Сонымен, он күн бойы спорт жанкүйерлеріне зор қуаныш сыйлаған дүниежүзілік Қысқы Универсиада ойындары аяқталды. Қазақстан құрамасы жалпы есепте екінші орынға тұрақтады: ел спортшыларының қоржынында – 11 алтын, 8 күміс және 17 қола медаль. Бұл – тарихи жетістік.
«Алматы Арена» мұз сарайында өткен Универсиаданың жабылу салтанатында еліміздің меймандостығы, салт-дәстүрі тағы бір мәрте әлем назарына паш етілді. Ресми іс-шараға ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев, қала әкімі Бауыржан Байбек қатысты.
Еліміз үшін тарихи жетістіктермен есте қалған әлемдік сын тарих қойнауына кетті. Елбасы осынау ауқымды іс-шарада жоғары көрсеткішке жеткен ұлттық құрама мүшелерін құттықтады.
– Сіздердің қайсарлықтарыңыздың арқасында Қазақстанның жалпы командалық екінші орынға қол жеткізуі – елдің биік беделінің, бұқаралық спорттың дамығандығының айқын көрсеткіші. Қазақстанның спорт мектебінің даңқын тағы бір мәрте асқақтатып, жоғары дайындықтарыңызды, жеңіске деген ұмтылыс пен ерік-жігерлеріңізді көрсеттіңіздер. 2017 жылғы универсиада барлық қазақстандықтар үшін нағыз мерекеге айналды. Спортшыларымыздың жеңісі қысқы спорт түрлерін одан әрі дамытуға серпін беріп, келер ұрпаққа үлгі болуға тиіс. Универсиаданың ұйымдастыру комитетіне жарысты жоғары деңгейде өткізіп, жауапкершілік танытқаны үшін алғыс айтамын. Барлық спортшыларға мықты денсаулық және жаңа белестерді бағындыру жолында табыс тілеймін!, – делінген Елбасының құттықтау сөзінде.
Шараның жабылу рәсімінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев 28-ші Қысқы Универсиаданың жоғары деңгейде өткенін атап өтті. Сондай-ақ, Халықаралық студенттер спорты федерациясының (FISU) президенті Олег Матыцин Универсиада тарихында мұндай қонақжайлылыққа алғаш рет куә болып отырғанын мәлімдеді.
Келесі 2019 жылғы Қысқы Универсиада ойындары Красноярскте (Ресей) өтеді. Сөйтіп, Халықаралық студенттер спорты федерациясының (FISU) туы Красноярс қаласының өкілдеріне табыс етілді. Өз кезегінде Алматы қаласының әкімі Б. Байбек Ресейден келген делегаттарға сәттілік тіледі.
Жабылу салтанатында концерттік қойылымдар көрсетіліп, Универсиадаға қатысушы командалардың шеруі өтті.