ЕҢБЕК ДЕГЕН БАЙЛЫҚ БАР, ЕРІНБЕГЕН ЖЕТЕДІ Избранное

Пятница, 19 Август 2022 04:08 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 2154 раз

Бұрын екінің бірі кәсіп ашуға тәуекел ете бермейтін. Өйткені, тұрғындардың көпшілігі кәсіпкерлікпен айналысуға қомақты қаржы керек дегенді алға тартатын. Кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар санаға сіңген осы бір қағиданы бұзып, халықтың түсінігіне сілкініс әкелді. Қазір жағдай мүлдем өзгерген. Ниет болса, мемлекеттен қолдау түрлері де көп. Сондықтан болар осы күні ел ішінде жеке бизнесін ашып, берекелі іспен айналысуға бел буған отандастарымыздың қатары қалың. Ал ниеттілердің нөпірі әлі де толастар емес.

358

 

Осы орайда талай жанның асқақ арманын ақиқатқа айналдырған «Бастау Бизнес» жобасының орны ерекше. «Еңбек» бағдарламасының екінші бағыты шеңберінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы қолға алған бұл жоба соңғы алты жылда халықты кәсіпкерлік дағдыларына баулып, бизнеске деген қызығушылығын оятты. Азаматтардың бизнес-жобаларын сүйемелдеп, барынша қолдау көрсетті. Бұдан бөлек, бизнес-жоспарларды әзірлеуге көмек көрсетеді әрі кеңес беру тетігі де қаралған. Осы орайда Шымкент қаласында мемлекеттік бағдарламаны ұтымды пайдаланған тұрғындардың кәсібі жайлы айтып өтпекпіз.

«Кәсібіме қолдау болған жоба»

Жеңіс Мырзабаев «Бастау Бизнес» жобасы арқылы бизнес әліппесін меңгеріп, мемлекеттен 400 АЕК көлемінде грант алған. Бүгінде кәсіпкер өзі армандаған көлік жөндейтін бекет ашып, жүргізушілерге қызметін ұсынып отыр.

361

 

–Соңғы жылдары кәсіп бастап, көлік жөндейтін бекет ашуды көздеп жүрдім. Алдымен қаржылай көмек қажет болды. Жаңадан кәсіп бастаушыларды мемлекет қолдайтыны жайлы ақпаратқа көзім түсті. Жұмыспен қамту орталығынан кеңес алып, тиісті құжаттарымды тапсырдым. Ары қарай, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында білімімді жетілдірдім. «Бастау Бизнес» жобасының конкурсында өз бизнесімді сәтті қорғап, грантты ұтып алдым. Ол қаржыға керекті құрал-жабдықтарды сатып алдым, - дейді кәсіпкер.
Ж.Мырзабаев мұнымен шектелмей, алдағы уақытта бекетті кеңейтіп, жастарды жұмыспен қамтуды көздеп отыр.

Бизнесінің көкжиегін кеңейтті

Келесі кейіпкеріміз Жасұлан Әбдіғани да көлік жөндеу ісіне бала күнінен қызыққан. Бала күнгі арманы оның болашақ кәсібінің бастауы болды. Бүгінде Жасұлан өзінің көлік жөндейтін шеберханасын іске қосып, кәсібін жандандырған. Жас кәсіпкер қажетті саймандарға қол жеткізуде мемлекеттік қолдаудың демеу болғанын алға тартты.

360


–Шағын шеберхананы кеңейту үшін «Бастау Бизнес» жобасына қатыстым. Мемлекеттен берілген қаражатқа қажетті құралдарымды алып, көлік жөндейтін бекеттің техникалық жабдығын жаңарттым. Енді осы бекетті ауыр жүк көліктеріне қызмет көрсететін үлкен сервиске айналдыруды мақсат етіп отырмын, - деп Ж.Әбдіғани алдағы жоспарларымен бөлісті. Кәсіпкер кәсіп бастауға ниеттеніп жүрген азаматтарға батыл болуға және ең бастысы еңбектенуге шақырды.

«Жеке сұлулық салоным бар»

Ал, Юлия Калаева 5 жылдан бері сұлулық салондарында стилист қызметін атқарып келген. Уақыт өте келе Юлия өзінің жеке салонын ашуды жоспарлаған.
–Өзгенің сұлулық салонында істеп жүріп, «неге өзім жеке кәсіп бастамасқа» деген ой келді. Осы ойымды жүзеге асыруға мемлекеттен берілген 400 АЕК гранттың көмегі тиді. Міне енді менің өз салоным бар. Мұндай игілікті берген мемлекетке айтар алғысым шексіз, – дейді Ю.Калаева.

359


Шымкент қаласында мемлекеттік грант алып, кәсібін өрлеткен жандардың қатары күн санап артып келеді. Айталық, 2021 жылы жалпы 784 адам мемлекеттік грант иегері атанса, биыл 1 150 тұрғынға грант беру жоспарланған. Осы жылдың бірінші кезеңде (сәуір айында) 226 адамға грант тағайындалып, олар қазіргі таңда кәсіптерін бастап та кетті. Ал, екінші кезеңнің онлайн құжат қабылдау барысында 600-ден астам өтінім келген.