Ата-ана, балаңыз қайда жүр?

Пятница, 24 Июнь 2016 06:48 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 7419 раз

Кәмелетке толмағандар жасаған қылмыс қашанда өзекті. Бұл – тәртіп сақшылары мен ата-ана, сондай-ақ, мектеп ұстаздары үшін бас ауыртар мәселе болып отыр. Биыл Шымкентте 5 айдың ішінде жасөспірімдер тарапынан 97 қылмыс жасалса, өткен жылы бұл көрсеткіш 101-ді құраған. Салыстырмалы түрде азайғанымен, бұл жағдай жыл он екі ай күн тәртібінен түскен емес.

Төрт мектеп директорына сөгiс берiлдi

Қазақта «баланы жастан» деген мақал бар. Бойына тәрбие мен бар жақсылықты сіңіретін кезде тура жолдан адастырмай тәрбие беру ең алдымен ата-анасының, қала берді күнделікті араласатын ортасының әсер етпей қоймайтынын жақсы білеміз. «Қайтсек балаға жақсы тәрбие беруге болады немесе оларды қылмыстан қалай сақтандырамыз?» деген сауал күн өткен сайын маңызын арттырып келеді. Өкінішке қарай, тәртіп пен тәрбиені ысырып қойып, әлдебіреулерге соқтықпаса жүре алмайтын жасөспірімдер көп. Осыдан барып мектеп ішінде әлімжеттілік, қысым көрсету секілді келеңсіздік белең алып бара жатқаны да рас. Бірде-бір ата-ана өзінің ұл-қызын жаман болсын деп өсірмейді. Енді статистикаға көз жүгіртсек. Шымкент қалалық Ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары Алмас Мырзахметовтың айтуынша, жасөспірімдер тарапынан ұрлық, тонау, адам өміріне қасақана зиян келтіру, ауыр дене жарақатын салу, қарақшылық пен төбелесу секілді теріс қылыққа жол береді. Соның ішінде біреудің затын ұрлау мен мүлкін тонау жайттары жиі кездеседі. Мәселен, биыл 5 айдың ішінде ұрлықтың 31, ал тонаудың 14 жайты тіркелген. Бұл статистиканы үлкен дабыл ретінде қабылдайтын ата-ана үшін болашағынан зор үміт күтетін баласының тәрбиесіне тағы бір үңіліп қойған артықтық етпес. Қаладағы төрт ауданның ішінде жасөспірімдер тарапынан жасалынатын қылмыс саны жағынан Әл-Фараби ауданы көш бастап тұр. Өйткені, онда халық саны көп, ойын-сауық орындары, мектептер мен орта арнаулы және жоғары оқу орындары көптеп орын тепкен. Оған қоса «тоғыз жолдың торабы». Ал салыстырмалы түрде алғанда Қаратау ауданында әзірге қылмыс саны аз. Дегенмен, онда да ұрлық тыйылмай тұр. Аталған қылмыстардың басым бөлігі, яғни, 51-і мектеп оқушылары тарапынан жасалынған. Ал қалғаны колледж және ЖОО студенттеріне немесе еш жерде оқымайтындарға тиесілі. Мектеп оқушылары жасаған қылмыс түрлері қалалық білім бөлімі тарапынан зерделеніп, ҚР-ның қолданыстағы заңнамалары аясында 4 мектеп директорына, олардың тәрбие ісі жөніндегі 12 орынбасарына, 9 педагог-психологқа және 18 сынып жетекшілеріне тәртіптік шара қолданылған.

img 67602

Ең алдымен ата-ана жауапты

Жыл басынан бері мамандар тарапынан күндізгі және түнгі рейд жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілсе, жаз айларында күн сайын өткізілуде. Мәселен, қаңтар мен мамыр айлары аралығында кәмелетке толмаған балалар арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың, қаңғыбастық пен панасыздықтың және есірткі тұтынудың алдын алу бойынша 84 рейд өткізілген. Күндізгі рейдтің өзінде 68 жасөспірім, ал түнгі рейдте 132 кәмелетке толмаған балалар анықталды. Олардың 61-і ОҚО кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылса, қалғаны тұрғылықты мекен-жайлары бойынша жеткізіліп, ата-аналарына тапсырылды. Түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Шымкент қалалық Ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары Алмас Мырзахметов жуырда ғана «Жазғы демалыс» алдын алу іс-шарасы кезінде саябақтарда, ойынханалар мен кафелерде ата-анасыз жүрген балалар көптеп анықталғанын айтты. Соның салдарынан балаларын бей-берекет жіберген ата-аналарға әкімшілік шара қолданылды. 

– Баланың әрбір әрекетіне ата-ана жауапты. Түнгі уақытта далаға шыққан бала міндетті түрде бір нәрсеге ұрынады. Ал оны іздемей, ата-анасы қайда қарап отыр? Мысалы, жасөспірімдердің кейбірі түнімен көлік жуады, кафеде жұмыс істейді. Рейд кезінде оларды үйіне әкеліп, «неге балаларыңызды қадағаламайсыздар?» десек, «ақша тапқаны жақсы емес пе?» деген жауапты жиі естиміз. Естеріңізде болсын, жасөспірімдерге жалданып жұмыс істеуге заңмен тыйым салынған. Түнгі уақытта яғни, 22.00 мен таңғы сағат 6.00-ге дейін бала заңды өкілінсіз жүрсе, онда олардың ата-анасына 3 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Жасөспірімдер үйінен алыс жерде жүрсе, заңды өкілдеріне ескерту жасалынады. Ал бір жылдың ішінде тағы да қайталанса 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салыну көзделген. Қазір жазғы демалыс кезінде ойынханаларда балалар күні-түні отырады. Оларды іздеп жатқандар шамалы. Бұл кезде ойынхананың әкімгеріне де ескерту жасап жатырмыз. Шымкентте 165 қолайсыз отбасы тіркелген. Ал есепте 274 жасөспірім тұр. Олардың басым бөлігі тұрмысы нашар отбасынан шыққан, сабақ үлгерімі нашар оқушылар. Бала тәрбиесімен мүлдем айналыспайтын отбасылардың бары өкінішті. Мысалы, «Қайнарбұлақ» саяжайында Микашновтар отбасында 6 жасөспірім бала бар. Шешесі жұмыссыз, өзі ішімдікке әуес. Үй ішінің жағдайы адам төзгісіз. Ал балалары көшеде қайыр сұрап жүреді, – дейді А.Мырзахметов.

Кейбiр мектептерде инспектор жоқ

– Тәртіп сақшыларының айтуынша, жасөспірімдердің жұмысымен айналысатын инспектор жеткіліксіз. Талап бойынша, әр мектепке бір инспектордан бекітілуі тиіс болса, қаладағы кейбір мектептерде бұл маман мүлдем жоқ. Олар таңның атысы, күннің батысы мектептің іші-сыртындағы жағдайды бақылап, тәртібі нашар оқушылармен күнделікті жұмыс жүргізуі қажет. Қазір оқушылар арасында тәртібі нашар жасөспірімдерді «қиын балалар» деп атау дәстүрге айналған. Міне, сол балаларды тәртіп тезіне салу инспекторлардың міндетінің бірі, – дейді Шымкент қалалық ІІБ бастығы, полиция полковнигі Арман Бейсенбаев. Оның айтуынша, қалада халық өсімі байқалады. Сондықтан, басқа облыстарға қарағанда бізде маман тапшылығы сезіледі. Шымкентте 142 мектеп бар болса, соның 99-ында ғана мектеп инспекторы жұмыс істейді. Расында да, кейде бала өзі жасаған әрекетінде қылмыстық құрамның барын білмеуі мүмкін. Кейбірі әдейі барады. Мысалы, телефонды өзгеден алып қою – тонауға жатады. Осының қылмыс екенін түсіндіретін мектеп инспекторы.

Үйiрмелер жеткiлiктi, бiрақ...

Мамандар кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың көп болуын бос уақытты тиімді пайдаланбау салдары деп түсіндіреді. Бала мектептен соң үйірмеге қатысып, қала берді үй шаруасына көмектесуге қажет екенін сезінсе, теріс әрекетке мойын бұруға шамасы да келмейді екен. Осы орайда, мектептен тыс 9 мекемеде 44 мыңнан астам оқушы түрлі үйірмелермен қамтылған. Сонымен қатар, 15 аула клубы, білім беру мекемелеріндегі 1654 үйірме, спорт мектептері және жекеменшік үйірмелерде балалар қабілеттеріне қарай бос уақыттарын тиімді пайдаланады. Ал жаңа оқу жылынан бастап, қалалық денешынықтыру және спорт бөлімі тарапынан кешкі сағат 21.00-ге дейін жұмыс істейтін спорттық үйірмелер ашылмақ. Осы ретте қалалық мәслихаттың депутаты, қалалық ата-аналар комитетінің төрағасы Ермек Дәрменов мектеп, мұғалім, ата-ана арасындағы байланысты күшейтіп, баланың бос уақытын дұрыс өткізу мақсатында арнайы жоспар жасалынып жатқанымен бөлісті. Оқушылар күзде сабаққа келген сәтте, сол жоспар бойынша әрекет жасалатынын айтты.
– Сынып жетекшісі оқушыларының үйірмеге қатысатынын немесе уақытын бос өткізетінін білуі тиіс. Сабақтан тыс уақытта сол балалармен сөйлесуі керек. Олардың ата-анасымен ақылдасып, баланың қабілетіне қарай үйірмеге тарту қажет. Кейбір ата-аналар «баланың бос уақыты болмауы тиіс» деп асыра сілтеп, бір емес бірнеше үйірмелерге тықпалайды. Бұған мен үзілді-кесілді қарсымын. Бұлайша баланың психологиясына кері әсер етеміз. Тағы бір өзекті мәселе – ғаламтор мен әлеуметтік желі. Соның салдарынан баланың қаншама уақыты босқа сарп етіледі және денсаулығына нұқсан келеді. Бала күн сайын әлеуметтік желіге кірмесе «ауыратын» болады, – дейді Е.Дәрменов.
Қалада балаларды түрлі өнерге баулитын үйірмелер көп. Солардың бірі – жастардың уақытын тиімді ұйымдастыру орталығы. Осы мекеме директорының орынбасары Бақытжан Мұстафаевтың айтуынша, онда 40-тан астам үйірме бар. Орталықта 3500-ден астам балаға 60 мұғалім дәріс береді. Тіпті, «Ертегілер әлемі» атты қуыршақ театры да жұмыс істейді. Дарынды да өнерлі балалар шетелдерге барып, түрлі жарыстардан жүлдемен оралуда.

«Бала кiмдiкi»?

Қалалық білім бөлімі тарапынан ата-ананың бала тәрбиесіне қаншалықты мән беретінін білу үшін арнайы сауалнама өткізіліпті. Оған 2000-нан астам ата-ана қатысқан. Қалалық білім бөлімінің бас маманы Исақ Асанов сауалнама нәтижесі бойынша, әке-шешенің 59 пайызы балаларына өте аз көңіл бөлетіні, 73 пайызы балаларымен өте аз сырласатыны, ал 5 пайызы перзентінің ішкі дүниесіне мүлдем үңілмейтіні анықталғанын айтты. Сауалнамада кейбір ата-аналардың баласының досы кім екенін білмейтіні және мектеп сөмкесін тексермейтіні мәлім болған. Ең сорақысы, ата-ананың 63 пайызы баланың кешкі мезгілде қайда және кіммен жүргенін қадағаламайды екен.
– Бұл деректер баланың тағдырына алаңдауға басты негіз. Осы ретте еліміздегі қолданыстағы заңнамаларға сәйкес, бала мен ата-ананың жауапкершілігі мен міндеттері жазылған 25 мыңнан астам кітапшалар шығарылды. Олар халық көп шоғырланған базарларда, ойын-сауық орталықтары мен ойынханаларда таратылды. Сондай-ақ, прокуратура, ішкі істер, үкіметтік емес ұйым өкілдерінің қатысуымен 400-ге жуық кездесулер мен семинарлар өткізілген. Тәртібі нашар 120 жоғары сынып оқушысы «ашық сот» процестеріне қатысты. Қазіргі кезде «шок терапия» әдісі жиі қолданылады. Осы ретте 320 оқушы жабық мекемелерге барып, жазасын өтеушілердің өмірімен танысты. Арнайы роликтер дайындалып, банерлер ілінді. Мектептерде тыйым салынған сайттарды пайдалануды алдын алу үшін информатика пәнінің мұғалімдеріне аптасына 2 рет сайттарды қадағалау жүктелген, – дейді И.Асанов.
Қорыта айтқанда, тәрбие – отбасынан басталып, мектепте жалғасын табатынын ұмытпағанымыз жөн. Ақпарат ағыны көп заманда баланы теріс жолдан, теріс қылықтан аман сақтаудың бір ғана жолы бар. Ол – әке мен ананың бала тәрбиесіне жұмыла араласуы. Қазіргі кезде «жұмысбастымын, шаршадым, уақытым жоқ» деген секілді уәждердің салдары біз қозғаған мәселеге қайта алып келмесіне кім кепіл?

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.