Мәртөбенiң мәртебесiн асырған жылыжай

Пятница, 26 Февраль 2016 07:36 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 4133 раз

Жылына 1100 тонна қияр мен қызанақ өсіруді мақсат етіп отыр

2014 жылы Үдемелі индустриалды инновациялық даму бағдарламасы аясында қолға алынған «ҚазАгроном» ЖШС-і жылыжай кешені өнімдері бүгінде бәсекеге қабілетті. Шымкент қаласы Қаратау ауданына қарасты Мәртөбе ауылындағы 3 гектар аумақты қамтитын кешеннің қазығы қағылған сәтіне де куә болғанбыз. Олар болашаққа көз тікті. Төгілген тер текке кеткен жоқ. Бүгінгі нарық заманы епсекті болуға, жаңа технологияларды меңгеруді талап етеді. Әркім де әлеуетіне қарай іс қылады. Мұрат Гелиашвили бастаған кәсіпкерлер тәуекел етті, қол жетпестей көрінген технологияны да уақыт сәтімен игеріп келеді.

00810


Талпыныс түбi – табыс

DSC00855Қазір өнімдер жылыжайдың басынан солтүстік облыстарға жөнелтіліп жатыр. Басынан алып кетсеңіз бір келісінің бағасы – 450 теңге. Жұп-жұмыр, экологиялық таза қияр қала базарларына шығарыла бастады.
Кәсіпкерлерде еш тыным жоқ: кеткен шығынды ақтау керек, көздеген мақсатқа жету жолында қажырлы еңбек үстінде. Алда үлкен мақсаттар тұр.
Биыл екінші жыл қатарынан қияр жинау маусымына кірісті. Бесінші ақпанда алғашқы өнім терілген. Көтерме бағамен сатушылар 450 теңгеден алып кетіп жатыр. Нарыққа үш түрлі МEWA, Святогор және Кибрия сорттары шығарылады. Жылына 1100 тонна қияр мен қызанақ өсіруді мақсат еткен ұжымның өніміне сұраныс жоғары.
«Биыл терімді бір ай ерте бастадық. Қияр жинау науқаны маусым айына дейін созылады. Әрі қарай қызанақ егіледі. Мәселелер кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Ең бірінші кедергі – мамандардың жетіспеушілігі еді. Қазір Голландия, Украинадан агрономдар шақырттық. Жергілікті азаматтар үшін кішігірім оқу-семинарлар өтіп тұрады. Техникалық қызмет көрсетуді үйрендік. Жабдықтар сынақтан өтті. Кемшін тұстарымызды зерделедік. Мамандар агрегаттарды қалай қолдануды, техникалық жабдықтарды толық үйренді. Биылдан бастап жұмыс алға қадымдап келеді»,– дейді бас директор Мұрат Гелиашвили.
Кәсіпкерлер былтыр өнімділікті 80 пайызға орындаған. Дегенмен, алғашқы жыл жабдықтар тексеруден өтті. Қызанақ маусымында аномальді ыстық болып, іштегі ауа температурасы 57 градусқа дейін жетіпті. Осындай климаттық мәселелер кезіккен. Енді ондай қателіктерді болдырмауға күш салмақ. Жалпы, биыл өнімділікті жыл бойына мың тоннадан асыру көзделіп отыр. Оған жетуге мүмкіндік бар.


Испандық технологияның игiлiгi көп

IMG-20160224-WA0016Бұған дейін көпшілік израилдік технологияны қолай көретін. Елдегі жылыжайлардың басым бөлігі де осыған арқа сүйеп келді. Енді шаруалар испандық технологияның игілігін көре бастағандай. «ҚазАгроном» ЖШС басшылары ақылдаса келе испаниялық «Rufepa» компаниясының технологиясына тоқтаған. Бас директордың өзі Испанияға арнайы барып қайтқан. Бұл технологияның басты ерекшелігі – қуаттылығында. Төбесі екі жаққа да ашылып-жабылады. Тотығуға қарсы жоғары төзімділігімен ерекшеленеді. Жылыжай күн сәулесін толыққанды өткізеді және тиімді конденсацияланады екен. Испания – Еуропадағы жылыжай саласындағы озық технологиясымен ерекшеленетін көшбасшы ел.
Мұндағы жылыжайдың басты ерекшелігі – «Хагендорм» бағдарламасы бойынша жұмыс істейтіндігінде. Яғни, климаттық бақылау жүйесі автоматтандырылған: жылу беру, желдеткіштердің қосылуы, ағымдағы жағдайды бақылау компьютерлік жүйеде. Жылыжай аумағында соңғы үлгіде жабдықталған төрт сенсорлық құрылғы бар. «Мұндай бағдарламамен жұмыс істейтін облыстағы жалғыз кешен біздікі. Мен Испания, Голландияға барып байқағаным, біздің кешендер олардан еш кем емес. Тек бір ғана қалыс қалған тұсымыз – өз агрономдарымыздың болмауы», – дейді М. Гелиашвили артықшылықтары мен кемшін тұстарын түсіндіріп.
Қызығушылықтың артқаны шығар, елімізде осы технологияны арқау еткен үшінші нысан тұрғызылып жатыр.


«Ауылына қарап, азаматын таны»

Кәсіпкерлікпен айналысамын деушілерге Үкіметтен де қолдау зор. Кешенге қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізуге мемлекет тарапынан жәрдем көрсетілген. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында су, газ құбыры мен электр желісі тартылып, автокөлік жолы да салынған.
Былтыр мемлекет есебінен заманауи су бұрғылау қондырғысы да іске қосылды. Енді кәсіпкерлер бірінші жартыжылдықта берілетін субсидияны күтіп отыр. Тиісті құжаттарды өткізген.
Таяуда ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков өңірімізге жасаған сапары барысында осы мекеменің тыныс-тіршілігімен танысты. Кәсіпкерлердің уәжі тыңдалған. «Мәселе туындай қалса, министрлікке хабарлас, жұмыстарыңа сәттілік» деген министрдің дем беруінен арқаланып қалғанын айтады өзі. Кәсіпкер үшін бұл да қанат бітіретіндей қолдау.
– «ҚазАгроҚаржы» АҚ-дан алған қарызымызды төлей бастадық. Несие он жылға берілген. Субсидияға қол жетсе, өзіміз де технологияны меңгеріп алсақ, бес-алты жылда несиені жабуға мүмкіндік бар. Жалпы, акционерлік қоғам тарапынан 815 млн 540 мың теңге несие берілсе, өзімізден 213 млн теңге жиналды. Тәуекелмен басталған жұмыс жоспарға сай жүріп жатыр.
Табыс кіргенімен шығатын шығындар да көп. Газға алты миллион, жарыққа бір миллионға дейін, суға екі жүз қырық мың теңгеге дейін шығын кетеді. Ай сайын! Елу адамның жалақысы мен салықты тағы қосыңыз. Жұмыс оңай емес, – деген кәсіпкер бейнеттің ауыр екенін ұғындырды.
Қандай қиындық болса да, туған ауылын дамытуға 50-ге жуық, ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отырған азаматтың тірлігі сүйсінтеді. Жұмысшылардың бәрі де осы ауылдан. Қарасу, Ақсудан да келетіндері бар. «Ауылына қарап азаматын таны!» деген осы болар сірә!?
Ұлты түрік азамат осы елді мекенде туып-өскен.
Гелиашвилилер отбасы Грузияның Оңтүстік өлкесінен 1944 жылы өңірімізге қоныс аударған. Бүгінде ұлдары да әкесіне қолғабыс етіп жүргенін білдік.


«Жүз гектарға егiлсе де, сұраныс бар»

Мәселелер кезең-кезеңімен шешілер, қиындықтар артта қалар. Ең бастысы жұмысты тоқтатпау керек. Бір қуантарлығы – келешегі өз мамандарымыздың арасынан да мықты-мықты агрономдар шығатын сыңайлы. Бас директордың айтуынша, қазір голландиялық бас кеңесші, Украинадан келген екі агрономның қасында екі жергілікті маман тәжірибе жинақтап жатыр.
Бұл салада он жылдан аса өтілі бар украиналық маман Наталья Блащук өңірімізге сіңісіп кеткенін айтады.
– Өнімдер әлемдік бәсекеге қабілетті. Экологиялық таза өнім. Өйткені, біз биоқорғау жүйесімен жұмыс істейміз. Тауардың сапасы, түсі де тартымды. Мұнда келгеніме бір жыл болды. Қатардағы жұмысшыдан бастап, бригадирлікке дейін көтерілгенмін. Мұнда бәрі ұнайды. Ауа райы қолайлы, жалақы да жетерлік. Тұрғындар қонақжай, – дейді өзі.
Басшылардың алға қойған жоспарлары да ауқымды. Келер жылы өндіріс аумағын тоғыз гектарға дейін жеткізу назарда. Осы жылы өнімділікті мың тоннадан асыру межеленген. Оның 700-і қияр болса, 400 тоннасы қызанақ.
Шымкенттің қияры мен қызанағы Қазақстанның барлық өңірінде сатылымда бар. Өткен жылы Ресейдің Новосібір өңіріне де жіберілген. Қазір облыста жиырма үш гектар өнеркәсіптік жылыжай бар. М. Гелиашвилидің айтуынша, келешекте бәсеке де артып, өнімге деген сұраныс та көбеймек.

Последнее изменение Пятница, 26 Февраль 2016 08:52
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.