ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкілдігі әрдайым жақсы істің бастамашысына айналған. Таяуда облыстық өкілдік пен «Зекет» қоры бірлесіп, облыс деңгейінде «Асар» атты қайырымдылық акциясын ұйымдастырды.
Соның нәтижесінде Ордабасы ауданы, Шұбарсу елді мекенінде тұратын жағдайы төмен, көп балалы алтын құрсақты 4 отбасыға тегін зәулім үй салынды.
Жалпы, әрбір отбасыға бөлінген жер телімі – 8 сотық, салынған әр үйдің көлемі – 120 шаршы метр. Салынған әр жеке үйге 7 млн теңге көлемінде қаражат жұмсалды.
Әйгерім Асанова (5 баласы бар), Забира Оралова (7 баласы бар), Айнұр Төлегенова (5 баласы бар) және Насихат Батыроваға (2 баласы бар) пәтер кілтін ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы өзі тапсырды.
– Діни басқарма жыл сайын дәстүрлі түрде жағдайы төмен, көпбалалы алтын құрсақты, өмір тауқыметін тартқан отбасыларға үй салып беру қайырымдылық жұмысын қолға алуда. Биыл Оңтүстікте 8 үй салынды. Бұл шараларға жергілікті қолы ашық жомарт жандар демеушілік жасады. Мұндай игі істер жыл сайын жалғасады», – деді Бас мүфти БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Сондай-ақ, ҚМДБ төрағасы қайырымдылық іс-шарасы кезінде 4 отбасыға азық-түлік, үй жиһаздары мен өзге де тұрмыстық қажетті заттарын сыйға тартты.
Бас мүфти асыл дініміздің өркендеуіне жан-жақты үлес қосып, халықтың әлеуетін көтеруге атсалысып келе жатқан жергілікті қайырымды жандарға айрықша алғысын жеткізді.