Шағын кәсiптiң шынайы қолдаушылары

Среда, 27 Июль 2016 05:32 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4254 раз

Кәсіпті дөңгелетіп әкету үшін оның қыр-сырын меңгеру керек. Бастапқыда қиындықтар кезігер. Бастысы, жобаңызды тереңінен зерделей біліп, қаржыны мақсатты жұмсай білсеңіз, еңбегіңіз зая кетпесі анық. Бүгінде кез келген қарапайым шаруа үшін «Ырыс» микро қаржы ұйымы қол болып тұр. Жеңілдетілген пайыз несиелерін алып, жұмыс істеп жатқандар көп. Шымкент қаласының тұрғыны Мамырхан Нұрлыбай таяуда ұйымнан 12 млн теңге несие алып, мал бордақылау кәсібін бастады. Тәуекел еткен. Алдағы жоспарлары ауқымды.

«Ырыс» арқылы ырысқа кенелген

DSC00024

«Ырыс-Нұр» жеке кәсіпкерлігі ата-бабадан мұраға қалған кәсіпті дамытуды қолға алыпты. Басты меже – жылына 35 тонна ет өндіру. Таңдау төрт түліктің ішіндегі жылқыға түскен. Ата-бабаларымыздың түліктің ішіндегі ең жақсы көргені де жылқы. Әрі тазасы. Ішсең сусын, кисең киім. Мінсең көлік.

DSC000471«Бозарық» шағынауданы, 335 учаскеде орналасқан жылқы фермасына барып қайттық. Ауданы 1400 шаршы метр ферма 300 жылқыға арналып салыныпты: жылқыларды бордақылауға да, сүтті биелерді саууға да арнайы орын бөлінген. Барлық жағдай қарастырылған. Қазір бұл жерде 45 бас жылқы бар. Бордақыға байланғандарына бір ай он күн болған.
– Несиені 5 жыл мерзімге берді. Жалпы, ол қаражатқа 48 бас жылқы сатып алдық. Қазір жылқылардың біразы тауда. Еті қоңдылары. Арығандарын осында бағып жатырмыз. Бәрі – 81 бас. Басты мақсатымыз – жылқылардың басын көбейте беру. Жасына қарай әрқайсысының бағасы әр түрлі. Бұларды қыркүйектің аяғынан бастап, Манкент, Сайрамдағы мал сою орталықтарына апарып өткіземіз, – дейді кәсіпкер жұмыстың негізгі бағытымен таныстырып.
Мұнда толық инфрақұрылым жүргізілген: жол салынып, жарық, су келіп тұр. Жұмысшылар үшін ешқандай мұқтаждық жоқ. Қазір 4 адам ауысымда жұмыс істейді. Әрбірі 50 мыңнан 95 мың теңгеге дейін жалақы алады.
Төлем кестесіне сәйкес, әр алты айда бір рет несиені құюы тиіс. Сол себепті жұмысты ширату керек. Екі жылдың ішінде төлеп, ары қарай қаржыландыратындай жағдай болса, тағы несие алмақ. Қаржы көбейетін болса, мал басын ұлғайта бермек.
Нысанның қала маңынан салынуының да өз себебі бар. Себебі, қала халқы жылқыларды базардан алғанша, осы жерден арзандау бағада алса деген ниет. «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалау».
Кәсіпкерлер келешекте жанына тағы осындай орын қосуды жоспарлап отыр. Сауын жылқыларын әкеліп, қымыз өндірісін де дамытпақ. Оның үстіне, бағаны аспандатып, қиындықтар тудырып жатқан делдалдардың жұмысын да реттеу керек. Өйткені, қымыз қолдан қолға өткеннен кейін бағасы аспандайды.

Мал сою бекетi керек

Келешекке жоспарланған тағы бір жобаның бірі – мал сою бекетін салу. Бұл – табысты екі есе арттырудың төте жолы. Ол үшін мұздатқыш болу керек. Жұмысшылардың жуынатын, киінетін орыны болуы тиіс. Бұл мақсатта тағы да несие алуды көздеп отыр.

DSC00045

– Мал соятын орталық ашу – көптен бергі арманым. Бір жылда 350-400 бас мал тұратын болса, қаражатты айналдыруға мүмкіндік бар. Базарға барсаң етті 1400-1500 теңгеден аласың. Егер жоба іске асатын болса, халыққа тиімді болар еді. Халықтың бәрінің жағдайы келе бермейді ғой. Мал сою бекеті қаржыға байланысты. Қосымша 1,5 гектар жеріміз бар. Оны да демалыс орны етіп, кез келген адам сейіл құрып кете алатын жағдай жасасақ. Яғни, биелерді қатар қойып, қымыз орталығын ашу. Қазір саумалдың бір литрі – 900 теңге болып жатыр. Неге осыны қарапайым халыққа қолжетімді
етпеске?! – дейді өзі.

Қасапшылар қалай қызмет етiп жүр?

IMG 3923

Мамырхан Нұрлыбай Бәйдібек ауданында туған. 1988 жылы ең алғашқы кооператив құрғандардың қатарындағы азамат. Содан кейін 1991 жылы облыс бойынша жерді мақсатты игеріп, егін еккендердің бірі.
Кәсіп осылай басталды. Жылқының қасиетін ертеден білгенбіз. Өйткені, біздегі жылқылардың көбісі Жабы, Адай және Қарабайыр жылқылары. Неғұрлым жылқы үлкен болса оның етінің құнары нашарлау келеді. Орталау болып, тығыз болған жылқының еті тәтті болады.
Осыны айтқан кәсіпкер азамат қасапшылар мәселесін де қозғап өтті. «Мен қасапшыларды көремін. Адал сойып жүр. Баяғыда КСРО кезінде жылқы, ет соятын орынға кіріп бара жатқанда бұқалардың маңдайынан бір ұратын. Құлатып барып, бауыздайтын. Қаны толық ағып біткеніне мән бере бермейтін. Қазір олай емес. Өзіміздің дәстүріміз бойынша, мұсылмандық рәсімде сойылады», – дейді.
Мал союдың мәдениетін жетілдіру керек. Елімізде еттің сапасы жақсы. Қолдан жасалған дәрумендерден гөрі табиғи түрде семіртуді қолай көреміз. Негізінен, бидай жеген малдың еті тығыз болады. Шаруақор Мамырхан аға осындай ойларымен де бөлісті.
Мал бордақылау бағытында өнімді еңбек етіп келе жатқандардың бірі – «Мүталиева» жеке кәсіпкерлігі. Жанар Мүтәлиева Бадам-2 елдімекенінде етті бағытта кәсіп ашып, дөңгелетіп отыр. Олардың жоспары – жылына 10 тонна ет өндіру. Мамыр айында 36 ай мерзімге 5 млн теңге несие берілген. Яғни, кәсіпкерлер қосымша 23 бас жылқы сатып алыпты. Қазіргі таңда жылқы малын бордақылап, алдағы уақытта оның басын көбейтпек ниетте.

Жоба арқылы 11 586 адам жұмыспен қамтылды

DSC00016

Елбасымыздың кәсіпкерлікті қолдау және дамытуға байланысты саясатын іске асыру мақсатында облысымыздың басшылары жергілікті бюджет есебінен қаржы бөлдіріп, бүгінде «Ырыс» мекемесі арқылы заңды тұлғаларға, жеке кәсіпкерлерге, шаруа қожалықтарына өз кәсіптерін бастауға және әрі қарай дамытуға арзандатылған, қолжетімді несие беруде.
«Ырыс» микро қаржы ұйымы 2009 жылы «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығының еншілес мекемесі болып құрылған. Ұйымының негізгі мақсаты – Оңтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік бағыттағы салаларын несиелендіру арқылы өңіріміздегі кәсіпкерлікті дамыту.
Мекеменің қаржыландырудағы басым бағыттары: Мал бордақылау алаңдарын құру; Жанұялық тауарлы-сүт фермаларын құру; Жылыжай шаруашылығын дамыту; Ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу; Әлеуметтік маңызы жоғары жобаларды қолдау (бала-бақша, спорт кешендері, асхана т.б.); Көктемгі егін егу және жинау жұмыстарын ұйымдастыру.
Жалпы 2009-2016 жж аралығында жалпы сомасы 20,7 млрд теңгені құрайтын 13085 жобаны қаржыландырды. Соның нәтижесінде облыс бойынша 11 586 адам жұмыспен қамтылған.
Оның ішінде мал шаруашылығын дамыту бағытында 2009-2016 жылдар аралығында жалпы сомасы 14,4 млрд теңгені құрайтын 8 211 жоба қаржыландырылды. Атқарылған жұмыстың нәтижесінде 75 мыңға жуық бас мал бордақылау арқылы 63 мың тоннаға жуық ет өнімі шығарылды.
2016 жылдың 6 айындағы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде мал бордақылау алаңдарын салу үшін 867,65 млн теңгеге 331 жобаға қаржы бөлінді. Сондай-ақ, шағын тауарлы сүт фермаларын ашу мақсатында құны 55,3 млн теңгеге 23 жоба іске асты.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.