ОҢТҮСТІКТІ ОҢАЛТҚАН ӘКІМ Избранное

Пятница, 16 Февраль 2024 09:24 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 487 раз

Адам мына өмірде әртүрлі себептермен әртүрлі азаматтармен кездеседі, танысады, араласады екен. Оның біразы арада көп уақыт өтпей – ақ ұмытылып кетеді. Оған өкінбейсіз де. Бірақ солардың ішінде ғұмыры жадыңнан шықпайтын, жүрегіңе мәңгі жазылып қалатыны болады екен. Сондай асыл адамдардың бірі және бірегейі Бекең, Бердібек Машбекұлы
Сапарбаев десем артық айтқандық болмас. Шынында да сондай болды.

berdibek

 

Біздің Бекеңмен таныстығымыздың өзі кездейсоқ болып еді. Мен 1998 жылы Шардара ауданына әкім болып бардым. Елде экономикалық жағдай құлдырап тұрған еді. Шардара ауданы сондай қиындық құрсауына түскен екен. Бас-аяғы ақ күрішін ақтарып, қырманы тасыған жерге адам айтса сенгісіз, болашағынан үміт үзілген, кедейшілік орнаған, баяғы байлық көзден бұл-бұл ұшқан. Болашағынан үміті үзілген тұрғындар жұмыс іздеп, жан-жаққа бытырап көшіп жатыр. Құлықсыз адамдар, күтімсіз қалған жер құлазып, көңіліңді жасытады. Енді басшы болып барған соң сол жағдайдан шығару үшін, өзіңе жүктелген сенімді ақтау үшін басыңды тауға да, тасқа да ұрып дегендей күндіз күлкіні, түнде ұйқыны қойып ізденеді екенсің. Сондай әрекет жасап, күрішті алқапты мақтаға ауыстырғанды жөн деп шештім. Бар абырой беделімді, тамыр-таныстарымды, дос-жолдастығымды салып, жұмысқа білек сыбана кірісіп те кеттік. Біздің облыс көрші Қызылорда облысымен барыс-келісі, алыс-берісі бар дегендей жақсы қарым-қатынаста тұратын. Күндердің бірінде қызылордалықтар тәжірибе алмасу мақсатында біздің облысқа келді. Делегацияны Қызылорда облысының әкімі Бердібек Машбекұлының өзі бастап келіпті. Жақсы әңгіме, түсіністік пиғыл болды, екі жақ та риза болды.
Көп ұзамай біздің облыстың делегациясы да Қызылордаға жақсы істерін көріп, танысу үшін өзіміздің өңірге ендіру, пайдалану үшін облыс әкімінің бірінші орынбасары В.К.Колесниченко бастап бардық. Құрамға аудан әкімдерінің ішінен мені қосыпты. Араладық, көрдік, қиын кездегі әрекеттеріне сүйсініп шықтық. Қызылордада 7 аудан күрішпен шұғылданады екен. Өнімі жақсы, осымен күн көріп отыр десек болады. Өйткені бұған облыс басшысы Бердібек Машбекұлының өзі бас болып, көрші Ресейге барып, қажетті сапалы тұқыммен, минералды, тағы да басқа қажетті тыңайтқыштармен, техникаларды келісім-шарт жасасып алдырған екен.
Кейін Бекеңнің арқасында біз де қажетімізді алып, күрішті де мақтамен қатар дамыттық. Оған халық куә. Міне, бұл жақсының шарапаты дер едік. Шынында біз Бекеңнің қамқорлығын облысқа келмей жатып-ақ көріп едік, сезініп едік.
Сөйтіп 1999 жылы шілде айында Бердібек Машбекұлы біздің облысқа әкім болып келді.
Ол кезде аса қиын кез еді. Бір аудан, облыста емес, елімізде жағдайдың ушығып тұрған сәті. Үйде не жылу, не жарық жоқ, жалақы, зейнетақы айлап берілмейді. Адамдар тамақ үшін сабылып, жүйкесі әбден жұқарып отырған. Әсіресе осындай күйге әкелді деп басшыларды кінәлайды.
Бір күні облыс әкімі шақырады деген хабар жетті. Бет-жүзінен шаршаулығы сезініп-ақ тұрды. Әңгімені бірден бастады:
–Кенжеке, Сізді өзіңіздің туған жеріңізге жібермекпін, - деді. Мен ұсынысқа ойландым: «Шардарада көп болғаным жоқ, біраз жаңа істерді бастап едік», - деп шынымды айттым.
–Ауыл ақсақалдары, ел ағалары сені сұрап жатыр – деп әңгімені бітірді.
Сонымен Бекеңнің басшылығында бірнеше жыл қоян-қолтық араласып, қызмет істеуге тура келді. Жоғарыда айттым ғой, Бекең облысқа қиын кезде келді деп. Бірақ, оған мойыған, қиналған Бекең жоқ. Күндіз-түні бір тынбады, өзі барып келіссөз жүргізді. Сөйтіп шаһарға газ, жарық әкелді. Сондағы қалалықтардың қуаныштан бал-бұл жанған жүздері көз алдымызда. Бірақ, Бекеңе халықтың бәрі риза бола бермеді. Әр басқан қадамын, әр сөйлеген сөзін есепке алып, жіпке тізіп, ілік іздегендер болды. Ол кісі көптен қашпайтын, қайта «Бәрін жинаңыздар, ішіндегісін айтсын, бірлесіп шешейік» деп отыратын.
Өмір болған соң неше кісілермен араластық, көңіліміз саз болды, барыс-келіс жасастық дегендей. Біраз басшыларымызды ұмытып та кеттік. Солардың арасында Бердібек Машбекұлының орны ерекше болды. Ол кісі облыстан кеткенімен, байланысымызды үзгеніміз жоқ.
«Ер – туған жеріне» демекші, қайда жүрсе де уақыт тауып, өзі хабарласатын. Туған жеріндегі өзі танитын нағашыларының жағдайын сұрайтын. Сәлемін жолдайтын. Менің де, үй-ішінің әрбір мүшесінің шаруаларына тоқталатын. Әсіресе «Болашақ» бағдарламасымен шет елде оқып жүрген кіші баламның оқуын қызығып, қазбалап сұрайтын.
– Болашақ жастардың қолында. Бітіріп келген соң маған бер, тәрбиелеп беремін, – деп ағынан ақтарылушы еді. Мен балама бұл жағдайды айтып, «ағалардың сенімін ақта», деп ұдайы ескертіп, есіне салып жүрдім. Әке сөзін тыңдаған бала болып шықты ғой. Бірақ, оны оқудан келе Бекеңе айта қойғаным жоқ. «Жетектеген тазы түлкі алмайды» деуші еді, өзі көрсін, өзі істесін деп жүрдім. Елімізге келіп, түрлі салаларда істеді, сонау Орталық Қазақстанның бір ауданына барып, аудан әкімі аппаратының жетекшісі де болды, облыс әкімдікте, ауыл шаруашылығы министрлігінде департамент директоры болды. Біраз өмір көрді, тәжірибе жинақтады.
Баламыздың өкіл әкесінен, үлкен ұстазынан өзіміздің мақтааралдық жерлесіміз, еліміздің аяулы перзентінен ойда-жоқта айырылып қаламыз деп ойлаппыз ба? «Жазмыштан озмыш жоқ» дегені рас екен, көкірегіміз қан жылайды. Бірақ амал жоқ, «жатқан жері жайлы, топырағы майлы» болсын дегеннен басқа тілек жоқ.

Кенжехан ТӨЛЕБАЕВ,
Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.