ҚЫСҚЫ МАУСЫМ: ДАЙЫНДЫҒЫМЫЗ ҚАЛАЙ? Избранное

Пятница, 10 Ноябрь 2023 04:41 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1353 раз

Шымкент қаласында 20 қазаннан бастап жылу беру басталды. Жылу орталығын, жылу жүйелерін қысқы маусымға дайындау жұмыстары жоспарға сәйкес атқарылды. Ал сумен жабдықтау, жеке секторда және көпқабатты үйлерде су тораптары мен су құбырларының дайындығы қай деңгейде? Қала тұрғындары қысқы маусымға қаншалықты қамданды? Бұл – жауапты мәселе. Себебі, қыс қыр астында тұр. Осы орайда сумен жабдықтау мекемесінің және тұрғындардың дайындығын саралап көрдік.

517

 

Қалада биылғы қысқы маусымға дайындықты барынша күшейту, қажетті шаралардың барлығын мерзімінде қамту бойынша нақты тапсырмалар берілген. Өзекті мәселелелер туындаған көпқабатты тұрғын үйлерге басымдық беріп, ішкі жүйелерді қалпына келтіру бойынша тұрғындардың жауапкершілігін арттыруда тиісті шаралар қабылдануда.
Қаланы сумен жабдықтаушы «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілді. Өткен қысқы маусымдағы жағдай зерделеніп, жаңа жоспарлар түзілген.
«Су ресурстары-маркетинг» ЖШС бас директорының орынбасары Бекжан Ешімбетовтың айтуынша, инвест бағдарлама бойынша 13 шақырым су құбырлары ауыстырылды. 12 мың су тораптарында су өлшегіш құралдары орнатылған.
– Өткен қысқы маусым тұрғындардың есінде ерекше қалғаны белгілі. Біршама әлекке салған жағдайлар болды. Соған байланысты біздің мекеме биылғы дайындық жұмыстарына ерекше көңіл бөліп отыр. Су тораптары, су құбырларын жылытқышпен қымтау, оқшаулау жұмыстарын атқардық. Су өлшегіш құралдарының аязда қатпауы үшін тиісті жұмыстарды қолға алынды. Жалпы қысқы маусымда қала тұрғындарын тәулік бойы сумен қамтамасыз етуге толық дайынбыз. Бұл ретте, қала тұрғындарының дайындығына да назар аудару қажет. 2023 жылдың қаңтар айында қысқы суыққа тиісті деңгейде дайындалмағанның салдарынан көпқабатты және жеке секторларда ауыз сумен қамту желілерінде айтарлықтай мәселелер болды. Сол кезде қала тұрғындарының аулаларындағы су құдықшаларының, су құбырының саяз көмілуі, көпқабатты үйлерде жертөледегі немесе кіреберістегі су құбырларының тиісті қымталмау жағдайларын анықтадық, – дейді бас директордың орынбасары.
Осы жағдайларға байланысты қала тұрғындары да дайындыққа ерекше мұқият болғаны жөн. 2023 жылдың қаңтар айында үй ішіндегі су желілері қатып қалып, бірқатар көпқабатты үйлер сусыз қалған болатын. Жеке үйлерде де, коммерциялық нысандарда да осындай мәселелер байқалды.

518


«Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС басшылығы тұрғындарды қысқы маусымға су құбыры желілерін тыңғылықты дайындауға шақырады. Осы орайда мекеменің қала тұрғындарына бірқатар ескертпелерін айта кетсек. Көпқабатты үй тұрғындары кіреберістегі есіктер мен терезелерді бүтіндеп, әйнегі болуын, есігінің жарамдылығын қадағалауы керек. Сонымен бірге, жертөлелердегі су құбыры желілерін оқшаулап, жылыту керек болса, осы бастан суыққа төзімді болуы үшін орап қойғаны жөн. Жер үйлердің иелері аулаларындағы су құбыры мен көшеден, жер бетіне жақын орналасқан құбырларды оқшаулап, крандарын қажетті материалдармен орағаны дұрыс.
Көпқабатты үйлерде ішкі инженерлік желілердің пайдалану жарамдылығына тұрғындардың өзі жауапты. Кондоминиум объектілері болып тіркелген үйлерде қызмет көрсетуші мен тұтынушылар арасындағы, су құбыры желілері бойынша теңгерімдік шекарасы – сол үйдің сыртқы қабырғасы екені білуі тиіс. Ішкі желілік құбырларының барлығы тұрғындардың ортақ меншігі болып есептеледі. Жертөледегі немесе кіреберістегі су құбырларының барлығы тұрғындардың өз тарапынан жылытқышпен оралып, жертөленің саңылаулары қысқы маусымда жабылу керек.
«Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС мекемесі жертөлелерді қамту бойынша аудан әкімдіктеріне тиісті хат жолдаған. Бұл орайда қала тұрғындарына да тиісті ескертпелер берілген.

ҰЙЫМШЫЛДЫҚ МАҢЫЗДЫ...

Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімі аппараты қоғамның орта сапасын дамыту бөлімінің басшысы Бауыржан Қалдыбаевтың айтуынша, көпқабатты үйлерде қысқы маусымға дайындау жұмыстары толық жүргізілген. Бұл бағытта тұрғындармен кездесулер ұйымдастырылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Биылғы қаңтардағы қатты аязда аудан аумағында бірқатар көпқабатты үйлерде мәселелер туындаған еді. Бөлім басшысы биылғы маусым толық дайындыққа келтірілгенін айтады.
Аудандағы көпқабатты үйлердің бәрінің жертөлелерін қымтау, су сорғылары, желілерін толық ретке келтіру жұмыстары толық аяқталған. Ал Ғ.Орманов көшесі №20 көпқабатты үйдің тұрғыны Әлия Жаппарова өткен қысқы маусымда су жүйелеріне байланысты ешқандай мәселе туындамағанын, тұрғындармен бірлесе бірқатар іс-шаралар жүргізілгенін атап өтті.
– Біздің үйдің тұрғындары ұйымшылдық танытып келеді. Былтыр кіреберістегі әйнектерді пластик терезелерге ауыстырдық. Үйдің шатыры да 4 жыл бұрын жаңартылды. Қазіргі уақытта су құбырлары, жылу жүйелерінде ешқандай ақау жоқ. Былтырғы маусымдағы қатты аязда қату жағдайы болған жоқ. Қазір үйге жылу, су үздіксіз келіп тұр. Жалпы қысқа толық дайынбыз, – дейді 46 жастағы қала тұрғыны.

ИНВЕСТ БАҒДАРЛАМА ТИІСТІ ДЕҢГЕЙДЕ ОРЫНДАЛДЫ

Айта кетсек, Шымкент қаласында су құбыры және кәріз жүйелерін жөндеу, қайта құру бойынша 2021-2025 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама бекітілген еді. Биыл ірі 8 нысанда құрылыс жұмыстары толық аяқталған.
Шаһарда халық санының өсуіне және шағынаудандардың кеңеюі, жаңа тұрғын алаптардың орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылуына байланысты тұтынушылар санының артуы себепті, ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстарын жандандыру бағытында жоспарлы жұмыстар қолға алынды.
Инвестициялық бағдарламаны іске асыру нәтижесінде мынадай оң көрсеткіштерге қол жеткізілген. Атап айтқанда, су жүйелеріндегі нормативті ысырап шығыны 9,08 пайыздан 8,9 пайызға, су жүйелеріндегі апаттар саны 2022 жылмен салыстырғанда 20 пайызға, су тасымалдау қызметі бойынша тозу деңгейі 4,6-дан 4,3 пайызға, сарқынды суды бұру қызметі бойынша тозу деңгейі 4,8-дан 4,6 пайызға төмендеген.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.