БІЛІМ САЛАСЫ АРДАГЕРЛЕРІНІҢ ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМЫ ҚҰРЫЛДЫ

Среда, 04 Октябрь 2023 04:39 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 811 раз

Шымкент республикалық маңызға ие қала атанғалы шаһарда мектептер мен балабақшалар да едәуір көбейді. Оның үстіне мегаполисте белсенді, қоғамдық өмірден тыс қалмайтын, өмірлік тәжірибесі мол, өзіндік азаматтық ұстанымы бар мыңдаған ардагерлер өмір сүріп жатыр.

 

Қалалық ардагерлер кеңесі аға буын өкілдерінің біліктілігі мен тәжірибесін барынша тиімді пайдаланып, ел дамуына үлес қосу мақсатында әр сала бойынша ардагерлер кеңесін құруды көздеп отыр. Міне, сондай ұйымдастыру жұмыстарының бірі жуырда Шымкент қаласы әкімдігінің білім басқармасында өтті.
Жиында қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев сөйлеп, білім саласы ардагерлерін қамтитын ұйым құру керектігін алға тартты. Жиналғандар бұл ұсынысты бір ауыздан қолдады. Осылайша, білім саласы ардагерлер ұйымының төрағасы қызметіне осы қалада ұзақ жыл басшылық іс қызметтер атқарған, оның ішінде қала әкімінің орынбасары ретінде білім саласына басшылық еткен әрі ұзақ жыл мектеп басқарған Жолдасбек Күздеубаев сайланды.
Жиынға қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева да қатысты. Ол мектептердің жанынан «Әкелер мектебін» ұйымдастырудың маңызына тоқтап, жаңа сайланған төрағаға сәттілік тіледі.
К.Төлебаев ардагерлер санының көбейіп келе жатқанын айта келе білім саласындағы жұмыстарды жетілдіру жөніндегі пікірлерін ортаға салды.