«Оңтүстiк балы» Избранное

Пятница, 19 Сентябрь 2014 08:41 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 2901 раз

Зияткер жарыстардың басын қосты

Өнерді бағалай білетін шымкенттіктер бұл балды асыға күтті. Сәрсенбінің сәтінде «Шымкент» конгресс-холында өткен ауқымы кең іс-шараны облыстық жастар орталығы мен «Sulu models» сән агенттігі ұйымдастырды. Балл – халықаралық сұлулық пен бүкіләлемдік бейбітшілік күндеріне және жастарға арналды. «Талантты жастарды қолдау» жобасы аясында ұйымдастырылған балдың мақсаты – жастардың бойында жоғары дәрежедегі мәдениеттілік пен ізгілікті, тәрбиелілікті дамыту.

Сұлу да нәзік қыздар ақ көйлек киіп сәнденсе,  жігіттер жағы смокингпен келіпті. Балға кіру дресс-коды осындай. Ертегі кейіпкерлеріне ұқсаған қыз-жігіттер қол ұстасып қызыл кілемнің үстімен жүріп өтті. Әп-сәтте бірдей қимылдап, айнала төңіректі думанға бөледі.  
Балға қатысушыларды іріктеу кастингі жазда өткен болатын. Тамыз айында оған қатысушылар интеллектуалды тест тапсырды. Мұнан соң, әділқазылар алқасы мүшелерінің сүзгісінен өткен.  Яғни, балға қатысушы қыз-жігіттер сырт келбеті жарасымды, әдемі болуымен қатар, ақыл-ойының да жүйрік болуы шарт.
– Біз 32 жұпты таңдап алдық, – дейді өнерлі жастарды қолдау  бөлімінің жетекшісі  Майя Әлібжанова. – Оларға вальс билеуді кәсіби  хореографтар үйретті. Осылайша, біз өнерлі де білімді жастардың басын қостық.
Зияткерлік балл кезінде дебютанттардың фотобәйгесі де өтті. Онлайн режимінде ең көп лайк жинаған жұп жеңімпаз атанды. Олар: Абзал Жанбосынов пен Аида  Нақыпбекова. Әділқазылар алқасының шешімі бойынша, Мұрат Мұхаметжанов пен Карина Гурьянова балдың ханзадасы мен ханшайымы атанды. Оларға Француз үйі ұсынған сертификат табысталды. Балдың соңы концертке ұласты.


                                                                                                                      Эльмира МЫҚТЫБАЕВА.

Последнее изменение Пятница, 19 Сентябрь 2014 11:25
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.