ЗООБАҚ ЕРЕКШЕ ЖАНУАРМЕН ТОЛЫҚТЫ

Среда, 31 Январь 2024 00:00 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 441 раз

Жыл басынан бері Шымкент зоосаябағы бірқатар аң-құстармен толықты. Күні кеше хайуанаттар бағына алғаш рет альпака жеткізілді. Оңтүстік өңірге алғаш рет жеткізілген жануар тұрғындарды қызықтырып, бүгінде зообаққа келушілердің қатары көбейген.

alpaka

 

Зообақ мамандарының айтуынша, бір апта бұрын мекемеге Чехия елінен 1 аталық пен 2 аналық альпака түйе тұқымдасы әкелінген. Бұл жануарды ежелгі үндістер осыдан алты мың жыл бұрын қолға үйреткен. Жануарлар көбінесе Оңтүстік Американың таулы аймағында мекендейді екен. Альпакалар ақ, қара, қоңыр түсті болады әрі жұмсақ жүндерімен ерекшеленеді.
–Хайуанаттар бағына келетін тұрғындар альпаканы лама, гуанако жануарларымен жиі шатастырып жатады. Олар өте ұқсас келгенмен, альпака викунья тұқымдасынан тараған. Бұлар – өте мейірімді. Қазірдің өзінде зообақ қызметкерлеріне үйреніп, келушілерді жақын тарта бастады. Әлемдегі бірде-бір түк альпаканың түгімен, әсіресе бала альпаканың түгімен салыстыруға келмейді. Ол қой, ешкі жүнінен жеті есе жылы, іс жүзінде суға төзімді және аллергия тудырмайды. Жылдың кез келген мезгіліне қарамай күйлеп, бір ғана төлін дүниеге алып келеді. Таңертең және кешке жоңышқа, дала шөбі, жантақ, арнайы жеммен қоректендіріледі. Жануарлар күнделікті ветеринар, зоотехник, биолог мамандарының бақылауында. Бұлар жалғыз жүріп үйренбегендіктен, үнемі топтасып жүреді, – дейді Шымкент зоосаябағының «Тұяқтылар» бөлімінің меңгерушісі Гүлнұр Төленова.
Айтпақшы, альпакаларға ат қойылмады. Зообақ қызметкерлері әдеттегідей есім қоюды қала тұрғындарының еншісіне қалдырып отыр.