ЖЕТКІНШЕКТЕРДІ ЖАҚСЫ КӨРЕТІН «ҚАМҚОРЛЫҚ» Избранное

Среда, 05 Апрель 2023 03:57 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 5580 раз

Ерекше балаларға 18 жасқа дейін қызмет көрсететін «Қамқорлық» орталығы елімізде алғаш болып Шымкент қаласында ашылды. Орталықтың ашылу салтанатына ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрағасы Болат Жәмішев, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның өкілі Ғибрат Ауғанов, «Samruk-Kazyna Trust» қоры бас директорының орынбасары Серғожа Қалиасқаров, «Қамқорлық қоры» қорының директоры Арайлым Еркінова қатысты.

129

 

Іс-шара қонақтары ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған орталықтың жұмысымен толық танысып, балалардың ата-аналарымен тілдесті. Оңалту ісі бойынша ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
— Ерекше балаларға арналған емдеу орталығын ашуда ең үлкен мәселе – жергілікті әкімдіктің арнайы ғимарат дайындап беруі. Үлкен әрі балалармен жұмыс жүргізуге ыңғайлы ғимарат салып берген Шымкент қаласының әкімдігіне алғыс білдіреміз. Биыл елімізде осындай 8 орталық өз жұмысын бастайды. Бұл орталық алғашқы болып Шымкент қаласында ашылып отыр. Осы орталықта 1,5-18 жасқа дейінгі балалар күніне 4 сағат тегін оңалту қызметін алады. Шымкент қаласы әкімдігі қолдау білдіріп, ғимаратпен қамтамасыз етсе, біз тағы бір орталық ашуға дайынбыз, - деді «Қазақстан халқына» қорының төрағасы Б.Жәмішев.

Орталықтардың қатары көбейеді

Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының дерегінше, Шымкентте қазір психоневрологиялық дертке шалдыққан және аутизммен ауыратын 220 бала тіркелген. Алдағы уақытта «Қамқорлық» орталығында 110 бала екі ауысымда жарты күн әлеуметтік қызмет алу мүмкіндігі бар. Қазірдің өзінде 40 бала ем қабылдап жатыр.

130


— «Қамқорлық» орталығы аты айтып тұрғандай 18 жасқа дейін балаларға өз есігін қамқорлықпен ашады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ашылған мекеме «Қазақстан халқына қоры», «Самырұқ-Қазына» АҚ-ы және «Қамқорлық қорының» демеушілігімен Финляндия, Жапония, АҚШ және Австрия елдерінің құрылғы жиынтығымен жабдықталды. Бұған дейін балалар өзге орталықтарда 3 ай ғана әлеуметтік қызмет алатын. Енді олар осында мамандардан ем алып, қосымша біліммен қамтылады. Біз қаламыздағы барлық ерекше балаларды осындай орталықпен қамту үшін алдағы уақытта тағы бір ғимараттың құрылысын жоспарлап отырмыз,- деді қала әкімі Мұрат Әйтенов.

Ұзақ мерзімді көмек көрсетуге мүмкіндік береді

Орталық психоневрологиялық ауытқуы бар балаларға жартылай стационарлық жағдайда қызмет көрсетеді. Қызмет алушы балалар үшін проекциялық интерактивті сенсорлық бөлме, сенсорлық-интеграциялық бөлмелері, емдік дене шынықтыру залы, робототехника және лего кабинеті, музыка-терапия, арт-терапия бөлмелері мен тігін, ағаш, қыш шеберханалары қарастырылған. «Қамқорлық қоры» корпаритивті қорының директоры Арайлым Еркінованың айтуынша, дәл осындай орталық биыл тағы жеті өңірде де өз жұмысын бастамақ.
–Көптеген отбасы үшін білікті мамандардың көмегі қолжетімді емес немесе ақысы тым қымбат. Мұндай мәселе ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналар үшін өзекті болып келді. «Қамқорлық» орталығының ашылуы аутизмнің ауыр түрлерімен ауыратын балаларға ұзақ мерзімді көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Осы мәселені жүзеге асыруға біздің қорды «Қазақстан халқына» және «Самырұқ қазына» қорлары қолдап, орталықтарды жарақтандыруды қаржыландырды. Биыл өзге өңірлерде де тағы осындай орталықтардың ашылуы жоспарланып отыр. Олар – Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Жамбыл, Қостанай және Павлодар облыстары, - деді А.Еркінова.

Ерекше балалар қосымша біліммен қамтылады

Балалармен жұмыс істеу үшін орталықтың 36 маманы «Қамқорлық қоры» мен «Балама» оқыту орталығының келісімі негізінде біліктілігін арттыру курстарынан өткен. Психоневрологиялық ауытқуы бар балаларға осындай орталықтың ашылғанына ата-аналар қуанышты. Өйткені, мұндай ерекше балалар бұған дейін оңалту орталықтарында 3 ай емделіп, ары қарай өз кезегін күтетін болған. Ал, жаңадан жұмысын бастаған мекемеде келгеннен 18 жасқа дейін емделіп, қосымша біліммен қамтылады. 5 жастағы баласын осы орталыққа әкеліп жүрген Ләйла Мұсалы перзентінің осындай бар жағдай жасалған, білікті мамандар шоғырланған мекемеде 18 жасқа дейін емделетініне қуанышты.

131


–Біздің балаларымыз өзге балғындар секілді балабақшаға, мектепте білім ала алмайды. Қоғамдық орындарда да адамдардың мүсіркеп, жақтырмай қарайтынын көріп жүрміз. Тіпті, өзге балалар сияқты аулада ойнауға мүмкіндік жоқ. Өйткені, барлығы денсаулығы қалыпты балақайларға арналған. Олар тек осындай арнайы орталықтарда ғана еркін ойнап, мамандардан білім алады. Бұған дейін қырауар қаржыға ақылы мекемелерде ем алдық. Мемлекеттен қаржыландырылатын ақысыз орталықта 3 ай ғана емделіп, тағы ақылы жерге барамыз. Бүгінгі ашылып отырған «Қамқорлық» орталығында емделу мерзімі қысқа демей, «ақысын қалай төлейміз» деп уайымға салынбай, баламды алаңсыз 18 жасқа дейін күніне жарты күн ем қабылдауға әкелетін болдым. Осы орталықтың ашылуына ұйытқа болған барлық демеуші қорларға көп рақмет, - деп Л.Мұсалы өз қуанышымен бөлісті.

Әр баланың кішкене жетістігі – үлкен жеңіс

Емнің сәтті өтуіне қызметкерлердің дайындығы мен кәсібилігі ғана емес, шыдамдылығы мен сүйіспеншілігі де әсер етедіүлкен рөл атқарады. Орталықтың штаттық құрылымында 92 орын болса, қазір 62 маман балалардың дамуы жолында қызмет етіп отыр. Балаларды дамытудың нормативтік құжатына сәйкес, мамандар негізінен корекциялық сағаттарға көбірек мән береді екен. Қазірдің өзінде 18 маман озық елдердің методикасы негізінде біліктілік курсында шыңдалған.
— Әлеуметтік саланың стандарты бойынша психоневрологиялық ауытқуы бар балаларға қосымша білім беруде бір маманға 6 бала сай келеді. Ата-аналардың көбі мұндай стандартқа наразылығын білдіріп отыр. Өйткені, «бір ата-ананың өзі жалғыз балаға әрең әлі келіп отырғанда, бір маман 6 баланы қалай игереді?» деген сұрақ туындап жатыр. Балаларымыздың ерекшелігін ескерген Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі осы мәселе төңірегінде жұмыс тобын құрып, осындай балалардың біліммен қамту жөнінде арнайы методика жасап жатыр. Ал, корекциялық бағытта бір балаға 3 қызметкер, яғни дефектолог, психолог және тәрбиеші бекітіледі. Орталықтың ресми ашылуына дейін екі ай бойы осында келген 13 жастағы бала өмірінде алғаш рет дыбыс шығарып, бүгінде сөйлеуге талпынып, айтар сөзін әртүрлі дыбыстар арқылы жеткізетін болды. Әр баланың титтей жетістігі біз үшін үлкен жеңіс,- дейді «Қамқорлық» №8 балаларға арналған арнаулы орталықтың директоры Гүлнұр Сауытбаева.
Осында емделіп жатқан балалардың бойында да, ойында да жақсы өзгеріс барын ата-аналары растап отыр. Алдағы уақытта оңалту мекемесі ата-аналарға да балалармен қарым-қатынас жөнінде психологиялық білім беруді қолға алмақшы. Бұл емдеудің нәтижесін көріп келе жатқан балаға оң әсер етері сөзсіз.