Ауласын гүл бағына айналдырған Избранное

Пятница, 29 Июль 2016 05:52 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4778 раз

Шымкентте «әдемі аулада өмір сүремін» деген тұрғындардың қолын ешкім қақпайды. Айналаңызды көркем еткіңіз келсе, іске сәт!

DSC 2847

Әл-Фараби ауданына қарасты Н.Рашидов көшесіндегі №25 үйдің тұрғындары өз аулаларының әсемдігіне басты назар аударған. Үш жылдан бері олар жапырағы жайқалған ағашы, түрлі түсті көздің жауын алатын гүлдері бар аулада өмір сүруде. Тек ересектерге ғана емес, сонымен бірге жас балақайлар үшін де ойын алаңшасын безендірген. Бәрі де риза. Әсіресе, жаздың аптап ыстығында әдемі көріністің ортасында тыныққанға не жетсін. Қарап отырсаңыз, жаныңыз рахат табады. Құдды бір ертегілер әлеміне саяхаттап келгендей әсерде боласыз. Бесқабатты үйдің барлық кіре берісінде гүл егілген, ағаштар мен жасыл шыршалар отырғызылған. Бәрі де өздеріне тән шағын ғана ландшафтымен және жинақылығымен ерекше көз тартады. Осы керемет игі іске бастамашы болған Наталья Фролова екен. Сұлулыққа жаны құштар зейнеткер күні бойы аулалардағы ағаштар мен гүлдерді суарып, тазалық жұмыстарын жүргізеді. Біз барғанда да Наталья Анатольевна ауласындағы бақшасына қарап жүр екен. 

 

 DSC 2897  DSC 2908

 

– Бұл бастама зейнетке шыққан соң жүзеге аса бастады. Күні бойы үйдемін. Одан біртіндеп ауламызды көріктендіре бастадым. Ауламыз жайқала бастаған соң, көршілерім де қол ұшын берді. Бірақ бар материалдық шығынды өз қалтамнан шығардым. Бастапқыда оңай болды деп айта алмаймын. Шелектеп топырақ пен тас тасыдым. Көшет қондырдым, гүл отырғыздым. Өткен жылы «Үздік аула» сайысына қатысып, екінші орынды иелендік. Биыл тағы да қатысамыз деп өтініш бердік. Соған қызу дайындық жүріп жатыр. Әйтеуір, күн сайын кем-кетікті реттеп жүрмін. Ауламыз былтырғыдан да көріктене түскен, – дейді Н.Фролова. 

 

DSC 2826  DSC 2816  DSC 2841 

 

Көпқабатты үй тұрғындарының айтуынша, қазір жайқалып тұрған аулаларда көлік тізіліп тұрушы еді. Оған қоса, балалар ойнайтын алаңша да сұрықсыз болатын. Аулаларды көгалдандырып болған соң, ойын алаңшаларына да кіріскенін жеткізді. «Істен шыққан көлік доңғалақтарын түрлі түске бояп, алаңшаны қоршадық, – дейді осы үйдің тұрғыны Клара Меңдіғұлова. 

DSC 2825

– Сосын сол доңғалақтардан түрлі аққудың мүсіндерін жасап, оларды ақ түске боядық. Балақайлардың ойнауына ыңғайлы болу үшін барымызды салдық. Осында онға жуық зейнеткер тұрамыз. Ермегіміз – осы ауламыз. Біздің бастамамызға көрші үйдің тұрғындары да қызығып, олар да аулаларын көріктендіре бастады».

Рашидов көшесі, №25 үйдің тұрғындары биыл өтетін «Үздік аула» сайысында бірінші орын алсақ» деп отыр. Әл-Фараби ауданында осы үй секілді «сыннан сүрінбей өтсек» дегендер көп. Айта кетер болсақ, биыл «Үздік аула» және «Үздік көше» номинациясынан 28 көше мен 61 аула тұрғындары үмітті. Ал өткен жылы «Таза қала» акциясына ауданнан жалпы 82 өтініш беріліпті.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.