Жаңа маусым – «Қыз Жiбек» операсымен ашылды

Пятница, 19 Сентябрь 2014 09:25 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4358 раз

Облыстық опера және балет театрының  жетінші маусымы  Е. Брусиловскидің «Қыз Жібек» операсымен ашылды.  Бұл спектакль  театр алғаш ашылған кезде қойылған болатын. Бұл жолғы қойылым ол кездегіден өзгеше болды. Жас опера труппасының кезекті жұмысы ұжымның сахнадағы өзіндік  жаңа оқылымы ретінде  көрермендерге ұсынылды.

 Қыз Жібектің оқиғасы үйреншікті трагедиямен аяқталмай, эпостағыдай аяқталды. Жесір қалған Жібек сегіз жылдан соң әмеңгерлік жолымен Төлегеннің інісі Сансызбайға тұрмысқа шығып, спектакль той- думанға ұласты. Қойылым режиссері- Қ.Құлыншақов және оның көмекшісі Д.Жумаев.   
Қойылым жаңа құрамда көрермендер назарына ұсынылды. Қыз Жібектің бейнесін Жұлдыз Мұсаева, Төлегеннің ролін Мәдихан  Дүйсеев ойнаса, Бекежанды – Асылхан Шалқаров, Шегені – Жұмабек Қаңтарбаев сомдады. Театрдың жас әртістерінің дебюті сәтті болды. Хор ұжымы мен балет труппасы да жаңартылған құрамда өнер көрсетті.
Танымал дастан мен Ғ.Мүсіреповтің либреттосын сахнаға ыңғайластыра отырып қойылған спектакль  жиналған қауымның көңілінен шықты. Бұл туындыға театр  ұжымы өзіндік ізденістермен келіпті. Опера прологтан, эпилогтан және екі  негізгі көріністен  тұрады. Негізгі сахналық оқиға  Жібектің төңірегінде  топтастырылған. Сүйген жігіті Төлеген мерт  болған соң, Жібек сегіз жыл аза тұтып, Төлегеннің інісі Сансызбайға тұрмысқа шығады. Сөйтіп, опера мерекемен аяқталды.
Қойылымды тамашалау үшін  көрермендер көптеп жиналды.Солардың арасында шетелдік Идара Екве мен Джоана Джоунс та бар. Олар Шымкенттегі Назарбаев атындағы физика-математика  мектебінде дәріс оқиды  екен. «Қыз Жібек» операсын алғаш рет көруі. «Тілін түсінбесек те,  әншілердің дауысының кереметтігіне  таңдандық. Қазақтың ұлттық киімдері де өте әдемі екен, көздің жауын алады. Әртістер де өнерлі», – дейді олар.
Алдағы уақытта  театр әртістері бірқатар спектакльдерді сахналауды мақсат етіп отыр.

Э. Мақсат.

 

Последнее изменение Пятница, 19 Сентябрь 2014 11:21
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.