Жиынға өңір басшысы Б. Атамқұлов пен облыстағы кәсіпкерлер қатысты. Кеңесте сөз алған өңір басшысы Оңтүстік Қазақстан облысы еліміздің өңірлері арасында индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру бойынша көшбасшы болып табылатынын айтты.
– Облыста еліміздің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру жалғасын табуда. Индустрияландырудың бірінші бесжылдығының қорытындысы бойынша құны 184 млрд теңге болатын 137 жоба іске қосылып, 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылды. Осы кәсіпорындардың 95% қазірдің өзінде 90-100 пайызға жоспарлы қуатына шығып, Қазақстандағы үздік көрсеткішке жетіп отыр, – деді Б. Атамқұлов.
Сапар аясында төраға «Тассай» минералды суын шығаратын «ЮНИКС» ЖШС-нің жұмысымен және онда шығарылатын негізгі өнім түрлерімен танысты. Сонымен қатар, Тимур Асқарұлы Сайрам ауданындағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында болды.
Өз кезегінде, Тимур Құлыбаев қазақстандық кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және қызығушылығын арттыру бойынша Ұлттық палата кәсіпкерлері арқылы жүзеге асырылған жұмыстар туралы айтты.