынбеков көшесіне жетіп аяқталатын Дүйсен Ерімбетов атындағы көше бар. Өкінішке қарай, қала тұрғындарының көбі Ерімбетовтің кім екенін, кім болғанын біле бермейді. Түркістан облысының Ордабасы ауданы, Жусансай ауылының тұрғыны Абылайхан Өмірұлы Дүйсен Ерімбетовтің есімі ескерусіз қалып бара жатқанына алаңдап, есіл ердің жүріп өткен жолдарын елге кеңірек таныстыру мақсатында қолында бар мәліметтермен бөлісті.

erlik

 

– Атамыз Ерімбетов Дүйсен Жолшыбекұлы 1900 жылы Сырдария губерниясы, Черняев уезі, Арыс болысындағы № 7 ауылда, қазіргі Ордабасы ауданы, Жусансай ауылында дүниеге келген. 1911 жылы Шымкенттегі екі сыныптық орыс-қазақ мектебінде сауатын ашты. Бастауыш мектепті 1917 жылы бітіріп, сол жылдың желтоқсанында Ташкент қаласындағы революциялық жауынгерлер қатарына қосылыпты. Алғашқыда бөлімше командирі, кейіннен Сырдария революциялық соғыс кеңесінің мүшесі болып, ұлт істері жөніндегі комиссар лауазымына тағайындалған. 1918 жылы большевиктер партиясына мүше болған, – дейді Абылайхан Өмірұлы.
Деректерге жүгінсек, Дүйсен Ерімбетов Азаматтық соғыс кезінде Ташкент, Черняев, Бішкек, Ақмешіт, Арыс, Самарқан, Ферғана және басқа да қалаларда үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген. Ташкентте төңкеріске қарсы ішкі қарсылықтарды басуға қатысқан. 1919 жылы Түркістан майданы ашылғанда Д.Ерімбетов саяси бөлім жанындағы Революциялық әскери кеңестің мұсылмандар секциясы мүшелігіне және ұлт істері жөніндегі комиссарлыққа тағайындалады. Сол жылы Ақтөбе майданына жөнелтіледі. Каспий жағалауындағы, Ферғана даласындағы ақ гвардияшылардың бөлімшелеріне қарсы ұрыстарға қатысады.
Азамат соғысы аяқталған соң Темірланда учаскелік милиция бастығының орынбасары болып қызмет атқарды. 1927 жылы Мәскеудегі Шығыс еңбекшілерінің коммунистік университетіне оқуға түскен. 1929 жылы Қазақстан орталық партия комитетінде нұсқаушы болды. 1933 жылы Алматыда ашылған марксизм-ленинизм институтында оқиды.
1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталған кезде Дүйсен Ерімбетов жауынгерлер жасақтау ісіне белсене араласады. Мысалы, ол генерал Панфилов басқарған 8-ші гвардиялық дивизияға жіберіледі. Бірақ №100 жеке атқыштар бригадасының комиссары Сақтаған Бәйішев (кейіннен ҚазКСР Ғылым академиясының академигі) Дүйсен Ерімбетовке: «Біз барлық адамды майданға жібере алмаймыз, бізге өзің сияқты соғыс көрген тәжірибелі адамдар қажет, жас жауынгерлерді баулисың» дейді.
Д.Ерімбетов батальондарды аралап, жастарды іріктеп, майданға аттандырды.
№100 жеке атқыштар бригадасы саяси бөлімінің басшысы А.Досанов (кейіннен ҚазКСР Жоғарғы сотының төрағасы) басқарған батальон жау қоршауында қалғанда Д.Ерімбетов өзінің қарамағындағы жауынгерлермен көмекке келіп, қаруластарын құтқарады. Осы шайқастағы ерлігі үшін Ерімбетовке майдан қолбасшысының алғысы жарияланып, «Отан соғысы» орденімен, А.Досанов «Қызыл Ту» орденімен марапатталады.
Ұлы Отан соғысы біткен соң Д.Ерімбетов кеңестік партиялық қызметке оралады. Қазақстан Коммунистік (большевиктер) партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық комитеті бюросының 1946 жылғы 2 тамыздағы құпия шешімі негізінде облыстық архивтің меңгерушісі болып бекітіледі. Сөйтіп, бұл қызметін 1962 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін атқарады.
– Атамыздың туған ағасы Мырзабай атамызды да көргенмін. Екеуі де қасы қалың, кең жауырынды, тұлғалы еді. Дүйсен ата өте сұлу кісі еді. Сырт көзге қатал болғанымен, бауырларына кішіпейіл болатын. Мырзабай атаның ұлдары Ережеп, Ағабек, Арыстанбектен тараған ұрпақтар Шұбарда тұрады. Әлі есімде, Жусансайда, мен тұрып жатқан үйде Мырзабаевтар әулеті тұрған. Әкелеріне ас бергенде Шымкенттен Дүйсен ата келген. Қонақтар тарқаған соң атамыз Шұбардағы әпкесінің жағдайын біліп қайтуға ниет білдірді. Ол кезде көлік жоқ. Шұбар мен Жусансайдың арасы он шақырымдай жер. Бір уақытта ауылдағы колхоздың тексеру комиссиясының төрағасы Саяпан Омарұлы: «Дүйсеке, мына атқа мініңіз, Абылайхан да Шұбарға бірге барсын» деп мені бірге аттандырды.
Полковник атамыз екеуміз Седепкүл әпкенің үйіне жетіп, атты қара талға байладық. Інісін көрген Седепкүл апаның көңілі шат-шадыман болып, құлпырып кете барды. Шай үстінде әпкесімен қалжыңдасып, күлдіртіп отырды.
Дүйсекеңнің Пәтіш (Пәтима) әпкесін де көргенбіз. Ауылдағылар Қара кемпір, Қара апа дейтін. Қара кемпірдің үйі жерден қазылған кепе болатын. Кейде біздің үйге келіп әке-шешеммен сөйлесетін. Соғыстан оралмаған ұлын сағынып, көзіне жас алған сәттерін жиі көретінмін.
Дүйсен Ерімбетов 1980 жылы 11 қаңтарда дүниеден озды. Дүниеден өткен соң Шымкент қаласының орталығынан және Ордабасы ауданының Шұбар ауылынан атпал азаматтың атына көше берілді, - дейді жусансайлық ақсақал.
Абылайхан Өмірұлы – Дүйсен Ерімбетов қана емес, Жусансайдан шыққан азаматтарды түгелдеп, тарихын тасқа басып жүрген азамат. Ауылдан шыққан белгілі тұлғаларды, елге еңбегі сіңген барлық азаматтың өмірбаянын жинақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу мақсатында энциклопедия да шығарған.

А.ОРАЗӘЛИЕВ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.