АДАЛДЫҚ ПЕН ӘДІЛДІК – ҚОҒАМНЫҢ РУХАНИ НЕГІЗІ Избранное

Среда, 10 Апрель 2024 05:44 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 283 раз

немесе Сіздің жан дүниеңізді ешқандай сыртқы күш өзгерте алмайды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайдың наурыз айында өткен «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында «Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды» деген болатын.

zorlyk-zombilik

 

Адалдық пен әділдік жайлы әңгіме қозғаған сәтте Абай Құнанбайұлының жетінші қара сөзі ойға оралады. Жан құмары мен тән құмары жайлы сөз қозғаған данышпан «Дүниенiң көрiнген һәм көрiнбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп бiлмесе, адамдықпен орны болмайды. Оны бiлмеген соң ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады» деп түйедi. Мұндағы хәкiмнiң көрiнген сыр дегенi материалдық игiлiктер де, көрiнбеген сыры – рухани құндылықтар. Яғни, Абай ұғымында өмiрден жан азығын алмаған, рухани құндылықтармен iсi болмаған кiсiнiң хайуаннан айырмашылығы жоқ.
Ендi Абайдың сол байламын басшылыққа ала отырып бүгiнгi өмiрiмiзге зер салайықшы. Не көремiз, ненi байқаймыз? Қазір еліміздің экономикасы бiршама дамып, халықтың тұрмысы да түзеле бастады. Қазақ елi бiреуден iлгерi, бiреуден кейiн болса да әйтеуiр тыныштық пен молшылықта күн кешуде. Бiрақ, замандастарымыздың көбi күнкөрiс қамының, тән құмарының соңына түсiп кетiп, рухани құндылықтарды ұмыт қалдыра бастағандай көрінеді.
Мәселен, Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда «қоғамға қауіпті жаңа бес кесел», атап айтқанда, нашақорлық пен есірткі саудасы, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен буллинг, вандализм және ысырапшылдықпен бүкіл ел болып күресіп, біржола тосқауыл қоюымыз керектігін айтқан болатын. Енді ойлап отырсақ, азаматтарымыз жан азығын алмаған соң қоғамымызды осындай iндеттер меңдеп барады екен. Оның сыртында жалақорлық, жемқорлық, жағымпаздық, жеңiлтектiк, көзбояушылық, тасбауырлық секілді қасиетсiздiктер де ішiмiзден iрiтiп, адамдықтан алыстатып бара жатқандай.
Осының бәрiнiң ортасында өмiр сүре жүрiп мұндай iстерге немқұрайлы қарайтынымыз қай-қайсымыздың да рухани дiмкәс екенiмiздi көрсетедi. Сырқаттан айығу үшiн рухани сiлкiнiс керек. Мұны парықтап, санада салмақтаған кезде Мемлекет басшысының «Адал азамат» тұжырымдамасының мәнін ұғына қоясыз.
Көп адам бұл тұжырымдаманы мемлекеттiң өзi қабылдап, өзi жүзеге асыратын қатардағы көп бағдарламаның бiрi деп ойлайтын секiлдi. Бірақ, өзiн-өзi түзетіп, шынайы әрі адал болуға ұмтылмаған адамды да, қоғамды да ешқандай билiк түзете алмайды. Оны қарт тарих талай рет дәлелдеген. Алысқа бармай-ақ КСРО-ның тарихына үңiлсеңiз, бұған көз жеткiзесiз. Сталин Одақта темiрдей тәртiп орнату үшiн әртүрлi деректер бойынша 12 миллионнан 40 миллионға дейiнгi адамды репрессиялады! Бiрақ, содан елде бiржола тәртiп орнады ма? Жоқ. «Халықтардың әкесi» дүние салған соң арада 10 жыл өтпей Одақты жемқорлық қайта жайлап, бертiнде КСРО-да жаппай ұрлық белең ала бастады. Миллиондаған адамдардың қанын қатыгездiкпен төгу арқылы орнатылған тәртiп адыра қалды. Тағы да қайталап айтамыз, өзiн-өзi түзеуге ұмтылмаған адамды да, қоғамды да ешқандай билiк те, заң да түзете алмайды. Сөздiң түйiнi, әркiм өзiн-өзі адалдыққа тәрбиелеуі керек. Ал, ол үшін адамға әдiлдiк пен iшкi жан тазалығы қажет.
Айналаңызға зер салып қараңызшы, қайда барсаңыз өз iсiн бiлмейтiн мамандар, уәдеде тұрмайтын адамдар, сапасыз iстелген жұмыс пен жөнделiп болмай жатып қайта ойылған жолдар, жарылған құбырлар, шашылған қоқыс... Сабақтан қашқан оқушылар, емтиханды ақшамен жапқан студенттер, жол ережесiн бұзып, ұсталмай кеткенiне мәз болып, дарақылықпен мақтанған көлiк жүргiзушiлерi, парақор полицей мен жемқор басшы... «Арым жанымның садағасы» дейтiн мәрт қазақтың елiнде мұның бәрi неге қалыпты жағдайға айналып кеттi?! Өйткенi, бойымызда әлгi айтқан адалдық деген iзгi қасиет кемiдi.
Бәрiмiз елде жемқорлық жайлап кеткенi үшiн билiктi кiнәлаймыз. Атқамiнердің бәрi сүттен ақ, судан таза деуден аулақпыз. Бiрақ, өзiмiз қандай болсақ, бiздiң елдiң билiгi де сондай болып қала беретiнiн ұғынуымыз керек. Ойланып көрiңiзшi, жол салуға бөлiнген бюджеттiк 1 миллиард теңгенің 200 миллионын жымқырған әкiм мен таңсәрiде сауған 8 литр сүтiне 2 литр су қосып сатқан келiншектiң не айырмашылығы бар?! Екеуi де адалдықтан аттады емес пе? Әлде бiрiнiң адамдықтың алдындағы күнәсi жеңiлдеу ме? Қиянаттың үлкен-кiшiсi бола ма?.. Тек әкiмнiң жемқорлығы көзге ұрып тұрады да, сүтке су қосып сатқан келiншектiң ұрлығы байқала бермейдi. Дегенмен, қазақ «Сыбырлағанды құдай естiмей ме» деп бекер тұспалдамаған шығар...
Хәкiм Абай «Баламды медресеге бiл деп бердiм, Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедiм» дейдi. Қазiргi жемқор басшыларды әкелерi университетке не деп бердi екен? Шамасы көпшiлiгiн «Дәу шенеунік болып, тендер деген ағыл-тегiл байлықтан қарпып қал» деген ниетпен берген сияқты. Әлгі сүтке су қосып сатып жүрген келіншектің де жеткіншек ұлы күні ертең ғайыптан-тайып биліктің бір тетігін қолына ұстаған басшы бола қалса, оның да жемқорлықтан таза адам болуы екіталай. Өйткені, қазақ «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді. Бала-шағаңызға адал еңбекпен тауып беріп жатқан наныңыздың арасына бір түйір арам ас араластырып алсаңыз, ол перзентіңіздің мінезі мен тағдырына әсер етпей қоймайды. Енді ойланып көріңізші, бiз балаларымызға қандай өнеге көрсетiп жүрмiз? Оларды бiлiм алуға шақыра отырып, сол бiлiмдi жемқорлықтың емес, iзгiлiктiң жолына пайдалану керектiгiн ұғындыра алып жүрмiз бе?
Осы ғасырдың ортасына қарай елiмiзде жемқорлықтан ада, әдiлеттi, халықтың қамын ойлайтын билiк орнасын десек, алдымен өзiмiз адал болуға ұмтылайық. Iстеп жүрген iсiмiзге, жалақы алатын мекемемiзге, отбасымызға адал болайық. Кiшкентай болсын ұрлықтан, қиянаттан аулақ тұрайық. Сол арқылы ел мен жердiң, арымыздың алдында адал бола аламыз. «Адал азамат» дегеніміз, міне, осы! Бұл iстi өзiңiз қолға алмасаңыз, Сiздiң iшкi жан-дүниеңiздi сырттан келiп ешқандай күш өзгерте алмайды.