Талайға өмiр сыйлаған

Среда, 22 Июнь 2016 10:42 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 3857 раз

Аурудың алдын алсаң аман жүресің. Бұл – медицина мамандарының басты қағидасы. Ал әр науқастың сырқатын танып, асқынуды болдырмау дәрігердің міндеті. Олардың қиын сәтте науқас үшін шешім қабылдап, тәуекел жасайтыны ерлікпен тең десек те болады. Білікті дәрігерлерден құралған Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасында тұрғындардың денсаулығы үшін қызу жұмыс бір сәтке толастаған емес. Талай жанға араша болып, өмір сыйлаған, талай сырқаттың денсаулығын түзеген ауруханада болып, тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік.

DSC 0012

Біз ауруханаға келгенімізде қарбалас сәттің үстінен түстік. Дәрігерлер науқасты қабылдап жатыр екен. Аяғы ауыр әйелдің жағдайы қиын. Сырқат дереу жан сақтау бөліміне жеткізілді.Енді оны дәрігерлер ауруын анықтап, барлық тексерулерден өткізеді. Қажетті ем жүргізеді. Жансақтау бөлімінен кейін жағдайына қарай бөлімге ауыстырылады. Ал таңертең түскен кісінің жағдайы тіпті қиын. Оның екі аяғын пойыз басып, ауыр халде ауруханаға түскен. Ес-түсін білмеген науқасты дәрігерлер ота залына алып кетті. Қабылдау бөлімінің меңгерушісі Сәбит Байбосыновтың айтуынша, ауруханада 180 дәрігер (жоғары санатта – 47, бірінші санатта – 59), 395 мейірбике жұмыс істейді. Күніне 200-ге жуық сырқат медициналық көмекке жүгінеді. Тәулігіне 24 сағат, аптасына 7 күн дамылсыз жұмыс істейтін бұл бөлімнің жұмысы оңай емес. Ал аурухана есігі жедел жәрдем көлігі мен жағдайы ауыр науқастардан босамайды. Мұнда әр бөлімнен жасақталған бригада бар. 

– Бізге облыстан келетін науқастардың саны артуда. Аурухана жедел қызмет көрсетуге арналғандықтан мамандарымыз күн сайын табандарынан тік тұрып, ота жасайды. Өйткені әрбір науқас күрделі сөзжұмбақ секілді. Ең ауыры...өмірі қыл үстінде тұрған науқас. Мамандар сырқат өмірі үшін жанын салады. Нәтиже шығаруға, аман алып қалу бағытында жұмыс атқарады. Аурухана төсек орны қоры – 425. Ал келіп жатқан науқас саны көп. Сондықтан бірінші кезекте өміріне қауіп төніп тұрған, ауыр халдегі адамға көмек көрсетеміз. Созылмалы сырқаты бар жандарға емханаға тексеріліп, ем алуына кеңес береміз, – дейді Сәбит Байбосынов. 

DSC 0010

Дәрігерлердің айтуынша, соңғы уақытта жол-көлік оқиғаларынан, тұрмыстық жағдайлардан зардап шегетін науқастардың саны артқан. 

Бізді бөлімше меңгерушісі жедел нейрохирургия бөліміне алып келді. Айта кету керек, бас дәрігер Мәди Хожаұлы облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен Шымкентте бүйрек пен бауыр алмастыру отасын жолға қойған. Сондай-ақ ауруханада нейрохирургиялық гинекологиялық, жарақаттық, жақ-бет хирургия салалары бойынша жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетеді. Хирургтер ангиографиялық кешеннің арқасында бас сүйекке ашық ота жасамай, тамыр арқылы қол жеткізген. Науқастарды емдеу үшін клиника жаңа заманауи құралдармен жабдықталған. Сондай-ақ «Innova 313 IQ GE-2» ангиографында рентгенангиографиялық емдік шаралар жасалады. «SteaIth Station S7» нейроинновациялық кешен алынғалы 80-нен аса бас миына ота жасалды. Сонымен қатар, жұлынға жасалатын оталардың транспедикулярлық кейджермен фиксациялау сияқты жаңа тәсілдері енгізілді. Мұнда HIA типтік зертханасы жұмыс істейді. Айта кететін жағдай, зертхана Шымкенттен басқа Астана және Алматы қаласында ғана бар. Аурухананың тағы бір жетістігі – мұнда трансплантациялық қызмет қарқынды түрде дамып келеді. Екі жыл ішінде 63 бүйрек, 5 бауыр ауыстыру отасы жасалыпты. 

Хирургия бөлімі 51 орынға арналған. Оның 40 орны жедел хирургия. Мұнда науқастарға ота бас дәрігер, мамандармен жоспарланады. Жыл басынан бері алты ай ішінде бөлімге 901 науқас келіп түсіпті.
– Бұрын жедел хирургияда отаның 80 пайызы соқыр ішекке жасалатын. Қазір Шымкентте өт тасы, ұйқы безінің аурулары көбейген, – дейді жоғары санатты хируруг-дәрігер Қаныбек
Есалыұлы.

DSC 0095

Хирургиядан соң, жарақат бөліміне келдік. Мұнда да орын саны шектеулі. Небәрі, 50 орын ғана. Күніне бұл бөлімге 20-ға жуық науқас келіп түсетін көрінеді. Қазір мұнда 50 науқас жатыр, оның 10-ы ауыр науқастар. Көбісі жол-көлік апатынан зардап шеккендер. Ауыр жағдағдағы сырқаттың бірі 31 жастағы келіншек Жаңаталапта тұрады. Жол-көлік оқиғасында апатқа ұшыраған 9 адамның ішінде Перизат та бар. Ол алты жастағы баласымен бірге ауыр халде ауруханаға жеткізіледі. Білікті дәрігерлердің арқасында қазір баласы үйіне аман-есен оралды. Ал келіншектің жағдайы түзеліп келеді. 

– Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын дейді ғой. Дәрігерлердің қамқорлықтары, көрсеткен көмектері көңілімнен шығады. Бас дәрігер Мәди Хожаұлы және бөлімше меңгерушілері емделушілердің халын сұрап, жағдайымызды біліп кетеді. Дәрігерлердің бәрі шетінен кішіпейіл, мейірімді. Күні бойы қас-қабағымызға қарап, сауығып кетуіміз үшін аянбастан еңбек етіп жүр. Адамға денсаулықтан басқа не керек? Хирург Талғат Шәуеновке, нейрохирург Жандар Байжігітовке, Қожабай Исаевқа, травматолог Марат Үсеновке алғысы мол, – дейді Салтанат. 

Шынында да палаталардағы сырқаттардың жағдайлары бірқалыпты. Емделіп, дертіне шипа табуда. 

Ал жан сақтау бөлімінде 10 адам жатыр. Тәртіп бойынша, дәрігерден басқа адамның кіруіне рұқсат жоқ. Мұнда келушілерге мамандандырылған көмек көрсетіледі. 

Бүгінгі таңда аурухана аумағында 3 қабатты ғимарат салынуда. Бас дәрігердің орынбасары Сәрсен Пернебековтің айтуынша, нысанның бірінші қабатына әкімшілік пен зертханалық диагностикалық және қабылдау бөлімі жоспарланған. Ал екінші, үшінші қабатта жан сақтау, ота жасау, бөлімдері, науқастар бөлмелері орналастырылады. Жыл соңына пайдалануға берілетін жаңа корпус GMP халықаралық стандартына сай келетін медициналық техникалармен жабдықталмақ. 

Уақытпен санаспайтын, жұмысына жауапкершілікпен қарайтын аурухана дәрігерлерінің қай-қайсысы да құрметке лайықты. Ең бастысы олар ұлт денсаулығы үшін еңбек етіп, халық құрметіне бөленіп келеді.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.