«Өнiмдерiмiз шетелдiкiнен кем емес»

Пятница, 24 Июнь 2016 06:43 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4700 раз

Қазір жадыраған жаз айы. Бұл мезгілде көпшілік үйлеріне жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Баспана құрылысының қызған шағы да осы кез. Айтпағымыз, соңғы уақытта қаламызда жекеменшік үйлерге орнатылатын қақпаларға сұраныс артқан. «Осы дүниелерді кім және қалай жасайды?» деп әр есіктің алдына тұрып тамсанатынымыз бар. Жуырда шаһарымыздағы қақпа жасайтын белгілі ұсталардың бірі Ғалымжан Исақұловпен кездесіп, шеберлік сырлары төңірегінде сыр тартып көрдік.

DSC 0966

– Ғалымжан аға, қарамағыңызда төрт адам жұмыс істейді екен. Ұсталар арнайы оқу орнында оқыған ба?

– Дәнекерлеуші мамандығын жетік меңгермесе, кез келген ұстаның қолыннан қақпа жасау келмейді. Алайда, оқымай жұмыс жасап өз бойындағы дарынымен ерекшеленетін ұсталар ілуде біреу кездеседі. Бұл мамандыққа да үлкен жауапкершілік керек. Арнайы білімінің бар-жоғына қарамай, жұмысқа аларда кез келген ұстаны сынақ мерзімімен қабылдаймын.

– Дизаин жағына кім жауап береді? Шетелдерден аласыздар ма әлде өз қиялдарыңыздан туған дүние ме?

– Алғашында қазақтың түрлі ою-өрнектерінен ала бастадық. Ал қазір интернеттің, әлеуметік желінің дамуына байланысты түрлі дизаиндарды көңілге қонарлықтай етіп ұсынып жатырмыз. Кейде ұсыныс жасаушының қалауы бойынша өз дәрежесінде жасап шығарамыз. Түрлерін атап өтсем, қақпалар транспорт түріне және жүктің көлеміне қарай әр түрлі болады. Жасалуына қарай олар топсалы, ысырмалы, көтермелі, ашық және жабық т.б. болып бөлінеді. Әр түрлі қоймалардың, гараждардың, фабрика-зауыттардың қақпасын қажеттеріне қарай бір немесе екі-үш қабат етіп жасаймыз.

DSC 0971

– Бір қақпаны жасау қанша уақыт алады және бір айда оның қаншасы сатылады?

– Бір қақпаны бір-екі аптада бітіруге болады. Кейде қиындықтармен біраз уақыт жүріп қаламыз. Сатылым жасау жағы әртүрлі. Кейде бір айда 5-6 қақпа сатылады. Өнімдеріміз шетелдікінен кем емес. Ең бастысы, тұрғындар тарапынан жұмысымызға сын айтып жатқандар әзірге кездескен жоқ.
 
– Көбіне қай жақтың тұрғындары тапсырыс береді?
 
– Өзіміздің  Шымкенттен. Сосын Қызылорда, Жамбыл, Алматы және басқа да қалалардан тұрақты ұсыныстар келіп жатады. Сонымен қатар, аудан әрі кішігірім ауылдардан да сұраныстар түседі. Қақпаның бағасын қарапайым халық үшін тиімді етуге тырысамыз. Жыл он екі ай бойы халықтан жиі тапсырыс түседі. Жазғы маусымда бұл көрсеткіш екі есеге ұлғаяды. Жұмысшылардың жалақысы еңбегіне сай төленеді. 
 
– Әңгімеңізге рахмет!
 
 

Айнұр ШАРАСУЛОВА,
Қ. Ясауи атындағы ХҚТУ-нің студенті

Последнее изменение Пятница, 24 Июнь 2016 10:04
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.