Интернет маркетинг кәсіпкерлерге қандай мүмкіндік береді? Избранное

Пятница, 07 Сентябрь 2018 04:47 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 6159 раз

Интернет желісі адамдарды өзіне баурап алғалы көптеген салаларда өзгерістер орын алуда. Елдің игілігіне жұмыс істеуді көздеген кәсіп иелері ендігі сұранысқа сай цифрлы дәуірге көшті. Бұл орайда маркетингте де айтарлықтай жаңашылдық байқалады. Биылғы маркетингтегі трендтер қандай?

Fotolia 43919286 banner

– Соңғы жылдары жарнама беруші кәсіпкерлердің қызығушылығы интернетке ауа бастады, – дейді «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының маркетолог-маманы Асхат Шотаев. – Кәсіпкерлер қаржыны аз жұмсап, тұтынушыларды көптеп тартуды көздейді. Осы тұста интернеттегі маркетинг жүргізудің оңтайлы жолын таңдап жатады. Бұл – олар үшін тиімді құрал. Бүгінгі таңда еңбектеген баладан, егде жастағы қарияларға дейін смартфон қолданушылары екенін ешкім жоққа шығара қоймас. Бұл адамдар қажетті ақпараттарды смартфондардан оқиды. Міне, интернет маркетингтің кәсіпкерлерге берер мүмкіндігі осыдан арта бастады.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасының маманы жарнаманың екі жолын бүгінде қалай жүзеге асып жатқанын айтып өтті.
– Жалпы жарнаманың екі жолы бар. Олар – онлайн және оффлайн жарнамалар. Алдымен, онлайннан бастасақ. Биылдан бастап ірі компаниялар жасанды интеллектерді қолға алуда. Intercom және Drift секілді бағдарламалар арқылы маркетологтар тұтынушыларымен онлайн-чат құралдарымен жасанды интеллект бойынша сөйлесіп, сайт арқылы сапалы қызмет көрсетуге тырысуда. Сонымен қатар, жаңадан шығатын көліктерде де жарнамалық тақтайшалар орналастыруды құп көруде. Дыбыстық жарнамаларда жыл санап сұранысқа еніп келеді. Былтырғы онлайн сауданың 20 пайызын дауыстық іздеулер құрағанын білесіз бе? 2020 жылдары бұл нарықта 50 пайызға көтеріледі деген болжам бар.

4

Аудиториясы көп әлеуметтік желілердегі жарнама да кәсіпкерлер үшін ыңғайлы бола түсуде. Компаниялардың іс-шаралар ұйымдастыру арқылы да жарнама жасауын ұтымды шешім деп қабылдауға болады. Кәсіпкерлерге арналған LinkedIn B2B сайты да жанданып келеді. Міне, бұл онлайн сауда жасау немесе кәсіпкерлікті интернет желісі арқылы жүргізудегі биылғы трендтер. Онлайн дүкен ашуда өңір кәсіпкерлерінің белсенділігі байқалмайды. Дегенмен олар компания сайтын немесе мобильді қосымшасын іске қосуда. Тек жеткізу қызметтерін ұсынатын онлайн сайттар оң жолға қойылып келеді – дейді Асхат Шотаев.
Маркетолог маманың айтуынша, оффлайн жарнамаларға БАҚ және сыртқы жарнамалар жатады. Осы тұста, кейінгі кезде кеңінен нарыққа еніп кеткен мекемелер мен компанияларда қолданылып жатқан әлеуметтің медиа маркентингі жайында да айтып өтті. Асхат Шотаев жалпы елімізде SMM мамандары контентті орыс тілінде жүргізіп жүргенін де тілге тиек етті.
– Біздің өңірде контент қазақша жүргізіледі. Яғни, мемлекеттік тілде сапалы ақпарат беріп жүрген ірі ұйымдар көбейіп келеді. Бірақ кері байланыс кезінде мекемелер тарапынан уақытылы жауап қайтару керек екенін ұмыт қалдырып кететіндей. Әлеуметтің медиа маркентингінде кері байланысқа ең ұзағы 30 минут беру керек деген ұстанымда жүрміз. Бұл әлі нақты жолға қойылмағандықтан белгілі компания немесе кәсіпорынның талабына сай жүргізіліп келеді. Бірақ интернетте үнемі өзгерістер орын алып жататынын ескерген жөн. Сондай-ақ, браузерлер мен әлеуметтік желілерде жаңаша функциялар ойлап табудан бәсекелестіктің бар екенін де назарда ұстау қажет. Визуалды ақпарат та нарық сұранысын өтеп жүр, – деп түйіндеді өңір маркетологы.
Ал алматылық маркетолог Мақсат Серәлі қазіргі таңда елімізде халық онлайн-саудамен айналысатын 75 мың сайттың қызметіне жүгінетінін айтуда. – Ғаламтор арқылы жасалған сауда көлемі биыл 1,8 пайызға артқан. Бірақ онлайн саудамен айналысатын сайтты таңдаған кезде сатылатын тауардың сапасы, сайт жайлы ел-жұрттың пікірін қаперге алу керек. Содан соң тауар ұнамай қалса, 14 күннің ішінде кері қайтаруға болады. Онлайн сауда жасау үшін банк карточкасы керек немесе тауарды жеткізушіге қолма-қол ақша беріледі. Тағы бір ескеретін жайт, сайт арқылы киім-кешек сатып алу кезінде тапсырыс беру уақыты ескерілуі. Өйткені тапсырыс шетелдік сайтқа берілсе, екі апта күтуге тура келеді, ал егер отандық сайт болса тауарды 2-3 кей кезде 5 күнге күтесің. Жалпы, сауда-саттық жасаудың дәл осы тәсілінің тиімділігі – уақытты үнемдейсің әрі көп шығын шығармайсың. Дей тұрғанмен, тапсырысың келген кезде тауарды бірден жан-жақты тексеріп алған жөн. Сосын сайт арқылы тапсырыс берген адамдармен ақылдасып, сондағы киім-кешек, сайт жұмысына қатысты пікірлерін біліп алып, таңдау керек. Жеткізу үшін ақы сұрамайтын, ақшасын бермес бұрын киіп көруге мүмкіндік беретін, сонымен қатар жеңілдіктер ұсынатын сайтты таңдаған абзал, – дейді маркетолог.
Қазір халықтың 60 пайызы ірі сауда орталықтарындағы дүкендерден киім сатып алатынын ескерсек, оффлайн сауда мен онлайндағы кәсіпкерлікте алға жылжу байқалады. Еліміздегі кәсіпкерлердің сауаттылығы мен бүгінгі маркетингке қатысты мамандар осындай тұжырымдарымен бөлісті. Дегенмен, тұтынушының таңдау еркі бар екенін ұмытпаған жөн. Тіпті, екінші деңгейлі банктер «бөліп төлеу» қызметін тұрмыстық техникаға ғана емес, ірі сауда орындарындағы дүкендерге де енгізіп отыр. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлер мен жергілікті халық үшін тиімділігін көрсетуде.

Последнее изменение Пятница, 07 Сентябрь 2018 11:36