ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ ЖОЛЫН ТЕЖЕУ – ҰЛТ МІНДЕТІ!

Пятница, 02 Декабрь 2022 05:50 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 606 раз

Жаңа қоғамды қалыптастыруда iскерлiкпен жеткен жетiстiктерiмiз көп. Десек те, шешiмi күрделi мәселелер де бар. Ол — көптеген саланың жұмысын кері тартып тұрған сыбайлас жемқорлық мәселесі.

 

Әлем елдерін алаңдатқан сыбайлас жемқорлық елімізді де сырт айналып өтпеді. Қазақ халқы ертеден-ақ мемлекеттің өсіп-өркендеуіне кедергі келтіретін «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерді тыйып тастап отырған. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген мәтел де ықылым заманнан келе жатқан даналық. Қазақ би-шешендерінің әділдік пен турашылдықты ту етіп, елдікті, бірлікті сақтағанына тамыры терең тарихи оқиғалар дәлел.
Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік – экономикалық даму, нарықтық экономиканы құру инвестициялар тарту процесін баяулататын және демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсер ететін, елдің даму болашағына айтарлықтай қауіп төндіретін құбылыс. ҚР заңнамаларына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстарға қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық жасау, көрінеу жалған сөз жеткізу, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету, көрінеу жалған жауап беру, сарапшының жалған қорытыңдысы немесе қате аудару, жалған жауап беруге немесе жауап беруден жалтаруға, жалған қорытынды беруге не қате аударуға сатып алу, лауазымды адамдардың сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін орындамау сынды әрекеттер жатады.
Сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту үшін, ең әуелі, халықтың құқықтық сауатын арттыру қажет. Халық өз құқығын қорғап, кез келген құқықбұзушылықтың алдын ала білген кезде сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабылары сөзсіз. Әсте, бар жауапкершілікті халыққа артпас бұрын, лауазымды азаматтар өзінің мүмкіндігін асыра пайдаланбай, керісінше, бар күш-жігерін елдің әл-ауқатын дамытуға жұмсауы тиіс. Конституциялық тәртіпті қорғау, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көрінісін жою, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту бүгінгі күннің басты мақсатына айналып отыр.
Осы мақсаттағы жұмыстарды жүйелі жүргізуге тағы бір серпін ретінде «Қазақстан Республикасында қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және құқық қорғау қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі қосымша шаралар туралы» Мемлекет басшысының Жарлығы қолданысқа енгізілген. Бұл Жарлық еліміздегі құқық қорғау органдары қызметтерін жетілдіруге бағыттала отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттермен олардың алдын-алуда жүйелі, әрі тұрақты шаралар атқаруды қамтамасыз етеді.
Қызмет құзыреті бойынша Тәртіптік кеңесі ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңы мен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметкерлерінің Ар-намыс кодексі талаптарының сақталуын қадағалап, аталған заңнама мен кодекс талаптарының бұзылуына жол берген қызметкерлердің тәртіптік жауапкершілігін қарау белгіленген. Кез-келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Сыбайлас жемқорлық мемлекетті ішінен жоюдың бастамасы мен жетістіктерді жоққа шығаратын, ұлттық қауіпсіздікке қауіп-қатер әкелетіні күмәнсіз. Сондықтан да Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтың бірі болып осы зұлымдықпен күресу болып табылады. Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұруға болады. Сондықтан да сыбайлас жемқорлықпен күрес — барлық Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық борышы.

Н.ЕШЕНҚҰЛОВ,

Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау
басқармасы «№1 АӘҚКО» КММ-нің басшысы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.