Бәсекеге қабілетті болуың – нарық талабы. Жұмысты бірлесе бастаған жігіттер әрдайым өздерін өздері жетілдіруге мән береді. Уақыт сәтімен кәсіптің қыр-сырына қаныға түскен. Алға жетелейтін – өздерінің табанды мақсаты мен сүттей ұйыған ұйымшылдығы. Ең басты жетістіктері – ұжымдық рухты қалыптастыруында. Ашылғанына он жылдан асқан, жыл сайын қанатын кеңге жайып келе жатқан «Ернияз» медиа тобының ең әуелі компьтерлік қызмет көрсетуден басталғанына сенер ме едіңіз?!
Фриланс қызметіне де жүгінеді
Бүгінде кәсіптің көзін тапқанға барлық мүмкіндік бар. Елбасының "Бес әлеуметтік бастама" бағдарламасы аясында шағын кәсіпкерлікті игеріп, елдің дамуына өз үлесін қосып жүрген жастардың талабы қуантады.
Осы бағыта жарнама, баспа ісі саласын дамытуды қолға алған жігіттердің берекелі тірлігіне риза боласыз. «Ернияз» медиа тобының қызметкерлерінде жұмыс қызған шақ қазір. Шымкент үшінші қала мәртебесін иеленгендіктен, жұмыс та, жауапкершілік жүгі де ауырлай түскен. Мекемелердің бүкіл іс-қағаздарынан бастап, төлқұжатына дейін ауыстыруға тапсырыс көп түсуде. Уақыт тығыз, жылдам істелуі қажет.
– Бәріне де үлгеріп жатырмыз. Кей күндері 18-20 сағатқа жуық жұмыс істедік. Себебі, кесте өте тығыз. Бүгін келісімін алсақ, ертеңге дейін аяқтауды қажет ететін жұмыстар. Бұндай жағдайлар бізге таңсық емес. Бұған дейін іс-тәжірибемізде болып жүрген дүниелер. Қызметттердің бәрі 100 пайыз өзімізде істеледі. Заманауи құрылғыларымыз бар, – дейді медиа топтың басшысы Ербол Дайрашұлы қазіргі жұмыстың тыныс-тіршілігімен таныстырып.
Жалпы, Шымкентте қай сала болса да бәсекелестік зор. Мәселен, бұл салада тек қана баннер шығарумен айналысатын, оны отбасылық кәсіп етіп алғандар бар. Ал «Ернияз» тобы кешенді қызмет түрін ұсынады: баннер жасап, оны орнатып береді. Шақыру қағазы керек болса, оны да дайындайды. Кейде тұтынушылардың арасында баннерге «Менің атымды ойып жазып, іліп қойсаңыз» деп өтініш айтатындар да табылады.
Қазір фриланс қызметі дамып жатыр. Кейде бұл әдістің көмегіне жүгінетін сәттер де болады. Яғни, ол дегеніміз өз дизайнерлерінің күшінен тыс тағы да қосымша мамандардың қызметіне жүгіну. Бұл маңызды эскиздік жобалардың нобайын жасауда қажет.
– «Ернияз» медиа тобы деп өзгеруіміздің де басты себебі осы еді. Қазір біз кез келген тапсырысты орындай береміз. Полиграфия, типографиядан бөлек мемлекеттік мерекелік күндерге арналған іс-шараларды ұйымдастыруды қолға алдық. Оның ішінде 30 пайызын полиграфиялық жұмыстар құрайтынын білесіз. Біз тек типографиялық жұмыстарды ғана істейміз деп отыратын болсақ, нарық көшіне ілесе алмай қаламыз. Алда латын қарпіне көшуге байланысты да жұмыстарымыз қарқын алмақ. Фриланс қызметін айтар болсақ, кейде өте биік ғимараттарға шығу керек болады. Менің техникам 3 қабатқа ғана жетеді. 5-10 қабатты ғимараттың тапсырыстарын орындау үшін үнемі сол 10 қабатқа шығатын техниканы ұстап отыру шарт емес. Сол себепті кейде біз қосымша қызметке де жүгінеміз, – дейді жас кәсіпкер өз ерекшеліктерін баяндап.
Несиеге компьютер алып басталған кәсіп
Әр кәсіптің қиындығы, қызығы болады. Әрине, жетістікке жету – жұмыстың жүйесін таба білуде. Төрт жігіттің бастамасымен мекеме 2006 жылы «Ернияз» болып құрылды. Ол кезде тек компьютерлік қызмет көрсететін шағын ғана мекеме-тұғын. Жігіттер әуелгі мақсат бизнес ашамыз деген ой емес, күн көру, тіршілік болғанын айтады. «Эврика» дүкенінен бір компьютерді несиеге алып, тәуекелге бел байлаған. Содан бері жалғанып келе жатқан кәсіпке 12 жыл болыпты. Бастапқы 5-6 жылдағы жағдай – әлгіндей. Жетінші жылда мемлекеттік рәміздерді істеуге көшкен. 2013 жылы рәміздерді жасау бойынша лицензияның иегері атанады. Қаланың сырт жағында цех бар. Ербол тәуекелге бел байлап, туған ағасын оқытады.
Осылайша 4 жігіт болып басталған жұмыс бүгінде әйдік мекемеге айналды. 100-ден астам қызмет түрі бар. Қазір 21 қызметкер тұрақты жұмыспен қамтылған. Штаттан тыс 4-5 жұмысшы тағы бар. Бәрі де бір үйдің баласындай өнімді еңбек етуде.
Мінекей, табанды мақсат, талаптылықтың арқасында осыдан төрт жыл бұрын «Кереге» фирмасы өз отауын бөлек тікті. Оны дөңгелетіп жүрген – кезінде жұмысты бірге бастаған Ниязбек Қалымбетов дейтін азамат. Онда да осы қызмет түрлері бар. 10-нан аса адам нәпақасын айырып жүр. Былтыр жігіттердің қатарындағы Еркебұлан Ермекұлы да «Ернияз Fotobook» орталығын қолға алып, жеке шықты. Уақыт сәті келген.
– Компаниямызда шарықтаған, құлдыраған кездері болады. Кейде орта темпке түсіп қаламыз. Кез келген дамушы компанияда бұндай жағдай болуы – қалыпты құбылыс. Өз-өзімізді дамытпасақ, жұмыс та құлдырай бастайды. Оған негізінен басшы тікелей жауапты. Мәселен, кітап аз оқысаңыз, жұмысыңыз да алға жүрмейді. Әрдайым сергек болып, өзіңді ояу ұстап жүруің керек. Рухани, физикалық әлеуеттеріңді дамыту, техникалық ақпараттардан да хабардар болып жүруің, бәрінің жұмысқа әсері бар. Өз-өзімізді жетілдіреміз. Әзірге шет тілінен нанымды сұрап жей алтын халдемін. Болашақта осы олқылықты да түзетіп, тілді меңгеру қажет екенін түсіне бастадым, – дейді Ербол Дайрашұлы негізгі тәртіптерінен хабардар етіп.
«Ұжымдық рухты қалыптастырдық»
Таяуда кәсіпкерлер бас қосқан үлкен жиынға қатысқанбыз. Сонда табысты жас кәсіпкерлер қазір көп жастар нетворкинг әдістерді, ұжымдық рух қалыптастыруға мән бермейтінін айтқан еді. Ол рас. Ал «Ернияз» ұжымының қыз-жігіттері ең алдымен осы қасиеттерді дамытуға күш салады. Жылда өтетін БАҚ спартакидасында командалық сайыста үнемі жүлдегер қатарынан көрінетіні сөзімізге дәлел.
– Бізде командалық рухты қалыптастыру – маңызды бағыт. Біз аптасына бір рет ұйымдасып, доп ойнаймыз. Жыл он екі ай үзілмейді. Осы компанияда жұмыс істегендіктен, бір командалық ойын түрінен қабілетімізді дамытуды ойладық. Таңдауымыз футболға түсті. Аптасына бір рет ұжымдық рухты қалыптастыру үшін жасыл алаңда бас қосудың маңызы зор. Жетістіктеріміздің бір қыры осы болса керек. Қызметкерлерге өзгеруді өзімізден бастайық деп үнемі айтамын. Адамдармен дұрыс мәміле жасай білу маңызды, – дейді Ербол.
Нетворкинг қасиеттерді дамыту, жұмысты жүйелі ұйымдастыруда ортақ талқының, семинардың маңызы зор. Сол себепті де мекемеде аптасына бір рет тренинг сабақтар өту дәстүрге айналған. Идеялар тоғысады, ұсыныстар айтылады, жалпы шығармашылық әлеует осындайда көрінеді. Мәселен, бір тапсырыс беруші «Мен мынадай асхана аштым. Маған осындай маңдайша керек» деп тапсырыс береді де кетеді. Қызметкерлер оны әрі қарай қорытып, дамытып, талқыға салады. Оның маңдайшасына бастап ас мәзіріне дейін жан-жақы талдап, шығармашылықтарының әлеуетін көрсетіп, жасап береді. Сенім – үлкен жауапкершілік.
Жалпы, ұжымдық рухты қалыптастырудағы тағы бір жетістіктің бір сыры осында. «Ернияз» ашылғалы бері келіп-кеткен қызметкерлердің жалпы саны 100-ге жуықтапты. Оның дені жастар.
Жастарға жалындаған жарасады
Кәсіп дегеніміз – адал жолмен өзіңнің интеллектіңді сата білу. Адам қай сала болса да өз ісінің майталманы болуы керек. Іскер жігіттердің алдағы жоспарлары да ауқымды. Полиграфияны дамытып, медиа топ болып өзгергеннен кейін үлкен жобаларды іске асырмақ. Бүгінде мемлекеттік іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыру – басты жоспарда. Ең басты мақсат – көштен қалмай, әріптестерімен қатарласа дамып отыру. Бізде жастарды кәсіпке тартуда ақпараттық насихат кемшін. Мектеп қабырғасында жүргеннен жастарды өз қабілеттеріне қарай бөлмейміз. Жастар әр қилы. Өз-өздеріне мақсат қоя білетіндері бар. Бір істі атқару үшін сенім арту керек болады. Онда таңдау екі түрлі. Кейде сенгеннен артасың, енді бірде сену керек болғаннан кейін артасың. Басқа таңдау жоқ қой. Кей жігіттер соны түсініп, алып кетіп жатады. Бірі үдеден шыға алмайды. Жалпы айтқанда, жастардан күдер үзуге болмайтыны тағы анық.
Орда бұзар жастан асқан кәсіпкер азамат осылай деп сыр шертеді. Қазір айналамызда бизнес-тренингтер көп-ақ. Бай болудың жолын үйретеміз дейді. Оның көбеюінің басты себебі – біздің өз-өзімізді дамытпағандығымыздан. Жетілдірген ақпаратқа мұқтажбыз. Негізінен, олардың ішінде өз саласында жетістікке жеткен адамның сабағына жететін дәріс жоқ. Жалпы, тренингте айтылғандарды жасамайтынымыз тағы рас. Біз естігенімізге амал етсек, бір істі қолға алар едік-ау.
Мемлекет мол мүмкіндік ұсынып отырғанда кәсіптің көзін таба білген жөн. Әрі жұмыстың ауқымын ұлғайтып, жетілдіремін десеңіз, қаржылық қолдау зор. Бұл әсіресе, ноу-хау, қазіргі сұранысқа ие жаңа жобаларға қатысты. Мәселен, былтыр жаңа цифрлық технология бағытындағы «Фотобуктың» бизнес-жоспарын дайындағанда «Даму» қорынан қаржылық жеңілдіктер берілген. Жеңілдетілген ең төменгі 6 пайыздық несие де тамаша қолдау емес пе?!
Әрбір қазақ азаматы өз елінде бақуатты ғұмыр кешуі – өз қолында. Бай болмаса да кедейлік қамытымен жүруі ұят. Әлеуметтік жағдайдың төмендігі жақсылық емес, әрине. Жас кәсіпкермен әңгімелесе отырып, жұмыстарының бүгінгі тыныс-тіршілігін көре отырып, осынай ой түйдік.