Газ қауіпті ме, салғырттық қауіпті ме?

Среда, 18 Январь 2017 09:13 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4763 раз

Газетіміздің жаңа жылдағы жаңа жобаларының бірі – «Толғандырған тақырып» айдары. Форматы – дөңгелек үстел формасында өтетін «Толғандырған тақырыпта» көкейкесті сұрақтар ортаға салынып, күн тәртібіндегі түйінді мәселелер талқыға түседі. Сала мамандары журналистердің қойған сауалына жауап береді. Проблеманың түйіні тарқатылады.
Бүгінгі толғандырған тақырып – «Газ қауіпті ме, салғырттық қауіпті ме?». Жуырда ғана Шымкент қаласындағы Халықтар достығы көшесінде орналасқан екіқабатты жеке тұрғын үйде апатты жағдай орын алды. Дүйім жұртты дүрліктіргені баршамызға аян. Осындай оқыс жағдайлардың алдын алып, елді сақтандыру үшін бұл тақырыпта әңгіме өрбітуді жөн санадық.
Дөңгелек үстел басындағы әңгімеге Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар басқармасы (ары қарай – ТЖД) басшысының міндетін атқарушы Рауан ӨСЕРБАЕВ, ОҚО Төтенше жағдай департаменті «Жедел құтқару жасағы» МКМ-сі басшысының орынбасары Ғалымжан ДҮЙСЕНБАЕВ, ОҚО ТЖД «Жедел құтқару жасағы» құтқару бөлімшесінің басшысы Рахымжан БЕКЕМБАЕВ, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның ОҚ Өндірістік филиалының бас инженері Сәкен ИСМАЙЛОВ, Шымкент қалалық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау бөлімінің бастығы Ғалымжан МҰРАТОВ қатысты.
«Толғандырған тақырып» басқосуын «Шымкент келбеті» газетінің жауапты хатшысы Асхан Майлыбаева жүргізіп отырды.

dongelek ustel

Техникалық қауіпсіздікті бақылайтын құрылым керек

«ШК»: – Өткен жылы Шымкент қаласында жылыту маусымында газдан зардап шегудің 20 дерегі тіркелген болса, оның 19-ында көмірқышқыл газынан улану жағдайы орын алды. Салдарынан 29 адам зардап шегіп, оның 18-і қайтыс болды. Өкінішке қарай, өмірден өткен жандардың бесеуі – кәмелеттік жасқа толмаған балалар. Бұл көрсеткіштердің алдыңғы жылдармен салыстырғанда едәуір өсіп отырғаны алаңдатады. Ал мұның себебі неде?

Р.ӨСЕРБАЕВ: – Иә, өкінішке қарай көрсеткіш жыл санап өсуде. Бұған қарап жұмыс әлсіреп кетті деуге болмайды.Төтенше жағдайдың алдын алу үшін кеңінен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Үгіт-насихаттық көрнекіліктер облыс, қала бойынша үлкен экрандарда, білім ошақтарында, қоғамдық орындарда, тіпті ұшақтардың ішіндегі жарнама бұрыштарында да көрсетіліп, ілінген. Бұл шаралар «ҚазТрансГазАймақ» АҚ өңірлік филиалының қызметкерлерімен бірлесіп те жүргізілуде. Дегенмен сақтық шаралары туралы жарнамалық, көрнекілік материалдарға көпшіліктің көңіл бере бермейтіні бізді қынжылтады. Бұлай дейтін себебім, төтенше жағдайдың жиілеп кетуіне көбіне-көп тұрғындардың өзі себепкер болуда. Қарапайым газ тетігін дұрыс қосуды білмейді. Ал біз жоғарыда айтқандай, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы апаттың алдын алу шараларын үздіксіз көрсетіп келеміз. Әкімдік тарапынан қаржы бөлініп, әлеуметтік бейнероликтерді жиі-жиі беріп жатырмыз. Қазір адамдар көп нәрсеге немкетті қарайды. Соның салдарынан осындай қайғылы апаттар орын алуда. Рас, әркім өз тіршілігінің қожайыны. Сондықтан әрбір үйдің ішкі тұрмыстық жағдайына, оның жеке мүлкіне араласуға біздің хақымыз жоқ. 

DSC 0499

С.ИСМАЙЛОВ: – Апатты оқиғалардың көбейіп отырғанының тағы бір себебі – тұтынушылар санының жылдан жылға арта түсуінен де деуге болады. Мәселен бір қазандықты бірнеше пәтер пайдаланатын жағдайлар бар. Мұндайда техникалық ережені бұзу фактілері салдарынан апатты жағдайлар орын алатыны жасырын емес. Осы бағытта жергілікті атқарушы билік, ҚазТрансГазАймақ, ТЖД бірлесіп, келісім бойынша мамандарды бөліп, демалыс күндері де тұрғындармен жұмыс істеп келеміз. Одан бөлек, коммуналды қызмет ақысын жинаған кезде есеп қағазын таратамыз. Есеп қағазының артында газ қолдану ережесі мен ескертулер жазылады. Бірақ көпшілігінің соған мән беріп қарамайтынын немен түсіндіруге болады?

«ШК»: – Қазір үйлерін Қытайдан, Ираннан әкелінген тасты пештермен жылытатын тұрғындар да аз емес. Ал осындай пештерді пайдалануға рұқсат берілген бе? Жалпы, оны орнатуға бақылау жасап, қадағалайтын мекеме бар ма? 

С.ИСМАЙЛОВ:– ҚР «Табиғи монополиялар туралы» Заңына сәйкес ішкі газ қондырғылары заман ағымына қарай еркін нарыққа өтіп кеткен. Тұрғындар иран, қытай пештерін қолданса, оған ешкім тосқауыл қоя алмайды. Ол тұтынушының өз еркіндегі шаруа. Оған Заң шеңберінде тыйым салынбаған. Тыйым салатын мекеме де жоқ. Бірақ, ирандық пештердің құрылымында мұржа қарастырылмаған. Ал «Газ және газбен жабдықтау» Заңының талабына сай тұрғын үйде мұржа болмаса, онда ол үйдің газ жүйесін өшіруге біздің толық құқымыз бар. Тұтынушы кез келген газ қондырғысын бөлмеге орнатып, қасына желдеткіш қойып, мұржаны тексеріп отыруы керек. Жанған газ қалдықтары мұржа арқылы далаға шығып кетеді. Мұны көп тұтынушылар ескере бермейді. Газ қондырғысын біздің мекеменің рұқсатынсыз қояды. 

DSC 0524

«Газ және газбен жабдықтау» Заңының талабына сай біз де жеке секторларға рұқсатсыз кіре алмаймыз. Газ орнату жүйесіне қосылып жатқан жаңа абоненттерге келісімшарт береміз. Сол шарттың негізінде біздің мамандар барып, көріп, қабылдап алғаннан кейін ғана газ қосылады. Өкінішке қарай, көп ретте жағдай керісінше орын алады. Тұрғындар мұндай мәселеде жеке кәсіпкерлердің қызметін пайдаланады да, техникалық ақаулар анықталған кезде барып бізге хабарласады. Мұндай жағдайда біздің мекемемен келісімшарты болмаса да, газды өшіріп тастауға құқымыз бар. Ал негізінен ақауды қайта жөндету үшін тұтынушы өзі келісімшартқа отырған жеке кәсіпкерге жүгінуі тиіс.

«ШК»: – Қазір қаладағы тұрғын үйлердің көпшілігі жылу орталықтарының қызметін пайдаланудан гөрі дербес қазандық орнатып алуды құп көретін болды. Оларға автономды қазандық жүйесін орнатуға заңдық негізде рұқсат бар ма? 

С.ИСМАЙЛОВ: – Дербес жылыту жүйесін қосып алған тұрғындар мұны ешкімнің рұқсатынсыз, өз бетінше орнатып алғандығын айтуға тиіспіз. Рас, егер үйдің құрылысында мұржа қарастырылып, газ колонкасы орнатылған болса, дербес қазандықты тек су жылыту үшін пайдалануға рұқсат беріледі. 

DSC 0543

Негізінде көпқабатты үйлерге дербес қазандық қоюға болмайды. Кейбіреулер оны асүйге, жуынатын бөлмеге, балконға орнатады. Бұл – ережені өрескел бұзғандық. Бүгіндері жаңадан салынып жатқан үйлердің жобасында дербес (автономды) жылыту жүйесі қарастырылуда. Ал бұрынғы орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілетін үйлерге автономды жүйе жарамайды. Бізге: «Орталық жылу жүйесін қолдансақ та, үйімізден газдың иісі шығып тұрады», – деп хабарласатындар бар. Ол иіс қайдан шығып жатыр? Демек ол пәтердің жоғары немесе төменгі қабатындағы көршісі автономды жүйені қолданатын болып шығады. Мұның дұрыс емес екендігін тұрғындарға түсіндіріп келеміз. Бірақ, заңдық тұрғыда бұл мәселені қадағалап, тиісті шара көретін арнайы мекеме жоқ. Кезінде техникалық қауіпсіздікке жауап беретін арнайы инспекция болатын. 2000-шы жылдарға дейін мұндай инспекция біздің мекемеге қарайтын еді. Ол мекеменің инженерлері мен әскери-инженерлік қызметкерлері (сапер) улану жағдайы орын алса, газды өшіретін. Барлық жұмыс қадағаланып отыратын. Инспекторлар ереже бұзушылық анықталған жағдайда абонентке әкімшілік айыппұл салатын. Алдағы уақытта «Газ және газбен жабдықтау» Заңының талабына сай осы секілді инспекция құрылғалы жатыр. Ал бүгінгі жағдайда дербес қазандық қызметін бақылап, Заң негізінде талап ету біздің құзырымызға кірмейді. 

Р.ӨСЕРБАЕВ: – Иә, бұрын газ-техникалық инспекция жұмыс істейтін. ТЖД-ның бұрынғы басшысы У.Ережеповтің кезінде де осы қызметті қайтадан енгізу мәселесі бірнеше рет көтерілген еді. Бірақ, ол мәселе әзірге шешімін таба қойған жоқ. Біздің тарапымыздан бұған байлынысты ұсыныс әлдеқашан берілген. Яғни, бұл проблема бүгін ғана көтеріліп отыр деуге болмайды.

Қымбат құрылғыны қалта көтермейді

«ШК»: – Апатты жағдайлар көпқабатты тұрғын үйде жиі орын ала ма, әлде жеке секторда ма? 

С. ИСМАЙЛОВ: – Оны бөле- жара айту қиын. Екеуінде де бірдей десек болады. Қазір облыс бойынша 307 мың абонент газ тұтынатын болса, газдандырылған көпқабатты үйлердің саны 78 мың. Негізінде апаттың бірден бір себебі – газ қондырғыларын тиісті мекеменің рұқсатынсыз, талапқа сай емес жағдайда, өз беттерінше орнатудан шығады. Мәселен, Халықтар достығы көшесінде таяуда болған апатты оқиғада анықталғандай, газ қондырғысын орнатуға біздің мекемеден рұқсат алмаған, есептеуіш құралдары сыртта тұр. Бір қазандықпен бірнеше пәтер жылытылған. Қауіпсіздік шаралары ескерілмеген. 

Р.ӨСЕРБАЕВ: – Қазір заман талабына сай техникалық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жаңа, тиімді құрылғылар шығарылып жатыр. Газ қондырғысы тұрған бөлмеде метан немесе иісті газ пайда болса, дабыл қағатын арнайы аспап бар. «Осындай аспапты қойыңыздар, бұл – өз қауіпсіздігіңіз үшін қажет», – деп тұрғындарға түсіндіріп, айтып-ақ жатамыз. Әйткенмен алатын жауабымыз біреу-ақ: «Оған мүмкіндігіміз жоқ. Өз қауіпсіздігімізге өзіміз жауаптымыз. Қазір өзімізге қолжетімдісін ала тұрсақ, алдағы уақытта көре жатармыз», -дейді тұрғындар. Оларға пәлендей талап қойып, мәжбүрлей алмайсың. Себебі, екінің бірінің қымбат қондырғы немес газ жабдығын қоюға қаржылық жағдайы көтере бермейтіні түсінікті.. 

«ШК»: – Сонда тұтынушылардың газды пайдаланудағы қауіпсіздігін қадағалау ешкімнің құзырына кірмейтін болғаны ма? Әркім өз қауіпсіздігіме өзім жауаптымын деп отыра берсе, мәселенің заңдық негізін қайдан іздейміз?

Р.ӨСЕРБАЕВ: – Әрине, кез-келген мәселенің заңды шешімі болуы тиіс. Бұл тұрғыда оған жауап беретін Заң жоқ дей алмаймыз. Алайда, ол заң біраз өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қажет етуде. Бұл салада жоғарыда айтқан газ-техникалық инспекция қызметі жетіспей жатыр. 

 

С.ИСМАЙЛОВ: – Қазір осы заңның әлжуаздығын пайдаланған алаяқтар көбейді. Жеке компаниялардың газ қондырушы мамандары көп ретте алаяқтықпен ақша табады. Ақшаны алғанмен, мұржасын тексермейді, жылыту қондырғысын бақыламайды. Сол үшін тұрғындар ондай жеке кәсіпкерлермен заңды келісімшарт түзіп, соған сай алдымен тиісті қызметін алып, содан соң ғана төлем жасап, төлемқағазын талап етсе, алаяқтың арбауына түспейді. «Сіздерге осындай қызмет көрсететін боламыз» деп алдымен ақшасын төлетіп алып, соңынан таптырмай немесе танымай кететін «компаниялар» да кездеседі.
Егер газ пайдалануға қатысты мәселелер туындаса, біздегі сенім телефоны (104) мен 92-11-77 нөміріндегі саll-орталыққа хабарласқан жөн. Сондай-ақ, түбіртек бойынша сауалдарға байланысты WhatsApp желісінде
(8-777-727-77-21) «Омега-ХХІ» тобына жазуларыңызға болады.

Бесіктегі сәбиді жасақтың жігіттері алып шыққан

«ШК»: – 8-қаңтарда Халықтар достығы көшесінде орналасқан екіқабатты жеке тұрғын үйдегі газ-ауа қосындысы салдарынан болған жарылыс кезінде оқиға орнына ОҚО ТЖД «Жедел құтқару жасағы» МКМ-сінің қызметкерлері де жедел жеткен болатын. Алайда, «Жедел жәрдем стансасының» 13-бригада қызметкерлері бірінші келіп, бесіктегі сәбиді үйінді астынан аршып алғандай болып көрсетілген бейне түсірілім әлеуметтік желі арқылы елге тарап кетті. Соны көріп, «Жедел құтқару жасағының» жігіттері сол кезде қайда жүрді?» деген заңды сауал туындаған-ды.

DSC 0499

Ғ.ДҮЙСЕНБАЕВ: – Түнгі сағат 3:56-да диспетчерлік қызметке 112-ден хабарлама түскен. Бізде кезекші диспетчер хабарламаның қашан, қайдан келгені туралы хронология жасап отырады. Оқиға орнында екі құтқару бөлімшесі, біздің бөлімнен 44 құтқарушы болды. Жігіттер 18 минутта 3 адамды үйінді астынан шығарған. Негізінде құтқару бөлімшесінің бастығы Рахымжан Бекенбаев бастан-аяқ апат орнында болды. Жедел жәрдем қызметі жақын маңда жүргендіктен, бізден сәл ертерек барған. Алайда, бес адамның бесеуін де шығарған біздің жігіттер. Үйінді астында қалған бесіктегі сәбиді алып шығып, «Жедел жәрдем» қызметкерінің қолына берген. Міне дәл осы тұстан, яғни сәбидің «жедел жәрдемшілердің» қолына тиген тұсынан бастап көрсетілген бейнежазбадан «Жедел жәрдем» қызметкерлері «батыр» болып шыға келді. Бұл арада біздің олармен таласқымыз да, қызметімізді бұлдағымыз да келмейді. Төтенше жағдай орын алғанда жедел де жанкештілікпен көмек көрсету – біздің міндетіміз. Соған сай өз міндетімізді толық орындағанымызды жақсы білеміз. Біздің негізгі жұмысымыз оқиғаны бастан – аяқ видиожазбаға түсіріп алу емес. Мұндай аласапыран кезде барлық күш ең бірінші адамның өмірін құтқаруға жұмылдырылады. Қосымша құтқару жасақтарын шақыруға 1 сағат уақыт беріледі. Олар келемін дегенше, сол жердегі құтқарушылар шұғыл іске кірісіп, біреуі үйінді астынан сәбиді шығарып жатса, енді бірі әйелді аршып алып жатқан. Жарылыс орнынан 5 адамды алып шыққан қызметкерлеріміздің өз міндетіне адалдығы мен жауапкершілігіне ешкім күмән келтіре алмайды. Бесіктің тартпасын шешіп, нәрестені алып шыққан біздің жасақтағы Руслан Әлиев деген жігіт. Ал жұртқа әлеуметтік желі арқылы таратылған бейнежазба қызметке адалдықты көрсетуден гөрі жалған жарнаманы мақсат еткені бізді қатты қынжылтты. Видеоны тиісті мақсатқа сай кесіп-кесіп жалғағаны да айқын болды. 

Жергілікті кейбір БАҚ-дың мәселенің байыбына бармай біржақты ақпарат беріп жібергеніне қарнымыз ашады. Сол ақпарат лезде республикаға тарап кетті.

Ерлікті қолдан жасауға болмайды. Ол – намыстың, адалдықтың, азаматтықтың, жауапкершіліктің үлгісі. 

Р.ӨСЕРБАЕВ: – Бұл жерде айта кететін тағы бір нәрсе – адамдардың селқостығы, немкеттілігі, иманының төмендеп кеткендігі дер едім. Оқиға барысында үй иесінен, қасындағы көршілерінен: «Мына үйде қанша адам тұрды? Қандай адамдар бар еді?» деп сұрасақ, ешкім жұмған аузын ашпады. Екіқабатты үй опырылып, адамдар үйінді астында қалды. Ол жерде темір де, топырақ пен тас та, есік-терезе, басқа заттар да араласып, миы шығып жатыр. Оның астында қанша адам қалғанын, ол үйде кімдер тұрғанын айтып, құтқару жұмысына дерек берудің орнына үйін жалға берген азамат: «Мен ештеңе білмеймін» деп басын алып қашып, безектейді. Жауапкершіліктен жалтару, «бар пәле өзімнен аулақ болса болды» деген жаныашымастық, салғырттық – кез келген жағдайда қауіпті қасиет. Келеңсіз, кесірлі жағдайлар кейде осындай немкеттіліктен туындап жатады.

DSC 0499

Жарылыс –жауапсыздық салдары

«ШК»: – Төтенше жағдайлардың алдын алу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында нақты қандай шаралар жүргізілуде?

Ғ. МҰРАТОВ: – Өткен мерзімдермен салыстырғанда тұрғындар арасында түсіндіру-насихаттау шараларын анағұрлым жоғары деңгейде ұйымдастырудамыз. Атап айтқанда, жергілікті БАҚ арқылы 141 мәрте түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мектеп ғимараттарында оқушылардың түсінік-танымын кеңейтетін ойын, байқаулар өткізуді қолға алдық. Бейнероликтер дайындалып, экскурсиялар, көрме жұмыстары ұйымдастырылды. Әр жұма сайын қала мешіттерінде имамдардың рұқсатымен, намаз алдында жамағатқа түрлі келеңсіздіктердің алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

«ШК»: – Көмекші иттердің қызметі сіздердің жұмыстарыңызға қаншалықты жәрдемін тигізуде?

 

Ғ. ДҮЙСЕНБАЕВ: – Жалпы, үлкен ауқымды қамтыған апаттар орын алған сәтте кинолог мамандардың жәрдемі аса қажет-ақ. Ал, кешегі газ жарылысының салдарынан қирандыға айналған үйдің жалпы аумағы 8,4 шаршы метрді құрайды. Онда алдымен біздер құтқарушы мамандарымыздың біліктілігіне сенім артып, құтқару шарасын өз күшімізбен атқардық. Шынында, бұл сәтте қирандының астында қалған адамдардың дыбысын не болмаса қозғалысын жедел әрі сергектікпен анықтау қажет еді. Мұндай жағдайда бізге анықтама беріп, жұмысымызды бағыттауға жәрдемін тигізуге тиіс үй иелері үйінді астында қанша адамның қалғанын айтқысы келмеді. Сондықтан үйінді астынан ең соңынан 16 жасар бойжеткенді аршып алғаннан кейін де, жұмыстарымызды ары қарай жалғастыруымызға тура келді. Себебі, біздің қолымызда нақты қанша адамның зардап шеккені туралы нақты мәлімет жоқ еді. Жігіттеріміз қирандыны түгел төңкеріп тастағанша тыным таппады.

«ШК»: – Құтқарушы қызметі – қауіпті мамандықтың бірі. Құтқару операциялары кезінде өз қызметкерлеріңіздің зардап шеккен жағдайлары болды ма?

Ғ. ДҮЙСЕНБАЕВ: – Өткен жылдың мамыр айында таулы аймақта бір жігітті құтқарып алған қызметкеріміз, өкінішке қарай, оқиға орнында өзі опат болды. Құтқарушының өмірі қиылған бұл оқиға соңғы 20 жылда орын алған бірден-бір қайғылы жағдай еді. 

«ШК»: – Жалпы, құтқарушы мамандығы қайда даярланады? Оларды арнайы жаттықтырып немесе үйрететін орын бар ма?

 

Р.БЕКЕМБАЕВ: – Құтқару қызметіне тек кәсіби білімі бар азаматтар ғана қабылданады десек, дұрыс айтпағандық болар. Себебі осы салаға ықылас-ынтасы бар әр азамат құтқарушы қызметіне келе алады. Бұл үшін соған қызығушылық танытқан азаматтар қатаң тексерулерден, дайындықтардан өтеді. Арнайы құрылған комиссия оның денсаулығы мен қабілетін толық зерделей отырып, сертификат береді.

Оңтүстік өңірі бойынша мамандар даярлауда М. Әуезов атындағы ОҚМУ және мамандандырылған колледжінде арнайы факультет бар. Ал негізгі мамандар Көкшетау қаласындағы арнайы училищеде оқытылады. 

«ШК»: – Кеңес Одағы кезінде газбен қамту, техникалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және бақылау жұмыстары орталықтандырылған жүйеде бір ғана мекеменің құзырында болатын. Қазір бұл салада қызметін ұсынатын жеке кәсіпкерлік мекемелер көбейді. Ал оның өзіндік тиімділігі бар ма?

С. ИСМАЙЛОВ: – Бүгінде халыққа қызмет көрсететін коммуналдық құрылымдардың барлығы да «еркін нарық» жағдайында жұмыс істеуде. Мәселен, өз тарапымыздан айтар болсақ, келісімшарт негізінде қызметкерлерімізге 8 сағаттық жұмыс күніне есептелген жалақы төленеді. Еңбек туралы заңға сай жұмысшыларға одан артық уақытқа қосымша міндеттемелер жүктей алмаймыз. Яғни, өңірдегі 308 мың абонент үшін бар болғаны 150 қызметкеріміз есепті уақыт ішінде міндетін атқарып шығуға тырысады. Түбіртек таратады, есептеуіш көрсеткіштерін жазып алады. Одан арғы әрбір үйдің техникалық қауіпсіздік жағдайын саралауға олардың мүмкіншілігі жоқ. Бұл ретте, әр абонент ақылы түрде арнайы келісімшарт негізінде жеке коммерциялық құрылымдардың қызметін пайдалана алады.

 

Р. ӨСЕРБАЕВ: – Жалпы кез-келген жұмыста, қайсыбір мәселеде болмасын ең зиянды, ең кесірлі жағдай адамдардың салғырттығынан туындайтынын бүгінгі әңгімеміздің негізгі түйіні ретінде баса айтқым келеді. Тұрмыс –тіршілігіміздегі, қоғамдық өміріміздегі барлық саланың қызметі адамдардың игілігі үшін жасалады. Газ да, су да, жылу да, электр қуаты да халықтың коммуналдық тұрмысына қолайлылық, жайлылық, жеңілдік туғызу мақсатында пайдаланылады. Ал олардан қауіпті жағдай туғызу адамдардың өзіне, яғни жауапсыздығына, салақтығына байланысты орын алып жатады. Мәселен, қарапайым ғана пеш мұржасын уақытылы тазалап тұрмаудың салдарынан, күл мен қаққа толған құбыр жарылыс беруі әбден мүмкін. Көп адамдар немқұрайдылығымен көмірмен жағып келген пешіне газ құрылғысына жалғап алады. Су жылытқыш құрылғысын бірнеше жерден жалғап, үйді жылытуға пайдалану арқылы өз өміріне үлкен қатер тудырады. Осының салдарынан, улы газдың ауаға тарау дерегі жиі кездеседі. Айта кететін жәйт, ауаға 5 пайызға дейінгі мөлшерде газ араласар болса, ол бірден жарылыс береді. Газ мөлшері одан асып кетер болса, өрт лаулайды. Адамдардың салғырттығы дегеннен шығады, күні кеше орын алған келеңсіз жәйтті тағы бір саралап өтер болсақ, үйінді арасынан иранның тасты пешінің қалдықтары анықталды. Қазіргі таңда, жарылыстың басты себебі ретінде, пештің дұрыс жағдайда орналастырылмағаны болжануда. Яғни «газ қауіпті ме, салғырттық қауіпті ме?» деген сауалдың жауабын осындай төтенше жағдайлардың мысалынан-ақ табуға болады.

«ШК»: – Ия, біздің бүгінгі басқосудағы әңгімеміздің негізгі мақсаты да осы еді. Төтенше, қауіпті жағдайлардың алдын алу, сақтық шараларын ескеру әркімнің өмірінің кепілі екенін түсіндіру. Бұл тұрғыдағы мәселені біршама саралаған сияқтымыз. Одан ой түйіп, сана сарабына салуды әрине, әрбір тұрғынның түйсік-түсінігіне қалдырайық. Ал сіздерге маңызды, мазмұнды әңгімелеріңіз үшін үлкен ризашылығымызды білдіреміз.

«Дөңгелек үстел» басындағы әңгімені жазып алған:
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ,
Жеңісбек КОЛХОЗОВ

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.