«Энергоорталық-3» АҚ-ның жұмысымен танысты

Пятница, 19 Апрель 2024 07:13 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 361 раз

energoortalyk-3

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі кеңес мүшелері, энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының өкілдері «Энергоорталық-3» АҚ-ның жұмысымен танысып, жұмысшылардың талап-тілектерін тыңдап қайтты.

«Энергоорталық-3» АҚ – Шымкенттегі жылу өндіретін ең ірі кәсіпорын. Мұнда жылу мен электр қуаты өндіріледі. Қазір жылу беру маусымы аяқталған. Мамандар жылу шығаратын қазандықтар мен турбогенераторлардың сапасын жақсарту және оларды жаңарту мақсатында кезең-кезеңімен жөндеуге кірісіп кетті.

«Энергоорталық-3» мамандарының айтуынша, орталықта білікті кадрлар жоқ. Жалақының төмендігіне байланысты 10-15 жылдық тәжірбиесі бар мамандар Атырау, Құмкөл сынды жалақы көп төлейтін аймақтарға жұмысқа ауысып кеткен. Сондықтан жас кадрларды жұмысқа тарту үшін жоғары оқу орнының студенттерін осы ұйымда өндірістік тәжірибеден өткізіп, жұмысқа алу мәселесі өткір тұр. Бұл салаға қажетті мамандар Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, М.Әуезов атындағы ОҚУ, политехникалық колледж, Алматы энергоинститутында даярланады.

«AMANAT» партиясының өкілдері бұл мәселені бақылауына алып, жауапты мамандарға хат жолдайтынын атап өтті.

Бүгінде «ҚуатЖылуОрталық» МКК-ның «Энергоорталық-3» АҚ-ға 2 млрд 600 млн теңге көлемінде берешегі бар. Осы мәселе бойынша энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасына тапсырма берілді.

Орталық өткен жылыту маусымын технологиялық мәселесіз өткерген. Қазіргі таңда мұнда күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Турбогенератордың бірі жаңғыртылып, үш бірдей жылу қазандығы кезең-кезеңімен жөнделмек. ЖЭО жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қажетті материалдармен қамтамасыз етілген.

Гүлжауһар ТЕМІРХАНҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.