БАҒА – БАҚЫЛАУДА Избранное

Пятница, 19 Август 2022 04:11 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 2157 раз

Шымкентте азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру бойынша іс-шаралар қабылданды

Шымкент қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, тауарлардың бағасын негізсіз өсірмеу жөнінде бірқатар ірі сауда орындарымен келісімдер жасалған. Қалада тұрақтандыру қорының жұмысы, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бақылау мақсатында арнайы баспасөз-туры ұйымдастырылды. Қалалық ауылшаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Қ.Базарбеков қалалық тұрақтандыру қорының жұмыс барысымен таныстырды. Іс-шара барысында жағдай тұрақты екеніне көз жеткіздік.

357

 

Белгіленген бағада сатылуда

Іс-шарада БАҚ өкілдері ірі сауда желілерінің бірі GraMad сауда орталығындағы бағаны бақылады. Онда 12 әлеуметтік маңызға ие азық-түлік тауарлары белгіленген бағада сатылып жатыр. Сауда орнына 800 млн теңге айналым қаражаты берілген болатын.
Келісімшартқа сәйкес, әр тоқсан сайын бірінші қажетті әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарларына бағалар бекітіледі. Сауда орталығындағы баға бекітілген деңгейде сақталған. Әлеуметтік тауарлар қатары арнайы белгіленіпті. Қажетті тауарлар қоры жеткілікті. Мәселен, әлеуметтік маңызы бар құмшекердің бағасы мұнда – 480 теңге. Халыққа қажетті тауарлардың бәрі қолжетімді бағада. Бұл қала аумағында төмен бағалардың бірі болғандықтан «спекуляцияны» болдырмау мақсатында шекер, күнбағыс майы тұрғындарға кезекпен әрі шектеулі көлемде берілуде.
Сауда орталығының атқарушы директоры Абай Шулановтың айтуынша, таңертең жұмыс осы әлеуметтік тауарларды реттеу, босаған тауардың орнын толтырудан басталады. Қажетті көлемде қамтып отыру басты назарға алынған. Мұнда ең көп сұранысқа ие тиісінше құмшекер мен күнбағыс майы. Ал баға бір маусым бойы өзгермейді.
Сонымен қатар, БАҚ өкілдері сауда орнының азық-түлік қоймасын аралап көрді. Онда 2000 тоннадан астам азық-түлік тауарларын сақтау мүмкіндігі қарастырылған. Қойманың ауданы – 15 мың шаршы метр. Сауда орталығынан 5-10 тонна көлемінде азық-түлік тауарлары күнделікті сауда желілеріне таратылады. Қалада сауда орталығының жалпы 15 дүкені жұмыс істейді.
Қазіргі таңда әлеуметтік тауарлардың таусылып қалмауы, сапалы болуы ұдайы бақылауда. Өйткені баға қымбаттап немесе азық-түлік тауарлар таусылған жағдайда, тұрғындар бірден шағым жасайды.
– Бізде азық-түлік қоры жеткілікті. Кей жағдайда құмшекер, картоп таусылып қалды деген шағымдар айтылады. Біз тауарды қабылдап жатқан кезде ондай жағдай болуы мүмкін. Қабылданған тауарды базаға енгізуге бес минут уақыт кетеді. Сол уақытта кейбір тұрғындар уақытты күтпей, бірден байбалам салатын жағдай да кездеседі. Тұрғындар да біздің жұмысымызға түсіністікпен қараса екен дейміз. Ал қоймаға азық-түлік тауарлары бір айға жететіндей қормен жеткізіледі. Сондай-ақ, тауарлардың жарамсызы сатылымға шығарылмайды. Оны күнде іріктеп, сұрыптаудан өткізетін мамандарымыз бар, – дейді сату бөлімінің менеджері Меруерт Бердібаева.

17 сауда желісімен келісімшарт жасалған

Шаһарда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына күнделікті мониторинг жүргізілуде. Қалалық әкімдіктің жұмыс тобынан бөлек, статистика департаменті, табиғи монополияларды реттеу департаменті, AMANAT партиясының қалалық филиалы жанынан құрылған арнайы мониторинг тобы күнделікті қадағалап отырады. Үкіметтің қаулысымен әлеуметтік тауарлар тізбесі бекітілген.
Қазір шекер мәселесі де шешімін тауып, жағдай тұрақталды. Қалалық ауылшаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Базарбековтың айтуынша, азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытында 17 сауда орнымен келісім жасалған. Биыл олардың санын 2 есеге ұлғайту көзделуде. Жалпы тұрақтандыру қорында 2018 жылдан бері келе жатқан 7,7 млрд теңге айналым қаражаты бар.
Келісімшартқа сәйкес, сауда желілері қаржыны бір жылдан кейін қайтарып береді. Жалпы айналым қаражаты үш жылда бюджетке қайтады. Бұл – бюджетке ауыртпашылық салмау бағытында қолға алынған іс-шараның бірі.
– Әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақтандыру күн тәртібінен түскен емес. Бізде арнайы тұрақтандыру қоры, сонымен қатар, оның комиссиясы жұмыс істейді. Бүгінгі таңда Шымкент қаласында азық-түлік тауарлары қоры жеткілікті. «Өндірушіден тұтынушыға» қағидасы аясында сенбі, жексенбі және сәрсенбі күндері қаланың 4 жерінде азық-түлік тауарларының жәрмеңкесі ұйымдастырылуда. Оған Түркістан облысының көршілес аудандары мен Шымкент қаласының жергілікті тауар өндірушілері қатысады. Жалпы баға бақылауда. Тұрақтандыруға қатысушы сауда желілерінен бөлек, үйіргелік дүкендер, супермаркеттер, гипермаркеттер жұмыс істейді. Үкімет бекіткен Қаулыға сәйкес, әлеуметтік тауарлардың сауда үстемесі 15 пайыздан асқан жағдайда қолданыстағы заңнамаларға сәйкес, әкімшілік шара көріледі. Бірінші ескерту, екінші қайталанған жағдайда айыппұлдар салынады, – дейді Қ.Базарбеков.
Айта кетейік, қазіргі таңда жергілікті билік бекіткен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміне 19 тауар кіреді. Оның 14-і бойынша тұрақтандыру қорына түрлі өнім сатып алынып, барлығы да жергілікті тауар өндірушілерден жеткізіледі. Оның ішінде қарақұмық, күріш, өсімдік майы, ұн, макарон өнімдері, қант және тағы да басқа тауарлар бар.
Жалпы, халық көп тұтынатын тауардың бағасын қадағалау мақсатында ұйымдастырылатын бақылау іс-шаралары бойынша жауапты басқармалар мен базар, сауда әкімшілігіне ескертулер беріліп, анықталған кемшіліктерді жою бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.