Өнегелі отбасы – елдің тұтқасы Избранное

Пятница, 18 Июнь 2021 04:50 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4581 раз

Отбасы – мемлекеттің бір бөлшегі. Біздің қоғамда отбасы құндылығын арттыруға үлкен көңіл бөлінеді. Көп балалы отбасыларына қолдау ерекше. Шырайлы қаламызда да отбасыларға қамқорлық көп. Үшінші мегаполистің мерейін асырып, тіршілігін дөңгелетіп отырған Ақбаевтар отбасына бас сұққан едік.

223

 

Нүркен Құрманәліұлының шаңырағында Құдайдың берген 7 перзенті бар. Жұбайы Әйгеріммен 4 ұл, 3 қызды тәрбиелеп келеді. Жасы қатарлас жұбайлар бір университетте, бір топта оқыған. 20 жаста неке қиып, шаңырақ көтереді.
– 2004 жылы үшінші курста оқитынбыз. Өмірлік көзқарастарымыз сәйкес, бағытымыз бір деп шешкен соң үйленуді де көпке созбайық дедік. Өзім де, жұбайым да үлкен әулеттен шыққандықтан, көп балалы отбасы болғымыз келді. Бала – үйдің берекесі емес пе? – дейді Нүркен жерлесіміз.
37 жастағы азамат ішкі істер саласында 14 жылдан бері еңбек етіп келеді. Қызмет жолын 2007 жылы Бәйдібек ауданында бастап, қазіргі таңда Шымкентте қызмет атқаруда. Әке тәрбиесін, ана ұлағатын көріп өскен азамат отбасылық құндылықтарды жоғары қояды.
Рахымжан, Бектөре, Қасиет, Молдияр, Раяна, Айғаным мен Марат бүгінде ата-анасының қолғанаты, ата-апасының көз қуаныштары.
Көп балалы Нүркен қызметте де абыройлы. 2021 жылы ҚР ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың грамотасымен марапатталды. Мектеп жасынан аудандық жарыстарға қатысып, боз кілемде белдесіп өскен азамат ұлдарының да спортпен айналысуына сеп болады. Қазір екінші ұлы Бектөре қазақша күреспен тұрақты шұғылданып жүр.
– Бұл өзі қызық басталды. 4-5 жасар кезінде екі ұлымды үйде күрестіріп көрдім. Сөйтсем, жасы кіші болса да Бектөре балам ағасынан бірден жығылып түспей, қарсылық көрсетуде. Соған қызықты ма, ертеңіне ағасын тағы да күреске шақырып, белсенділік танытты. Содан ұлымды спортқа берейін деп шештім. Басқа спорт емес, бірден күресті таңдадым, – дейді Нүркен.
Осылайша Бектөре бес жасында қазақ күресі әлемінің табалдырығын аттады. Бойында табиғи күш пен ептілік үйлесім тапқан жасөспірімнің жетістігі жетерлік. Басқа жеңістерін былай қойғанда 12 жасында Қазақстан чемпионы атанғанын атап айтуға болады. Үлкенге ізет көрсетіп жүретін елгезек бала командаластары арасында сыйлы. Бала кезінде жаттығып жүрген клубтың ересек жігіттері қыста қар қалың кезде мойындарына мінгізіп, үйге дейін жеткізіп салғаны Бектөренің есінде қалған.
Ал Алтын алқа иегері Айгерім Елекбаева – үй шаруасында. Бүгінде ата-енесі мен отбасының бабын тауып, үйдің жұмысын дөңгелетіп отыр.

Миллионшы тұрғын – 3 жаста

 

224

Көп балалы отбасы атануға ниетті жастардың бірі – Еламановтар отбасы. Бұл отбасының басқалардан ерекшелігі – тұңғыштары Шымкенттің миллионыншы тұрғыны атанған.
Бұл тарихи сәт 2018 жылы, Шымкенттің республикалық қала атануы қарсаңында болды. 17 мамыр күні дүние есігін ашқан Айсұлу есімді бүлдіршін Шымкенттің миллионыншы тұрғыны деп ресми түрде танылды. Бұл оқиға бір отбасын ғана емес, қала жұртшылығын қуанышқа бөледі. Сол кездегі қала әкімі Нұрлан Сауранбаев пен облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жас отбасын арнайы құттықтап, кәсіпкердің демеушілігімен екі бөлмелі пәтер кілтін табыстаған-ды.
– Сол кездегі сезімді сөзбен жеткізу қиын. Сәбиіміздің қаланың миллионыншы тұрғыны атанғанына қатты қуандық. Бүгінде Айсұлу қызымыздың жасы 3-тен асты. Бүгінде ел ағалары сыйлаған сол пәтерде тұрып жатырмыз, – дейді Айсұлудың әкесі Самат Еламанов.

225


Қазір бұл отбасында екі қыз өсіп келеді. Айсұлудан кейін 2020 жылы Сәния есімді бүлдіршін дүние есігін ашып, таяуда 1 жастан асты. Бір қызығы, ерлі-зайыпты түйдей құрдас екен. Болашақта көп балалы отбасы атансақ деген жоспары бар.
– Бәрі бір Алланың қолында ғой. Негізі біз кемінде бес-алты баланы дүниеге әкелсек деген ниеттеміз. Айсұлуымыз болашақта соларға бас-көз болып, қамқорлығына алады деп ойлаймыз. Бүгінде өзі сәби болғанына қарамастан кішкентай бала көрсе құшақтап, бетінен сүйіп, тіпті ойнатады. Сіңлісін қатты жақсы көреді, – дейді анасы Айжан Ахайбекова.
Шымкенттің миллионыншы тұрғыны қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі медицина саласының қызметкері, ал анасы банкте еңбек етеді, бүгінде бала тәрбиесімен декреттік демалыста.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.