– Ұлттық қолөнер бұйымдарының ішіндегі ең көнесі – текемет. Негізгі мақсат – ұмыт болып жатқан дүниені қайта жаңғыртып, келер ұрпаққа аманаттау. Шарада шеберлер текеметтің шығу тарихын, түрлерін айтып, жасалу жолдарын келушілермен бірге жасайтын болады, - деді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту, архивтер басқармасының бөлім басшысы Динара Серікқызы.
Фестивальде қойдың жүнін қырқудан бастап, текемет дайын болғанға дейінгі үрдістің қалай жүргізетінін яғни, жүн сабау, түту, бояу, тарау, шабақтау, шүйкелеу, түр салу, текеметті басу әдісі көрсетілді.
Көздің жауын алар текеметтің түр-түрін тамашалаған тұрғындар әрбір іс-әрекетке өз үлестерін қосты. Көне ою, таңбалар бейнеленген текеметтің бетіндегі өрнектердің ішкі мән-мағынасын терең түйсінді. Одан әрі ыстық сумен пісіру, білектеу, шиге орап тебу, процесіне қызыға қатысты. Киіз басудағы көне наным-сенім, ырымдар жақсы тілекпен өрілген дайын өнімнің нәтижесіне жастар үлкендерден бата алды.
Қыркүйек айының осы бір күні ерекше сипатта өнер мерекесіне айналды.