Белгілі режиссер Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» кинокартинасы – қазіргі ұлттық кинематографиядағы ең айтулы қойылымның бірі. Таяуда Шымкенттегі «Көрме» орталығында аталған тарихи драманың премьералық көрсетілімі өтті.
Көркем фильм ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ мен «Жаңа әлем продакшн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен бірлесіп түсірілген.
«Анаға апарар жол» – көптеген өмір сынақтарынан өткен адамның тағдыры туралы әңгімелейді. Барлық қиындықтарды жеңуге оған ана махаббаты күш береді. Кейіпкердің өмір жолы арқылы картинада қазақ халқының тарихи кезеңдері көрсетілген.
Басты кейіпкер Ілияс (Әділ Ахметов) пен анасының (Алтынай Нөгербек) арасындағы ұлы сезім олардың басына туған барлық қиын күндерді артқа тастап, қайта қауышуына себепші болады. Фильм 1930 жылдан бастап қазірге дейінгі аралықты қамтиды. Мұнда халықтың басынан өткен қиын-қыстау кезеңдер (ұжымдастыру, жұт, соғыс жылдары) басты кейіпкерлердің тұрмыс-тіршілігі арқылы беріліп отырады. Фильм өмірлік құндылықтардың бағасын пайымдап, айналаға деген көзқарасты қайта зерделеуге жол ашады.
Тарихи драманың түсірілімі Қазақстан, Беларус, Әзірбайжан жерінде өтсе, Минскіде әскери кезеңнің эпизодтары түсірілді. «Днепрді алу» кезіндегі қанды қырғынға 500-ден астам адам, 300 әскери техника, сондай-ақ кәсіби каскадерлер мен пиротехникалық заттар қолданылды. Жалпы картинаның жұмысына бас-аяғы 2 мың адам қатысқан. Басты рөлдерді Алтынай Нөгербек, Әділ Ахметов, Аружан Жазылбекова және Еркебұлан Дайыров сомдайды.
Қазіргі таңда аталған фильм Шымкент кинотеатрларында күнделікті көрсетілуде.