×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Жол сапасы жақсарып келедi Избранное

Среда, 06 Апрель 2016 06:07 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 5959 раз

Шымкент қаласы аумағында биыл жалпы ұзындығы 54 шақырымды құрайтын 73 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Бұл үшін облыстық және жергілікті бюджет есебінен 994 миллион теңге бағытталып отыр. Бас жоспарға сәйкес, аумағы кеңейіп, халық саны ұлғайған облыс орталығында көлік жолдарын қайта құру жұмыстары бүгінде өзекті мәселенің бірі. Жалпы ұзындығы 2650 шақырымға жуықтайтын қала көшелерінің тек 50 пайызы асфальтты-бетонды төселіммен қамтылған. Тиісінше, қала көшелерінің 40 пайызын шағал тас жолдары құраса, қалған 9 пайызы топырақ жол деңгейінде. Дегенмен, сала мамандары аталған олқылықтардың орнын толтыру үшін кезең-кезеңімен атқарылар жоспарлы міндеттердің белгіленгенін айтады.

Тұрғындардың мұң-мұқтажы –
әкiмдiк назарында

Бүгінде «Қайтпас» шағынауданы, Төлеметов көшесінің бойындағы кіші айналма жолда қайта құру жұмыстары қызу қарқын алды. Бұған дейін еріген қар, жауған жауынның салдарынан шұрқ тесікке айналған асфальт жолдың тауқыметін тартқан жергілікті тұрғындар тіпті, қала әкіміне де өтініш-сауал жолдаған. Мәселенің өзектілігі ескеріліп, өткен жылы қайта құру жұмыстарының алғашқы кезеңі жүргізіліпті. Биылғы жылға өтпелі нысанды аяқтау үшін облыстық бюджеттен 200 миллион теңге қаржы бөлініп отыр. Жұмысты мердігер мекеме «Отау Строй» ЖШС атқаруда. 

– Қалалық қоқыс полигонынан бастап Жібек жолы көшесіне дейінгі аралықта белгіленген міндетті сапалы әрі дер уақытында орындау үшін жұмысшыларымыз белсенді еңбек етіп келеді, – дейді мердігер мекеменің учаске жетекшісі Бақтияр Нарметов. – Жұмыстың қалған екінші бөлігі алдағы желтоқсан айына дейін толығымен аяқталып, тапсырылуы тиіс. Осы аралықта жоспарды толық орындау үшін мекеменің 12 техникасы мен 100-ге таяу жұмысшысы жұмылдырылуда.
Сапалы асфальт жолдарын төсеуде аса тәжірибелі мекеме жұмысшылары тек мұнымен шектелмек емес. Дәл қазір «Отау Строй» ЖШС аталмыш жұмыстармен бір мезгілде қоқыс полигонынан Бәйдібек би көшесіне дейінгі аралықта кіші айналма жолды қайта құру жұмыстарының алғашқы кезеңін де жүргізуде. Ол үшін облыстық бюджет есебінен 1 миллиард 436 миллион теңге көлемінде қаржы бөлініпті.

DSC 0325


Аяқ жолдарда мәселе туындамайды

Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуатжан Жұматаевтың айтуынша, облыс орталығының көшелерін аяқ жолдармен қамту жұмыстары жыл өткен сайын жоғары қарқын алып келеді. Биыл бюджет есебінен 225 миллион теңге көлемінде қаржы қаралып, 20 көшеде аяқ жол төселмек. Атқарылған жұмыстардың ауқымдылығы мен нәтижесі де көңіл қуантады. Жергілікті тұрғындардың өтінішіне сәйкес, бүгінде Темірлан тас жолы – Мангелдин көшелерінің қиылысындағы жер үсті жаяу жүргіншілер өткелінде қызу жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, жаяу жүргіншілердің қатысуымен жол апаттарын болдырмау және алдын алу мақсатында Рысқұлов көшесі «Евразия» базары аумағында жер үсті, Республика даңғылы «Эмиль» сауда орталығы аумағында жер асты жаяу жүргіншілер өткелдерінің құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, тиісті сала мамандарының тарапынан Рысқұлов көшесінің бойындағы «Самал» базарының жанынан жаяу жүргіншілер өткелін салу үшін жобалық сметалық құжаттар әзірленген. Аталмыш жер асты жаяу жүргіншілер өткелінің жалпы құны 116 миллион теңгені құрайды. Ал Тәуке хан-Қонаев даңғылдары қиылысында жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысына жобалық сметалық құжаттар әзірленуде.
2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму Тұжырымдамасын айқын белгілеп алған Шымкент қаласы үшін республикалық, облыстық маңызы бар күре жолдармен қатар, қала көшелерінің жолдарын да заман талабына сай қайта құру – негізгі міндет. Тиісінше, қызмет сапасына жауапты мердігер мекемелерге қойылар талап та жоғары. Бұл ретте, бірер жылда қала жолдары қармен бірге «еріп кетпес» үшін мердігер мекемелер де сапалы қызметіне ұзақ мерзімді кепілдік беруге әзір.