ОЙЛЫ ПРОЗА, СЫРШЫЛ ӨЛЕҢ Избранное

Среда, 20 Март 2024 04:45 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 538 раз

Шымкенттегі кітапхана басшылары, зиялы қауым өкілдері мен оқырмандар «Бір қала – бір кітап» акциясы аясында биыл жыл бойы шығармашылығы насихатталатын ақын-жазушыларды таңдаған болатын. Проза жанры бойынша Мархабат Байғұт пен Шойбек Орынбай, поэзия жанрына Қаныбек Сарыбаев пен Әбілда Аймақ таңдалған. Осыған орай Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасында аталған ақын-жазушылардың шығармашылығына арналған «Ойлы проза, сыршыл өлең» деген тақырыппен әсерлі кеш өтті.

Prosa

 

Кітапхана басшысы Р.Бабажанқызының құттықтау сөзімен ашылған кеште «Ғибратты ғұмырлар» бейнебаяны көрсетіліп, ақын-жазушылар З.Қыстаубай, Т.Төрегелдиев, Қ.Көмек, Ә.Әліп, М.Мұхтар қатысып, акцияға енген майталман қаламгерлер жайында жүрекжарды естелік-толғанысты ойларымен бөлісті.
Шығармалары ұлттық құнарға оранған Мархабат Байғұт прозасынан киікоты мен жалбыз иісі аңқыған өз туған жерінің сұлу табиғаты мен жеңіл юмор, қазақи мінезге суарылған сол ауыл адамдарының дархан да өз табиғатына сай мінезін көреміз.
«Мен Оңтүстіктің иісін сағынсам Мархабаттың шығармаларын оқимын» деп Д.Исабеков жайдан-жай айтпаса керек. Өмір жолында қоғамдық қызметпен қатар қаламы да бір аялдамаған М.Байғұт 30-ға жуық кітаптар, жүздеген очерктер мен әдеби сын мақалалардың авторы екендігі кеш барысында зиялы қауым пікірлерімен сараланды.
Қазақ прозасында сирек қалам тартатын детектив жанрының шебері Шойбек Орынбайдың «Замана ертегілері», «Қайғы заман немесе Төлеби тағдыры» роман-дилогиясы көркемдік шоқтығы биік туындылар деуге лайық.
Ал, «Қазақия», «Отырар оттары», «Менің сүрген өмірім», «Ләззат пен азап» т.б.жыр жинағының авторы, ақын Қаныбек Сарыбаевтың өлеңдері әдеби зерттеуді қажет етеді. Поэзияда өзіне тән ақындық мінезімен адамгершілікті асқақтатып, әділетсіздікке қарсы тұрып, шындықты ту етіп көтеретін рухты өлеңдері оның қайтпас қайсар мінезді болмысынан хабар бергендей.
«Біреуі келіп төбемнен,
Біреуі қуып төменнен,
Толқынды қолмен ысырып,
Жарыса жүзіп келем мен», – деп жырлайды арынды ақын «Дария» өлеңінде.
Қазақ поэзиясында өзіндік өрнегі, өз жолы бар ақынның бірі – Әбілда Аймақ.
«Қап-қара бұлт құшақтап көтеріп кетіп,
Қанатын жайып қоныпты жасынға өлеңім», – дейді ақын «Алтын бесік»жыр кітабында.
Суреттілік пен кіршіксіз сезім мөлдірлігі тән Ә.Аймақ өлеңдерінде жаңбырдың төпелеп құйғанындай төкпе жыр нөсері байқалғандай. Жыр шайырының «Ләйлә», «Жүрегімде махаббат», «Алтын бесік», «Тал бесік», екі томдық «Таңдамалы», «Назқоңыр» жыр жинақтары шыққан.
Жалпы, биылғы ақцияға енген М.Байғұт, Ш.Орынбай, Қ.Сарыбаев, Ә.Аймақтың қай-қайсысы да рухани дамуымызға, мәдени өркениетке, ұлттық танымымызға өз шығармаларымен қомақты үлес қосқан аяулы қаламгер екендігіне кеш барысында тағы бір көз жеткізгендейміз.
Кеште Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ студенттері Ә.Сатбаева, Ж.Елемес, Ж.Тұрдалы, Н.Сералиев талантты суреткерлер Мархабат Байғұт, Шойбек Орынбай прозасы бойынша терең ой талдауларын жасаса, №43мектептің окушылары А.Танысбек, К.Досымжан және «Жастардың уақытын тиімді ұйымдастыру» орталығының шәкірттері сыршыл ақындар Қ.Сарыбай мен Ә.Аймақ өлеңдерін оқып, сезімдерді толқытты.
Саз колледжінің студенттері Е.Әсетұлы, А.Абылайхан, Е.Заман мен кішкентай бүлдіршін Ф.Жүзжасарова әннен шашу шашып, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Жадыра ОРАЗАЛИЕВА,
Шымкент қалалық жасөспірімдер
кітапханасының маманы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.