Пәтерге төнген қатер

Среда, 27 Июль 2016 05:51 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4590 раз

СУЫҚ ҚОЛДЫЛАРҒА ҚАЛАЙ ҚАРСЫ ТҰРАМЫЗ?

Биылғы жылдың алты айында Шымкент қаласында 11 мың 344 ұрлық тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, 6,9 пайызға азайған. Тәртіп сақшыларының айтуынша, статистикалық мәліметтер көңіл көншіткенімен, Шымкент секілді үлкен қала үшін бұл көкейкесті мәселе.

Қай шағынауданда ұрлық көп?

vzlomКез келген адам маңдай терімен жинаған дүниесінен бір-ақ күнде айырылғысы келмейді. Өзінің мүлкін бөгде адамдардан қорғау үшін сақтық шараларын да ойластырады. Алайда, кейбір әккі ұрылар үшін бөтеннің үйіне кіріп, өзі көздеген кез келген затты немесе ақшаны қолды ету түк те қиын емес. Бірі – ізін суытып үлгерсе, енді бірі – ұрлық жасау кезінде қолға түседі. Қалада бөгде адамның несібесіне қол сұғатындармен күрес күшейген. Тәртіп сақшыларының айтуынша, бұл мәселемен күресу жүйелі жалғасады. Биыл бес айдың ішінде 950 пәтер ұрлығы тіркелсе, алты айда 11 мыңнан асқан.
Ұрылар алдын ала жіті ойластырылған жоспар негізінде іске кіріседі. Пәтер ұрлығы барлық шағынаудандарда тіркеледі. Бірақ соның ішінде «Нұрсәт», «Күншығыс», «Отырар», 8, 16, 17 және 18 шағынаудандар мен А.Байтұрсынов, А.Асқаров, Т.Айбергенов көшелерінің бойында орналасқан үйлерде ұрлық толастамай тұр. Бөтеннің мүлкіне қол сұғу жағдайлары тек көпқабатты үйлерде ғана емес, сонымен қатар, жеке секторларда да жиі орын алады. Мәселен, «Самал-1», «Самал-2», «Солтүстік-Батыс», «Таскен», «Тассай», «Қайтпас-1», «Қайтпас-2», «Қазығұрт» шағынаудандары мен Қайнарбұлақ саяжайында пәтер ұрлығы көп тіркеледі. Шымкент ҚІІБ бастығының міндетін атқарушы полиция полковнигі Ермахан Әбдірамановтың айтуынша, ұрлық оқиғалары әсіресе, жаз айларында арта түседі.
– Өйткені, жазда қалалықтардың дені демалысқа, ал балалар каникулға шығады. Көбісі түрлі себептерге байланысты үйлерінде болмайды. Демалыс күндерін саяжайда өткізетін кезде пәтер ұрлығы да көбейеді. Осындай ұрымтал сәтті әккі ұрылар пайдаланып қалуға тырысады. Пәтер ұрлығы қылмыстарының жасалған орны, тәсілі мен уақытына қарай саралайтын болсақ, қала аумағында көпқабатты үйлерде 642 қылмыс тіркелген. Ал жеке үйлерде – 527. Көп ретте ақша, сөмке, алтын бұйымдар мен бағалы заттар қолды болады, – дейді Е.Әбдіраманов.

30 мың доллар олжалаймын деп... опық жедi

Мәселен, жуырда ғана Шымкент қаласының полицейлері пәтер ұрлығына қатысты қылмысты ашты. Әл-Фараби полиция бөліміне 37 жастағы жергілікті тұрғын арызданып келген. Ол өз арызында белгісіз біреулер пластикалық терезе арқылы кіріп, 30 мың АҚШ доллары бар сейфтегі ақшасын қолды еткенін көрсеткен. Шұғыл қызметкерлер жедел іздестіру барысында 1991 және 1993 жылы туған қала тұрғындарын ұстады. Олар бұған дейін сотты болған екен. Тергеушілердің мәліметінше, күдіктілердің кемінде тағы екі ұрлыққа қатысы бар. Қылмыскерлер наурыз айының соңында дәл осындай жолмен 35 жастағы шымкенттік тұрғынның үйіне кіріп, алтын бұйымдары мен екі аңшы мылтығын ұрлапты. Ұрланған затты күдіктілер өз қажеттілігіне жаратқан, ал екі аңшы мылтығы айғақ зат ретінде тәркіленіп отыр. Осы бойынша ҚР ҚК 188 (ұрлық) және 291-баптарымен (қаруды, оқ-дәрілердi, жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын жымқыру не қорқытып алу) іс қозғалды. Күдіктілер қамауда. Сотқа дейінгі тергеу басталып, ұсталғандардың басқа да қылмысқа қатысы бар-жоқтығы анықталуда.

ұры алыстан келмейдi

Northern-Virginia-New-FenceОсы секілді қылмыстың жолы кесілген жайттар өте көп. Абырой болғанда, ұрылар қолға түсіп, өз жазасын алды. Айта кетейік, жыл басынан бері Шымкент қаласында пәтер ұрлығымен айналысатын 37 топ құрықталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылыпты. Ұрылар өздерінің жымысқы әрекеттерін үйге терезеден кіру, еркін кіру, кілт теру және есіктің құлпын бұзу арқылы жүзеге асырған. Осылардың ішінде үйге терезеден түсіп, сәйкес кілтті теру арқылы ұрлық жасау әдістері жиі кездеседі. 

Ұрылар «жорыққа» шықпас бұрын, көздеген үйін әбден зерттейді. Ең алдымен олар үй иелерінің бар-жоқтығын анықтап алады. Ол үшін сантехник, газ саласының маманы немесе тауар сатушы ретінде пәтер есігін қағады. Үй қожайыны жоқ болса, іске кірісудің қамын жасайды. Бірі – ұрлық жасаса, екіншісі – үйдің ауласында бар жағдайды бақылауда ұстайды. Жау алыстан келмейді. Қолының сұғанағы бар адамдар үй иесінің танысы, жолдасы, тіпті туысы болуы да мүмкін. Әбден сеніміне кірген сәтте, өзінің сыбайластарына ақпарат беріп отырады. Ұрлыққа түсудің тағы бір тәсілі – үй иесімен сөйлесе алмаса немесе тауарын өткізе алмаса да, пәтердің жай-күйін бақылап, есікке қандай кілт түсетінін, үйде қандай бағалы бұйымдар бар екенін анықтап алады. Сондықтан, бөгде біреулердің үйге қайта-қайта келіп, қоңырау шалуының соңы үлкен өкінішке ұрындыруы мүмкін. Олар осындай әдістер арқылы, пәтер иелерінің қай кезде үйде, ал қай кезде жұмыста болатынын біліп алады. Егер пәтеріңіздің есігін қағып, маза бермесе, онда дереу 112 телефонына қоңырау шалыңыз. Полиция қызметкерлері осындай жағдайларды болдырмау үшін, үй иелеріне дабыл қаққыш және бейнекамералар орнату қажет деп кеңес береді. Сонымен қатар, қандай үй болсын арнайы күзет қызметін пайдаланғаны дұрыс. Бұл жағдайда көшелер мен аулалардың жарықтандырылуы да маңызды. Өйткені, ұрылар үшін ешкім байқай бермейтін қараңғы аумақ қолайлы. Үйіңізге ұры түспесін десеңіз, көршіңізбен жақсы тұрыңыз. Егер ұзақ уақытқа кетер болсаңыз, қарайласады. Ұрылардан сақтанудың тағы бір амалы – үйіңізден алыс кететініңізді дабыра етпеңіз. Қазіргі таңда ұрылар әлеуметтік желі арқылы да өз құрбандарын іздейтін болған. Қайда кететінін немесе қай жерде отыратынын желіге жарыса салатындар көп. Бұл әрекеттер де бармақ тістеуге негіз болатынын ұмытпаған абзал.

5 жылдан 10 жылға дейiн...

Бір емес, бірнеше пәтерді тонаған ұрылар бостандықта тайраңдап жүр. Бірақ олардың түбінде қолға түсері анық. Мәселен, өткен жылы 10 пәтерге ұрлыққа түсіп, 11-не келгенде қылмыстық топ оқиға орнында құрықталған еді. Оңай олжаға кенелуді кәсіп еткендердің жазасы Қазақстан Республикасының заң талаптарына сәйкес, ауыр, аса ауыр, орта дәрежелі, жеңіл дәрежелі деп бөлінеді. Шымкент ҚІІБ бастығының міндетін атқарушы полиция полковнигі Ермахан Әбдірамановтың айтуынша, сотты болғандар мерзімінен шартты түрде босатылып, қайта қылмыстық жауапкершілікке тартылса, заң талаптарына сай қамалады. Егер бұрын мүлдем қылмыс жасамаған адам алғаш рет қолға түссе, қолхатпен немесе міндеттеме келісіммен босатылуы мүмкін. Ал ауыр санаттағы қылмыс болса, ҚР Қылмыстық Кодексінің 188 бабымен мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
Қала аумағында бөтеннің мүлкін ұрлау қылмыстары бойынша ОҚО ІІД Шымкент ҚІІБ-не қарасты құрылымдармен бірлесе «Пәтер ұрлығы» атты 6 жедел-сауықтыру іс-шаралары өткізілген. Сондай-ақ, жедел кеңес, «дөңгелек үстелдер» де ұйымдастырылған. Күзет агенттіктері, базар, сауда орталықтары мен таксопарк және автопарк басшыларымен кездесіп, ұрлықтың алдын алу бойынша бірқатар шаруалар атқарылыпты. Қала аумағындағы 4 полиция бөліміне қарасты 69 жергілікті полиция бекеттері де ұрлық-қарлықты алдын алу бағытында жұмыс істеуде. Шымкентте 372 учаскелік полицей бар. Биыл қосымша тағы 4 маман жұмысқа қабылданады. Осылайша, полицейлер қырағылықты арттырып отыр.

Последнее изменение Среда, 27 Июль 2016 07:37
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.