Ұлттық тағамды қалай атаймыз?

Четверг, 07 Август 2014 05:40 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 9073 раз

Aс мәзіріндегі "бешбармақ" нені білдіреді?

 Халқымыз ежелден асты жоғары бағалаған. «Астан үлкен емессің»  деп  өздерінің мырзалық, мәрттік үлгісін кең дастарқаны арқылы  көрсеткен. Өмірі ат үстінде өтетін қазақ үшін еттен асқан қуатты ас жоқ. Жесе тісіне, жемесе түсіне кіретін ет тағамының орны қашан да бөлек. Минералды затқа бай ет тағамы дертке дауа, бойға қуат береді. Алайда ұлттық асымыздың атауы ет деп аталмайды. Ес білгелі «ет асып жатыр, ет  жейміз» деп өскен ұрпақ қазір бұл тағамды «бешбармақ»  дейтін болған. 

Бүгінгі күні аймақтарда ғана емес, республикада да төл асымыз  бешбармақ аталып жүр. Той думандарда, әртүрлі кештерде де қазақша етімізді жұрт бешбармақ дейді. Сөз зергері атанған тіл мамандарының айтуынша,  тілімізде «бешбармақ»  деген ұғым жоқ. Естияр баланың өзі бас бармақ, балаң үйрек, ортан терек, шылдыр шүмек, кішкене бөбек деп бес саусақты атымен атайды. Олай болса «бесбармақ» атауы қайдан шықты? Батыс, Шығыс, Солтүстік өңірлерде кездеспейтін атау Оңтүстік астана –Алматыда, ұлыстың ұйытқысы болған Оңтүстікте қайдан жүр?

Өкініштісі сол, Шымкенттегі асхана, дәмхана, мейрамханаларға бас сұқсаңыз, ас мәзірінде «бешбармақ»  алдыңыздан шығады.  Мәселен,  шаһардағы «Мұзтау» мейрамханасы қазақи салт-дәстүрге сай дастарханымен ерекшеленеді. Бармағынан бал тамған аспаздар ұлттық тағамдарымыздың ежелгі үлгілерін қайта жаңартқан. Ас мәзірінде дәмнің түр-түрі бар. Бірақ ет   атауы жоқ.  «Күміс орын», «Риза», «Рахат-ай» дәмханалары мен «Жібек жолы» мейрамханасында да ас мәзірінде ет атауы кездеспейді.  Неге «бешбармақ?» Ет  тағамына тапсырыс берсеңіз, сіздің сұрағаныңыз бешбармақ қой деп ақталады. Тек «Ақтілек» мейрамханасының ас мәзірінде «мясо по казахский»  деп көрсетіпті. Тағамдар тізімінің басын еуропалық тағамдар бастап тұр. Қаптаған мейрамханалардың 90 пайызында  ас мәзірінде   «бешбармақ» деп көрсетілген.  Әкімшісі де, даяшысы да ұлттық тағамның атын білмейді. Көбісінің көкейінде қазақтың тағамы ет емес, бешбармақ болып қалыптасқан. Ол аз десеңіз, макарон өнімдерін шығаратын шымкенттік  «Алтын дән», «Апатай» кәсіпорындары да жаймаларды  «бешбармаққа арналған» деп айдарлап алған. Сөйтіп отандық өнімдеріміз осындай атаумен дүкен сөрелерінде тұр. Ал сынға  ұшыраған «Бешбармақ» бейнебаяны  төңірегінде дау әлі басылған жоқ. Халық әртісіне  наразы жұрт әлеуметтік желілерде өпке-ренішін білдіріп жатыр.  Көпшілік Р. Рымбаеваны өнерінің шыңына жеткенде сүрінді дейді. Ал әнші үшін бейнебаянда тұрған ештеңе жоқ.  Этнос өкілдері ұлттық тағамды насихаттайтын  бейнебаян түсіріп, рэп жазған соң сырт қалғысы келмеген. 

 Сахна саңлағы бар болғаны рэперлердің тобына қосылып, қазақ дастарханының байлығы – қазы, қарта, жал-жаяны насихаттадым деп түсіндіреді. Сөйтіп,  америкалық деңгейдегі бейнебаянға шетелдіктер қызығушылықпен қарайды деп ойлайды. Алайда,  Рымбаева түскен  бейнебаян сәтсіз болды. Жұрт бешбармаққа құрмет көрсетпеді. Заманауи рэп үлкен сынға ұшырады.

Ұлттық асымыздың атауын бұрмалаған КТК-ның «Бешбармақ» шоуы талайдың ашу-ызасын тудырып келеді.  Өзбекстан телеарналарының бірінен көшірілген шоу екі жылдан бері эфирден түскен емес. Палау өзбектің ұлттық тағамы болғандықтан бағдарламаның «Палау-шоу» аталуы дұрыс. Ал «бешбармақ» қазақтың ұлттық асы емес. Бірақ осылай аталуына мән беріп қарап жатқан ешкім  жоқ.

-Қазақта бешбармақ деп бұрын да, қазір де айтылған емес. Ешқашан төл тағамын «бешбармақ» деп атамаған. Үйіне шақырған адамға  ет жеп кетіңіз дейді. Ал қонағына құр етті  қоймайды. Ет пен қамыры, жілігі мен табағы келеді. Кейбіреулер етті қазақша ет деп жүр. Бұл да қателік. Мен бұл сөздің баламасын түсінбеймін. Қалыптасқан дәм атауы өзгермеуі керек.

Еттің өзі жылқы етінен дайындалады. Қазысы мен жаясы, оның пісіретін уақыты, сорпа қайтаруы бар. Қазір көбісі ұлттық асты өзінше әсемдейді. Тұздық әзірлеп, пиязды қайнатады. Кейбіреу бақша өнімдерін қосады. Ал қазақ етке картопты жақындатпаған.

Шымкентте де етті «бешбармақ»  деп атамайды. Бұл қырғыздарға тән сөз. Бізде ет тағамын қамыр жайып дайындайды  ғой. Қырғыздарда ет салып әзірлейді. Бірақ қамырын кеспе ретінде турайды. Ал енді қолданысқа енгізіп жүргендерге терминология және тіл комитеті жұмыс жасағандары жөн. Тіл заңдылығынан хабары жоқ адамдар қазақта «бешбармақ» сөзінің  болмағанын қайдан білсін?! Әрине, етті ендіретіндей жаңа сөз емес. Солтүстік те, Оңтүстік те, Шығысымыз бен Батысымыз да ұлттық асымызды жақсы біледі. Қырғыздар ет тағамын «бешбармақ»  десе, өзбек халқы «күлшетай»  деп атайды. Олай болса халыққа қате сөзді жауапты комиттеттер  ұғындырса, асымыз  өз атауына оралады,-дейді филология ғылымдарының докторы Сандыбай Боранбаев.

Негізі кейбір мамандар қазақтың бас тағамының атауы қалыптаспағандықтан «бешбармақ» атанып отыр дейді. Біреулер орыс тіліне дұрыс аудармаған аудармашылардан көреді. Осы орайда атап өтер жайт, «бесбармақ» деген сөздің мағынасы «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» былайша түсіндірілген: «Етке қамыр салып жасалатын қазақтың ұлттық тағамын өзге ұлт өкілдерінің атауы». Ал шындығына келсек, бұл – орыстілді қауымның «бешбармак» деген сөзінің қазақиланған түрі. Бешбармақ атауының шындығында ет тағамына қатысы жоқ. Орыстардың борщы, өзбектің палауы секілді ет те бұрмаланбай, ас мәзірінде дұрыс қолданылса қанекей!

 

Құттыбике НҰРҒАБЫЛ. 

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.