ҚАЗАҚ ТІЛДІ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ҚАЛАЙ ДАМЫМАҚ?

Среда, 22 Май 2024 04:53 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 64 раз

Шымкент қалалық Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «ІТ жобалар мен қазақ тіліндегі жасанды интеллектіні дамыту жолдары» атты «дөңгелек үстел» жиыны өтті. Ол қазақ тілінің жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі жол картасы негізінде қолға алынып отыр. Жиынға мектеп мұғалімдері, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының оқытушылары мен студенттер қатысты.

 

Жиынның басты тақырыбы – тіл. Яғни, қазіргі қарыштап дамып жатқан ақпараттық кеңістікте қазақ тілді жасанды интеллектінің негізгі сипатын, оның білім саласындағы интеллектуалды жүйелерге қатысты мәселелері жайында, цифрлық технологияларды пайдалана отырып қазақ тілін дамыту және тілімізді цифрлық кеңістікте өркендету жолдары туралы қатысушыларға жол көрсету іс-шараның басты мақсатына айналды.
Жиында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» кафедрасының доценті, PhD докторы Н.Жұматаев «ІТ жобалар мен жасанды интеллектінің қоғамдағы рөлі», Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің информатика пәнінің мұғалімі Ж.Рысақбаева «Жасанды интеллектіні тиімді қолдану», А.Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназиясы қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі А.Зархат «Жасанды интеллектті сабақ барысында қолдану» тақырыбында баяндама жасады. Спикерлер өз баяндамаларында қазақ тілінде жасанды интеллектінің дамыту бағыттарын, оны қолданудың артықшылықтары мен кемшіліктерін, сондай-ақ Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, білім және денсаулық сақтау салаларында жасанды интеллект бойынша іске асып жатқан потенциалды жобалар және жасанды интеллектпен жұмыс істейтін ресурстар жайында сөз қозғады. Оқу ордаларында жасанды интеллектті қолдана отырып, материалды қызықты түсіндіру, білім алушының зейінін сабаққа аудару, тілді меңгеруге деген қызығушылығын ояту және соңында қандай нәтижеге қол жеткізу ықтималдылығы туралы өз тұжырымдарын жеткізді.
Іс-шара соңында Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының басшылығы қатысушыларға алғысын білдіріп, баяндамашыларға алғыс хат табыстады.

А.АЯПОВА,
Шымкент қалалық Тілдерді оқыту-әдістемелік
орталығының менеджері

Э.ҚАСПАҚОВА,
орталық әдіскері 

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.