Көмек мөлшері көтерілді Избранное

Пятница, 10 Май 2024 05:42 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 287 раз

Сегізінші шақырылымдағы Шымкент қаласы мәслихатының кезекті он алтыншы сессиясы өтті. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысқан сессия отырысына әкім аппараты, аудан әкімдері, тиісті басқарма басшылары, БАҚ өкілдері қатысты. Сессияны мәслихат төрағасы Бахадыр Нарымбетов ашып, регламентке сәйкес күн тәртібіндегі мәселелерді қарады. Күн тәртібіне шығарылған мәселелер алдын-ала кестеге сәйкес, тұрақты комиссия мүшелері тарапынан қаралып, тиісті басқарма басшыларының есебі тыңдалды.

Sessia

 

Шымкент қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ерлан Есқараев 2024- 2026 жылдарға арналған бюджет туралы баяндады. Биылғы жоспарлар мен соған керекті қаржыны бекіту бойынша бірқатар ұсыныс айтылды. Қала бюджеті нақтыланып, шығыстар анықталды. Сондай-ақ, «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша міндеттемелерді қабылдау» туралы шешімге өзгеріс енгізу бойынша қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының ұсынысы тыңдалды. Осы басқармаға қарасты аймақтарды, су арналары мен каналдар бойынша арнайы комиссия құрылып, түйінді мәселелер айтылды.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе «Шымкент қаласында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы» Шымкент қаласы мәслихатының 2024 жылғы 19 наурыздағы №14/123-VIII шешiмiне өзгерістер енгізу туралы Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өмірсейітқызы баяндады. Алдағы жоспарлар бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерін белгілеуде өзгерістер қала әкімі мен халық қалаулылары тарапынан қолдау тауып, оң шешілді.
Атап айтар болсақ, 15 ақпан – Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылған күніне орай Ауған соғысы ардагерлеріне – 45 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде; 26 – сәуір Чернобыль атом электр станциясы апатының құрбандарын еске алу күніне орай, аталған санаттағы апаттың салдарынан жапа шеккен адамдарға – 45 АЕК мөлшерінде; 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге – 45 АЕК мөлшерінде;
9 мамыр – Жеңіс күніне орай Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне – 542 АЕК мөлшерінде; еңбек ардагерлеріне –
15 АЕК мөлшерінде; 29 тамыз – Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күніне орай ядролық сынақтар салдарынан мүгедектік белгіленген адамдарға, сондай-ақ ядролық сынақтарға тікелей қатысқан адамдарға – 45 АЕК мөлшерінде; 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы оқиғаға қатысып, Қазақстан Республикасының «Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» Заңында белгіленген тәртіпке сәйкес ақталған тұлғалар ішінен саяси қуғын-сүргін құрбандарына – 65 АЕК мөлшерінде көтеру ұсынылды.
Сонымен қатар, жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға Қазақстан Республикасы шегінде санаторийлік-курорттық емдеуде бірге алып жүру бойынша қызметтер көрсететін адамға (жеке көмекші) 40 АЕК мөлшерінде әлеуметтік көмек түрі және Шымкент қаласы прокуратурасы мен қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру бойынша құрылған Шымкент қаласы әкімдігінің жанындағы консультациялық-кеңесші органының ұсыныстары бойынша жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстыру не тағайындалған жаза мерзімін қысқарту түрінде пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға 10 АЕК мөлшерінде әлеуметтік көмек көрсетілетін болады. Әлеуметтік көмек бір рет беріледі.
Сессия соңында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков сөз сөйлеп, депутаттарға атқарылған жұмыстары үшін алғыс айтып, айтылған ескертулер мен ұсыныстар назарға алынатынын айтты.

Салтанат ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.