Жемқорлыққа қарсы күресейік

Понедельник, 22 Апрель 2024 10:59 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 474 раз

Сыбайлас жемқорлық  - заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі. Бұл кесел дамушы елдердегідей біздің жас мемлекетімізге де орасан зор нұқсан келтіріп отыр.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылуда. Әсіресе, халық парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келеді. Сондықтан, кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет.

Парақорлық мемлекеттік органдардың тиісті қызмет атқаруына кері әсерін тигізіп, беделіне нұқсан келтіреді, заңды қағидаларды теріске шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына түрткі болады. Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңына сәйкес, сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық мемлекеттік органдар мен онда қызмет атқаратын лауазымды тұлғалар жүргізуі тиіс. Мемлекеттік органдардардың ұжымдардың,жергілікті өзін-өзі  басқару органдарының басшылары өз өкілеттігі шегінде кадр, бақылау, заңгерлік және өзге де қызметтерін тарта отырып, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге міндетті.

Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық  қылмыстар және осы тұрғыдағы құқық бұзушылықтарға бой алдыруының себебі көп. Оған ең алдымен қызметшілердің білім деңгейінің,әдептілік ұстанымының төмен болуы әсер ететін болса керек. Кей мемлекеттік қызметшілердің құқық бұзушылыққа немқұрайлылық танытуы,кәсіби әдептілігінің жетіспеуі де, жеке басының қамын ойлауы да парақорлықтың  дендеуіне септігін тигізуде. Сондай-ақ, кейбір мемлекеттік орган басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң талаптарын атқаруда ынта танытпай, жұмыс жүргізбеуі де жемқорлықтың тамырын тереңдете түседі.

Әрине,сыбайлас жемқорлық дәрі беріп емдейтін сырқат емес.Айналасындағы салауатты, таза және сау ортаны шарпып, тыныс-тіршілігін тарылтатын, заңсыз әрекеттермен қоғамдық ортаның және мемлекеттік органдардың, ұйымдардың,дара кәсіпкерлердің,азаматтардың қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті дертті болдырмаудың тетігі халықтың өзінде. Бұл дерттің алдын алып, қоғамға таралу жолдарын кесіп, оның ұлғаюына жол бермеу керек. Ол үшін аталған дертке болып атсалысып, қарсы жұмылуымыз қажет. Сонда ғана ел мүддесі үшін зор үлес қосатынымыз және халық сенімінен шығатынымыз анық.

Сыбайлас жемқорлық әрекеттері бойынша тиісті шара қолданудың негізі – ол азаматтардың арыз-шағымы. Мемлекетіміздің әрбір азаматы Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті.

Жемқорлық дертіне қалай душар болдық?! Онымен күресті қайдан, қалай бастағанымыз дұрыс?! Қазіргі көпшіліктің басты арманы – бай болу. Баю үшін ар, намысынан бас кешетіндер де біздің қоғамымызда жетерлік. Адамға ақша қызмет етпей, адам ақшаға қызмет ететін түсінік қалыптасқалы бері оның санасы уланды, дүниенің құлына айналды. Жемқорлықтың да бастауы осыдан. Осы қағиданы  бұзбай  қоғамдағы жемқорлықты жоя алмаймыз. Жемқорлықтың пайда болуы қоғамдағы рухани байлықтың құнсызданып, материалдық құндылықтың алдыңғы сатыға шығуының салдары. Сондықтан, біз қоғамымызда жемқорлыққа қарсы күресті – азаматтарымыздың  жүрегіне рухани ізгіліктерді, құндылықтанды сіңіруден бастауымыз қажет. Рухани тұрғыдан бай адам, жемқорлықтай лас істерден жанын таза ұстайды.

 

Әл-Фараби ауданы төтенше жағдайлар басқарма
бас маманы азаматтық қорғау капитаны
Б. Әбілқасым

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.