Бұл өмірде ізгілікке жаны құмар, жақсылық жасауға асық жандар көп. «Қайырымды жандар» тобы да әлеуметтік желі арқылы құрылған. Айдын Тоқсанбаева бастаған жастар Алматы, Астана және Шымкентте қайырымдылық шараларын ұйымдастырып жүр. Олар қасиетті Рамазан айында «Баққон» тойханасында балалар үйінің 100 тәрбиеленушісіне арнап «Ертегі әлемі» кешін өткізді.
Сайрам, Төлеби, Арыстағы балалар үйінен келген ұл-қыздар мультфильм кейіпкерлерімен ойын ойнап, билеп, түрлі сыйлықтар алып, Бейбарыс Ержанұлы, Қайрат Түнтеков сынды әншілермен бірге ән шырқап, тамаша кештің куәсі болды.
– Үлгі тұтатын, жақсы көретін Қайрат Түнтеков ағамен бірге «Назқоңыр» әнін айттым. Ойындарға қатыстым. Бұл күнді ұзақ уақыт ұмытпайтын шығармын, – дейді Арыстағы балалар үйінің тәрбиеленушісі Олжас Есіркепов.