Шымкент мемлекеттік зоологиялық саябағында түрлі жануарлар мекендейді. Олардың басы жыл сайын көбейіп келеді. Енді аңдарды тамашалауға келген келушілер арыстанның үш күшігін көре алады. Үш абданның әкесі Симба 2016 жылы, ал анасы Тану 2017 жылы Шымкент зообағында дүниеге келген.
–Күшіктеріміз қазіргі таңда тек анасының сүтімен қоректенеді. Екі айдан кейін ет беріп көреміз. Ал Симба мен Тану күніне екі мезгіл етпен қоректентіріп, аптасына бір рет тірі азықты береміз. Бес келі болып туылған төлдердің салмағы қазіргі таңда 10 келіден асты. Аналығы момын болып келсе, аталықтары өздерін ұстаған кезде қарсылық көрсетеді. Десе де, біз әрбір туған төл үшін қуанамыз. Зообақ қызметкерлері жануарларға жақсы күтім, қолайлы жағдай жасау үшін барын салады, – деді Шымкент зоосаябағының әдіскері Ұлжан Рүстем.
Айта кетейік, бүгінгі таңда хайуанаттар бағында 8 бас арыстан бар. Ал жас жыртқыштарға мамандар есім қоюда зообақтың тұрақты келушілеріне және мекеменің инстаграм желісіндегі оқырмандарына таңдау құқығын берді. Абдандарға есім қоюға Сіздер де атсалыса аласыздар.