«БІРЛІК ПЕН ЫНТЫМАҚ – ЕШҚАШАН ЕСКІРМЕЙТІН ҚҰНДЫЛЫҚТАР» Избранное

Пятница, 03 Май 2024 05:42 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 150 раз

1 мамыр – дүние жүзінде халықаралық ынтымақ күні ретінде аталып келеді. Расында, бұл күн – зеңгір аспанда күннің мәңгі жарқырап тұруын тілейтін, қырғи-қабақ соғыс атаулыны жек көретін, адамдарды нәсіліне, дініне, түсіне қарап бөлектемейтін, әлемде бейбітшіліктің салтанат құруын тілейтін барша азаматқа ортақ мереке.

Intimak-10

 

Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Тағдыр жазуы солай. Жерімізді мекендеген барша ұлттар мен ұлыстардың өкілдері Қазақстанды шын мәнінде өз Отаны санайды. Оны өз істері, өнегелерімен дәлелдеп келеді.
Биылғы қарғын әлемнің көптеген мемлекеттері сияқты Қазақстанға да аса ауыр тиді. Он облысқа төтенше жағдай жарияланды. Тұтас ауылдарда тұрғын үйлер, мал-мүлік суға кетті. Адамдар эвакуацияланды. Жағдайды тұрақтандыру үшін тек мемлекеттің күші жетпейтін еді. Қазақстанда тұратын этномәдени бірлестіктер сын сағатта «менің үйім тысқары» деген жоқ. Апат басталғаннан көмек қолдарын созды.
Аймақтарда ҚХА жұмысын үйлестіретін 34 «Достық» үйі бар. Өткен жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ақсақалдар кеңесі құрылды.
Осындайда айтпасқа болмайды. Күні бүгінге дейін Қазақстан егемендігін басқа бауырлас республикалардың ең соңында жариялады деген кінәрат пікір айтылып қалады. Керауыздар Тәуелсіздік Қазақстанға өз аяғымен кіргендей, Үкімет басшылары бұл ретте қол қусырып отырғандай төндіріп сөйлейді.
Бірде Оңтүстікке келген абызымыз Әбіш Кекілбаев осы мәселенің түйінін тарқатып берді.

Ата-бабамыз ғұмыр бойы аңсап өткен Тәуелсіздікке қол жеткізу 1991 жылы оңайға соқпаған екен. Кеңес империясының қолдан жасаған ашаршылығы өз жерінде ормандай қазақты шалғымен шапқандай отап түсті. Ғасыр барысында Ахаң, Ахмет Байтұрсынов «әлхамдулла, алты миллион қазақпыз» деп шүкіршілік айтқан қазақ аштықтан қырылғаны бар, сыртқа кеткені бар – үш миллионға жетер-жетпес болып қалды. Одан кейін іске қосылған сталиндік репрессия қазақтың қаймағын сыпырып, жау шапқаннан әрі қылды. Екінші дүниежүзілік соғыс та қазақты айналып өткен жоқ. Бұл аздай Хрущев сияқты есірік басшылар тың игеру деген желеумен түрмеден босаған жендеттер мен романтика іздеген жастардың басын қосып Қазақстанды толтырып тастады.
Әбіш ағаның айтуынша, Тәуелсіздік алар тұста Қазақстандағы қазақ ұлтының үлесі қырық пайызға да жетпеген екен. Сепаратистер де табылып жатты. Автономия сұраған ұлт өкілдері де болды. Олар күш алып кетсе Қазақстан бөлшектеніп кетер еді. Қазақстанның Тұңғыш Президентіне де үлкен рахмет! Өлара кезеңде тығырықтан Қазақстан халқы Ассамблеясы алып шықты.
Ел қатарлы Тәуелсіздігімізді алдық. Тату-тәтті тұрып жатырмыз.
Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессия отырысында айтты.
Мемлекет басшысы халықтың бірлігі ел басына күн туғанда айқын көрінгенін атап өтті.
– Ассамблея сессиясы жыл сайын 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында өтіп келеді. Ал биылғы басқосу мемлекетіміз үшін күрделі кезеңге тұспа-тұс келді. Шын мәнінде, бұл сессияны дәл осы кезде өткізудің мәні зор. Бірлік пен ынтымақ – ешқашан ескірмейтін құндылықтар. Қазақстан аумағының жартысын тасқын су басып қалды. Еліміздің мызғымас бірлігі осы қиын күндерде айқын көрінді. Құтқарушылар, волонтерлер, мемлекеттік қызметшілер, сарбаздар, тәртіп сақшылары, қоғам белсенділері, бизнес өкілдері және жастар – бәрі бірге жүр. Ортақ істен ешкім шет қалған жоқ. Бүкіл аймақта қоғамның барлық өкілдері бір кісідей жұмылды» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі бар ел озады». Бұл бүгінгі күннің шыңдығы. Халқымызға ынтымақ мерекесі құт болып келе берсін!