«Қазақ комментаторларына сын да, тілеулестік те қажет»

Пятница, 13 Январь 2017 09:46 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 5221 раз

Рио Олимпиадасы кезінде қазақ спорт комментаторларына қарата сын аз айтылған жоқ. Деректерді шатастыру немесе өткен тарихты қайта-қайта қозғай беру сынды келеңсіздіктерге куә болдық: үлкен теннис, көркем гимнастика, суға секіру, суда жүзу сынды спорт түрлерін айтпағанның өзінде қазақтың төл өнері саналатын бокс, күрес репортаждарында да кемшіліктер кездесті. 2008 жылдан бері тұрақты комментатор болып келе жатқан Есей Жеңісұлы бұл жағдайды уақытша заңдылық деп біледі. Кемшілік-кілтипандар уақыт сәтімен түзелер. Ендігі кезекте қазақ жанкүйерлері тек қолдау білдіріп, тілектестік таныту қажет.

kazakh komentator 102 2

Қазір талғам өскен. Техникалық мүмкіндіктер дамыған кезең. Сол себепті спорт комментаторларына сын айтылуы заңдылық. ОҚО ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған «Журналистика және заманауи үрдістер» тақырыбындағы семинар-тренингте осы жағдай талқыға салынды. Семинар-тренингте отызға жуық БАҚ өкілдері комментаторлық қызметтің қыр-сырымен қатар, стильдік ерекшелік мәселелеріне қанықты. Жиынды облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Бақыт Ахымбетов жүргізіп отырды.
«Айқын» газетінің шығарушы редакторы, спорт журналисі-комментатор Есей Жеңісұлы «Журналистика және тікелей эфирдегі комментаторлық өнер» тақырыбында біраз жағдайларды қаузап өтті.
Рас, қоғамның басқа салаларындағыдай журналистиканың төңірегінде де таңсық жағдайларға куә болып жүрміз. Бұрын әлем чемпионаттарын өз эфирімізден тамашалау қазақ баласының түсіне де кірмейтін. Жалпы, елімізде 1998 жылы өткен Азия ойындары, футболдан әлем чемпионатынан бері қарай ірі спорттық турнирлердің бәрі көрсетіліп келе жатыр. Мұндай мүмкіндік біздің қолымызға да түсті. Е. Жеңісұлы ендігі кезекте жанкүйерлер де комментаторларға тілеулестік танытуы тиістігін айтады.
– Жалпы, комментаторлық өнерде үйренуден жалықпау керек. Мен өзім тәуекелмен бастадым. Басты кемшілігім – өте жылдам сөйлеймін. Эфирге шыққан сәттен бастап сын естіп келемін. Негізінен, тілдік дикцияма қатысты, тоқтау білмейді деген сындар. Ол кемшілігімді мойындаймын. Басында ер-тоқымымызды бауырымызға алып тулайтын едік. Онымыз бекер екен. Қазіргі кезде қазақ комментаторларына қарата айтылатын сын тоқтамайды. Оған басты себеп – біздің әлі күнге дейін эфирді қос тілде қосарланып жүргізуіміз. Қасыңда қазақ тілді әріптесің отырмағаннан кейін, міндетті түрде сен өз ойларыңды айтып үлгермейсің. Міндетті түрде қателіктерге ұрынасың. Соңғы уақыттары екі қазақ комментатор бірігіп жүргізсе, өте ұтымды шығатынын түсіндім. Сенің білмей қалған жеріңді қасыңдағы әріптесің іліп алып кетеді. Оның толықтыра алмаған жерін сен жалғап жібересің дегендей. Екеуі бір-бірінің сөзін дамытып, тіпті кейде тың мәліметтерді бірінші айтуға тырысып бағады. Сондықтан, алдағы уақытта репортаждарды таза қазақ тілінде жүргізу саясатын қолға алсақ, ұтарымыз көп деп есептеймін. Олай болмаған жағдайда қазақ тілді комментарторлардың бір арнаға түсуі қиын, – дейді Есей Жеңісұлы қазіргі саладағы мәселелерді қозғап.
Cын дұрыс айтылса, адам да өз қателігін мойындап, түзелуге тырысады. Сын алдағы кезде де айтыла берері анық. Өйткені, бізде әлі де болса орыс тілінен калька аудармалар қолданылып жүр. Есей Жеңісұлы жалпы комментаторлық өнердің дамуы үшін оған тілеулестік білдіру керектігін айтады. «Қателесті ме, ендеше ол жағдайға қатысты қазақша ұтымды теңеу тауып айтыңыз. Міне, сол комментаторлықтың дамуына қосқан үлесіңіз болар еді. Дегенмен, тағы бір айта кететіні, біздегі комментаторлар әмбебап. Кез келген спорт түріне комментаторлық етеді. Сондықтан, шатасу да көп. Жалпы, осындай таңсық өнерді танытқан адамға кез келген адам сын көзбен емес, жанашырлықпен қарауы қажет» дейді өзі.

kazakh komentator 102 1


Есей Жеңісұлы:

– Қазіргі кезде қазақ комментаторларына қарата айтылатын сын тоқтамайды. Оған басты себеп – біздің әлі күнге дейін эфирді қос тілде қосарланып жүргізуіміз. Қасыңда қазақ тілді әріптесің отырмағаннан кейін, міндетті түрде сен өз ойларыңды айтып үлгермейсің. Міндетті түрде қателіктерге ұрынасың. Соңғы уақыттары  екі қазақ комментатор бірігіп жүргізсе, өте ұтымды шығатынын түсіндім.    


 

Сонымен бірге, семинарда «Медиа Орда» қоғамдық қорының жетекшісі Асқар Беков «Инфографика – ақпараттандырудың озық тәсілдері» тақырыбында әңгіме өрбітті. "Қазіргі газет дизайнын қалай тартымды етуге болады?" деген мәселе төңірегінде ой қозғады. Бүгінде ақпараттарды таңбалар, сандармен, яғни инфографика арқылы жеткізу ұтымды болып отыр.
Семинар соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталып, мұндай маңызды басқосулардың алдағы уақытта да жалғасын табатындығы айтылды.


 

Фото авторы: Ә.БЕГІМБЕТ

Последнее изменение Пятница, 13 Январь 2017 10:41
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.

Другие материалы в этой категории: « Бәсі жоғары бәйге Әлем назары – Алматыда... »