МЕМЛЕКЕТШІЛ ТҰЛҒА ЕДІ Избранное

Пятница, 16 Февраль 2024 09:25 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 298 раз

Бердібек Машбекұлы Сапарбаевты мен Оңтүстік Қазақстан облысына ол кісі әкім болып келген 1999 жылдан бері білемін. Басшыға қашан да сын көзбен қарайтын көпшілікті алғашында «елді қалай басқарар екен?!» дегендей сұрақтар мазалағаны жасырын емес. Бірақ, ол кісі өзінің еңбекқорлығынан, халықшылдығынан, жалтақтамай, тез шешім қабылдай алатындығынан аз ғана уақыттың ішінде көптің жүрегін жаулап, солардың көшін бастаған көшбасшысы бола білді.

berdibek-1

 

Ол кезде Қазақстанда экономикалық қиындықтар шаш етектен болатын. Әсіресе, халыққа қажетті жарық, газ, жылу мәселелері өте түйткілді болып тұрған кез еді. Көпқабатты үйде тұратындар «көгілдір отын», жарық болмағандықтан далаға шығып от жағып, қазан көтеріп тамақтарын істеп жататын. Мұның бәрін өз көзімізбен көрдік. Өзіміз де көпқабатты үйде тұрғандықтан осындай жағдайды бастан өткердік.
Бердібек Машбекұлының ең бірінші қолға алған тірлігі өңірдегі осы келеңсіздіктерді жоюды батыл алға қойып, бұл мәселелермен тікелей өзі айналысты. Ол заманда электр энергиясы желілері, подстанциялар, газға қатысты мекемелердің көпшілігі жекеменшіктің қолына өтіп кеткен болатын. Мұның барлығы жаппай жекешелендірудің салдарынан болған тірлік. Міне, сол кезде Бердібек Машбекұлы, біріншіден, сол нысандарды, газ жүйелерін мемлекетке қайтару үшін ерен еңбек етті. Олардың әрқайсысымен соттасты, әкімшілік атынан қожайындарымен жеке сөйлесті, ақыр соңында көпшілігін мемлекетке қайтару жөнінде келісімге келді. Өзінің адами, азаматтық дипломатиясын пайдаланды. Айналдырған бір жарым жыл көлемінде проблема толығымен шешілді.
Мен 2000-2002 жылдары
Қазығұрт ауданының әкімі болып қызмет атқардым. Сонда Шымкенттен қайтып келе жатқан кешкі уақыттарда қара түнекте отырған ауылдарды көріп, жүрегіміз қан жылайтын. Бердібек Машбекұлы облыс деңгейінде осы мәселелерді шешіп, халықтың еңсесін көтерді. Жарық пен газ болғаннан кейін, әрине, экономикаға да жан бітеді. Себебі, адамдардың көңілдері көтеріңкі болып, жұмысқа деген ынтасы күшейді. Қайраткерлігімен, іскерлігімен өңірімізде ол кісі сондай бір серпіліс уақыттарын туғызды.
Бердібек Машбекұлының үлкен бір қасиеті – өз қарамағындағы азаматтарға, соның ішінде аудан, қала әкімдеріне, басқарма басшыларына толық сеніммен қарауы дер едім. Біздің айтқан ұсыныстарымызды тыңдап, егер ұнаса қолдап, облыстық бюджеттен қаржы бөлетін. Сол тірліктің іске асуына барынша мүмкіндік жасайтын, өзі атсалысатын.
Қазығұрт ауданы бойынша екі мәселені айтайын. Бірінші, ауданда орталық аурухананың бітпей тұрған құрылысын асарлатып бастадық. Кәсіпкерлерден, халықтан ақша жинадық. Шамамыз келмей бара жатқан соң
Бердібек Машбекұлына осы проблеманы айтуыма тура келді. Ол кісі келіп көріп, облыстық бюджеттен қаржы бөлдірді. Соның арқасында ауданда жаңа типті аурухана салудың сәті түсті. Нәтижесінде 200 орынды аурухана, тәулігіне 400 науқасты қабылдай алатын емхана іске қосылды. Бұл қазығұрттықтар үшін ғана емес, бүткіл облыс үшін алғаш ашылған үлкен медицина ғимараты еді.
Тұрбат ауылына қарасты Жіңішке ауылындағы мектепті де ауыл тұрғындары асарлатып салды. Бекең көмектесті, бұл бастаманы кейін бүкіл аудан, қалаларға таратты. Себебі сол кездегі алғашқы салынған типтік ғимараттардың бірі еді.
Бір кездескенде «аудан экономикасын қалай көтеруге болады?» деп төтеннен сауал тастады. Сол жылдары тұқымның сапасыздығынан шаруалар көңілдегідей өнім ала алмай жүрген-тін. Сол мәселені кесе-көлденең тарттым. Бекең сол арада орынбасары Тамара Дүйсеноваға тапсырма беріп, элиталы тұқым алуға бюджеттен қаржы бөлгізді. Сөйтіп, Қазығұрт ауданы келесі жылы астық өндіруден облыста бірінші орынға шықса, сапалы тұқымның арқасында шаруалар бес жыл бойы жоғары өнім алып жүрді. Бердібек Машбекұлының жақсы бір қасиеті, осындай пайдалы ұсыныстарға бірден қолдау білдіріп, оны соңына жеткізгенше тынбайтын.
Мұндай жақсы шаралар, игі бастамалар әрбір ауданнан көрініс тауып жатты. Жоқты бар еткен, бардың бағасын асыра білген басшының тікелей жетекшілігімен талай мектептер, ауруханалар, өзге де құрылыстар бой көтерді.
Бір айта кететін мәселе – Бердібек Машбекұлының қарапайымдылығы мен кішіпейілділігі. Өзіне мұң-мұқтажын айтып келген адамдармен де, өз қарамағындағы қызметкерлермен де жақын туысындай өте етене сөйлесіп, әңгімесін айтып, сенің ойыңды тыңдауға да мүмкіндік жасайтын. Кез келген жанмен оңай тіл табысатын. Сонымен бірге, әрине, ол кісі қол астындағыларға өте талапшыл еді. Бір тапсырма берсе, соны орындатпай қоймайтын. Газ бен жарық жүйелерін мемлекетке қайтаруы сол талапшылдығынан, бойындағы қайсар, қайтпас қасиеттерінен. Ел мүддесі үшін заңгерлерді жұмылдырып, соңына дейін баратын.
Сосын жаңашылдығы да ересен еді. Республикада бірінші болып кредиттік несие серіктестіктері Оңтүстік Қазақстан облысында ашылды. Ол кездері кредиттік несие серіктестіктері туралы көп өңірлер тіпті білмейтін. Сондай жаңашылдықты енгізіп, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерді құрылтайшы етіп, бір-біріне деген жауапкершіліктерін арттыра отырып, мемлекеттен берілетін арзандатылған несиелерді алуға көп септігін тигізді.
Тағы бір қасиеті – тынымсыздығы, шаршамайтындығы, жұмысқа деген ерекше құлшынысы. Бір ауданға айында бірнеше рет барып келетін. Кейбір кездері бір ауданға аптасына екі рет сапарға шығатын. Өзі бастатқан жұмыстарды барып көріп, көңілінен шықса, «міне, осы ғой менің айтқаным, осыны дұрыс істедіңдер» деп бір марқайып қалатын. Осылайша елмен етене араласып, халықпен тығыз байланыста қызмет етті.
Сонымен қатар, облыстардың ішінде бірінші болып инвестиция тарту үшін шетелге шыққан Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілігі еді. Ол кездері мен облыстық инвестициялар және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы болатынмын. Сол уақытта облыстың мүмкіндіктерін ашу үшін, шетелдерде таныстыру үшін үлкен-үлкен презентациялық фильмдер, кітаптар, түрлі планшеттер жасатты. Ауыл шаруашылығының, өндірістің, жер асты байлықтарының, логистиканың мүмкіндіктерін көрсететін арнайы бизнес жобалар мен ұсынымдар дайындатты. Қасына біраз әкімдерді, кәсіпкерлерді ертіп Израильге, Италияға және басқа да біраз мемлекеттерге сапарлап, облысқа инвестиция тарту үшін көп жұмыстар атқарды. Соның арқасында өңірде ауыз толтырып айтатындай инвестициялық жобалар іске асты.
Сол жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының ынтымағы мен бірлігі артып, экономикасы жолға қойылып, әлеуметтің әлеуеті көтерілді. Бекеңнің өзі де талай жастың жігерін жанып, нағыз елжанды, білікті маман кадрлардың тұтастай бір легін тәрбиелеп шығарды деп толық айта аламын. Сол тұста көрінбей жүрген көптеген азаматтар жарыққа шықты, қызметте көтеріліп, мемлекеттің ісіне араласты. Бердібек Машбекұлы кадр мәселесіне өте салмақты қарайтын. Әйтеуір кім болса соны қызметке қоя салмайтын.
Небір қиындықтармен бетпе-бет келді. Соның бәрін тазалығымен, адалдығымен, іскерлігімен жеңе білді. «Адам бұл өмірге қызық үшін келмейді, өмір сүру үшін келеді. Ал, өмір сүру дегеніміз – еліңе, жеріңе, Отаныңа және отбасыңа адал болу деген сөз. Бердібек Машбекұлы да елін, жерін өлшеусіз сүйген, сол жолда адал қызмет етіп, соңына өнегелі із қалдыра білген азамат». Міне, жұрттың Бекеңе деген пікірі осындай. Дөп айтылған сөз! Оны халық үшін туған біртуар жан ретінде кейінгі ұрпақ ұмытпайтынына сенімдімін.

Әли БЕКТАЕВ,
ҚР Парламенті Сенатының депутаты

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.