Жылдан – жылға азаматтық қорғаныс саласының мәртебесі көтеріліп келеді. Аталған күнді жоғары деңгейде атап өту үшін департамент тарапынан қала тұрғындары мен қонақтарына арналған іс-шаралар жоспары бекітілген.
– Мереке күні адамдар көп жиналатын аумақтарда, мектептерде, әлеуметтік маңызы бар нысандарда табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай туындаған кездегі іс-қимылдар бойынша жадынамалар, брошюралар таратылып, LED-мониторлар арқылы бейнероликтер көрсетілімі ұйымдастырылады. Сонымен қатар, қалада орналасқан білім беру мекемелерінде ашық сабақтар өткізіліп, оған төтенше жағдай қызметкерлері қатысады. Өрт сөндіру бөлімдерінде мектеп оқушыларына арналған «Ашық есік күні» өткізіліп, қала аумағында Дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс күніне арналған тақырыптық баннерлер орналастырылады, – деді Нұржан Нұрханұлы.
Жалпы, атаулы мереке азаматтық қорғаныс саласына назар аударып, халықтың төтенше жағдайлар кезінде іс-қимылға әзірлігін арттыру мақсатында қолға алынған.
Алғыс айту күнімен тұспа-тұс келетін атаулы мерекеде жаңа имидждік баннерлер орнатылып, түрлі бағыттар бойынша көпшілікке ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. 1 наурызда департаменттің 10 нысанында өтетін «Ашық есік күнінде» төтенше жағдай саласының қызметімен танысуға болады.