ЖАЗҒЫ АЗИЯ ОЙЫНДАРЫ: ЖЕҢІСТІ ДӘСТҮРІМІЗ ЖАЛҒАСТЫ Избранное

Пятница, 13 Октябрь 2023 04:17 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 4191 раз

Кеше Шымкент қаласы әуежайынан Жазғы Азия ойындарында 2 алтын, 1 күміс жүлде олжалаған каратэшілерді жерлестері зор қошеметпен күтіп алды. Салтанатты жиында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтап, алдағы жауапты бәсекелерде сәттілік тіледі. Жазғы Азия ойындарында шымкенттік каратэшілер 2 алтын, 1 күміс жүлде жеңіп алды. Ұлттық құрама көшбасшысы Софья Берульцева (+68 кг) мен Қайсар Алпысбай (60 келі) өз салмағында қарсылас шақ келтірмей, жеңімпаз атанды. 84 келіде Данияр Юлдашев күміс жүлдені қоржынға салды. Бұл – тарихи жетістік.

502

 

Жазғы Азия ойындарына Шымкент қаласы республикалық мәртебе алғаннан кейін алғаш рет дербес команда рет қатысты. Жерлестеріміз аталған сында 5 алтын, 10 күміс, 11 қола жүлдеге иелік етті. Азия ойындарын жарқын жеңіспен аяқтаған спортшыларымызды Шымкент әуежайынан және темір жол вокзалынан жерлестері зор қошеметпен қарсы алды. Каратэ, байдарка және каноэде есу, нысана көздеу, стенд атудан спортшыларымыз топ жарды.
Сондай-ақ, көркем гимнастикадан жерлестеріміз жекелей сында күміс және қола жүлделер иеленіп, тарихтың жаңа бетін ашты. Жеңіс елге мұра, ұрпаққа ұран. Осы орайда каратэ өкілдерінің ғаламат жетістігін айта кетсек дейміз. Биыл Малаккада (Малайзия) өткен ересектер арасындағы XIX Азия чемпионатында Шымкент қаласының спортшылары 2 алтын, бір қола медаль еншіледі. Ерлер арасында 60 келі салмақ дәрежесінде Қайсар Алпысбай жеңімпаз атанса, 84 келіде Данияр Юлдашев қола жүлдені қоржынға салды. Токио Олимпиадасының және әлем чемпионатының қола жүлдегері Софья Берульцева (+68 кг) өз салмағында қарсылас шақ келтірмей, үздік шыққан. Шілде айында Азия чемпионатынан оралған каратэшілерді әуежайдан зор қошеметепен қарсы алғанбыз. Сол кезде бапкерлер мен спортшылар Азия ойындарында да осы нәтижеден төмен түспеуге уәде берген.

503


«Азия чемпионатының алдында Индонезиядағы оқу-жаттығу жиындарына қатыстық. Сол жақтан тіке құрлық чемпионатына жол тарттық. Биылғы чемпионатқа 32 ел қатысып, рекордтық көрсеткіш тіркелді. Бізге басты қарсылас болған – Иран және Жапония спортшылары. Мықты бәсекеге қарамастан еліміздің құрамасы жалпыкомандалық есепте 1-ші орынға ие болды. Соның ішінде, 2 алтын, 1 қола жүлде Шымкент қаласы спортшыларына тиесілі. Биылғы басты дода – Азия ойындарында да жақсы нәтиже көрсетеміз деген үміттеміз». Каратэден Шымкент қаласы құрамасының аға жаттықтырушысы Бақтияр Тоқсейітов осылай деген.
Мінекей, Жазғы Азия ойынларында да сенім үдесінен шығып, каратэшілер осы жетістікті қайталады. Бұл жолы каратэден еліміздің ұлттық құрамасы тарихта алғаш рет командалық есепте бірінші орын алды. 3 алтын, 3 күміс, 2 қола жүлдеге иелік еткен ел спортшылары Қытай, Жапония құрамасын да артта қалдырды. 60 келіде ұзақ жыл ұлттық құрамада көшбасшы болған Дархан Асаділовтің ізбасары жарқ етті. Қайсар Алпысбай биыл Азия чемпионаты мен Азия ойындарында үздік шығып отыр.
Тарихтан сыр тартсақ, еліміздің каратэшілері алғаш рет Пусандағы (Оңтүстік Корея) додада жүлдегер атанған еді. 70 келіде жерлесіміз Шаттық Қажымұқанов күміс жүлдемен оралған. Одан кейін 2006 жылы Дохада (Катар) Шаттық Қажымұқанов + 75 келіде қола жүлде еншіледі.
2010 жылы Гуанжоуда (Қытай) Дархан Асаділов алтын жүлдеге қол жеткізген. Ал 2018 жылы Джакартада Данияр Юлдашев үшінші орыннан көрінген. Міне, Оңтүстік спортшыларының осы спорттағы Азия ойындарындағы бәсі осындай. Соңғы Ханчжоу ойындарында абырой биігінен көрініп, қала спортшылары тарихи жеңіске жетті.
Көркем гимнастикадан да қала спортшыларының Жазғы Азия ойындарында жеңісті дәстүрі бар. Еліміздің тарихында Әлия Юсупова бастаған көркем гимнасшылар алғаш рет 2002 жылы Пусан ойындарында жүлдегер атанды. Қазақ елі арулары Қытай құрамасынан кейін екінші орынға жайғасқан. Бұл – тарихтағы алғашқы жүлде. Жекелей сында Әлия Юсупова күміс жүлдеге иелік еткен.
Ал 2006 жылы Доха ойындарында еліміздің арулары командалық сайыста да, жекелей сында да топ жарды. Әлия Юсупова жекелей сында Жапония, Қытай споршыларын артта қалдырып, үздік шықты. Осылайша көркем гимнастикада жеңісті жолды бастап берген Әлия Юсупованың ізбасарлары жүлдегерлер қатарынан көрініп келеді.
2010 және 2018 жылғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы командалық сайыста да, жекелей сайыста да алтын жүлдені ешкімге берген жоқ. 2018 жылы Джакартада шымкенттік спортшылар Алина Әділханова мен Даяна Әбдірбекова командалық сайыста елге алтын жүлде сыйлады. Ал жекелей көпсайыс бәсекесінде де Алина Әділханова жеңімпаз атанды.
Қытайда өткен кезекті Азия ойындарында жерлестеріміз Эльжана Таниева мен Милана Парфилова жекелей көпсайыста күміс, қола жүлделерді олжалады. Бұл да тарихтағы алғашқы жеңіс.
40 спорт түрінен 45 мемлекет қатысқан дүбірлі бәсекеде ел спортшылары 10 алтын, 22 күміс, 48 қола жүлде иеленіп, жалпыкомандалық есепте 11-ші орын алды. Алда әр спорт түрінде жеткен жетістіктер мен олқы тұстарымыз сарапқа салынады, талдау жұмыстары жүргізіледі. 2024 жылғы Париж олимпиадасына да аз қалды. Енді ел споршылары Азия ойындарынан қорытынды шығарып, Олимпиада ойындарына тыңғылықты дайындық жүргізеді.

«Кеткен қателіктерді түзету үшін ауқымды жұмыс атқару қажет»

11 қазан күні Мемлекет басшысы Азия ойындарының жүлдегерлерін қабылдады. Мемлекет басшысы каратэден жалпыкомандалық есепте бірінші орын алған Қазақстан құрамасын ерекше атап өтіп, осы спорт түрінен Азиадаға қатысқан 8 спортшының бәрі жеңіс тұғырына көтерілгеніне назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев спортшыларымыздың жеңіске жетуіне бапкерлер және басқа да мамандар айрықша үлес қосқанына тоқталды. Осы орайда Президент спортта жеңіс пен жеңіліс қатар жүретінін атап өтті.
– Қажырлы еңбек пен жеңіске деген мұқалмас ерік-жігердің арқасында әрқайсыңыз жоғары нәтижеге қол жеткіздіңіздер. Алайда еліміздің жалпы көрсеткіші өткен Олимпиада мен Азиада ойындарынан да өте жақсы болуы мүмкін еді. Мұны ашық айтуымыз керек. Бокс, ауыр атлетика, еркін және грек-рим күресі дәстүрлі түрде ел құрамасының қоржынына жүлде салып, айтарлықтай үлес қосатын. Жеңіл атлетика, спорттың командалық түрлері жанкүйерлерімізді көбірек қуанышқа бөлейтін. Барлық спорт түрі бойынша кеткен қателіктерді түзету үшін ауқымды жұмыс атқару қажет, – деді Президент.
Мемлекет басшысы жиында жуық арада спортты дамыту үшін қабылдануға тиіс нақты шараларға тоқталып өткен. Президенттің айтуынша, өңірлердің ерекшеліктеріне сәйкес нақты спорт түрлеріне баса назар аударып, қаржыны негізсіз жұмсау тәжірибесін тоқтату қажет. Сонымен қатар, бұқаралық спорт пен дене шынықтыруды дамытуға көңіл бөле отырып, аталған саланы қаржыландыру моделін қайта қарау керектігін айтқан.
Бұдан бөлек, Президент ұлттық құраманың дайындық деңгейін арттыру мәселесін негізгі міндеттің бірі ретінде атады. Мемлекет басшысының пікірінше, спортшылардың жоғары деңгейде дайындалуы үшін спорт медицинасы мен фармакология бағытындағы заманауи инфрақұрылыммен жабдықтау маңызды. Бұл жерде Ұлттық спорт университеті негізгі рөл атқарады. Сондықтан оның құрылысын жылдамдату керек. Спорт саласында әлемдік деңгейдегі төрешілерді дайындауға күш салу қажет. Сондай-ақ жаттықтырушылар мен басқа да спорт мамандарының жалақысын көтеріп, қосымша әлеуметтік қолдау шараларын қабылдаған жөн.
Мемлекет басшысы өткен жарыстардағы олқылықтардан нақты сабақ алып, алдағы Париж Олимпиадасына тыңғылықты дайындалуға шақырды. Президент спортшыларға және бапкерлер корпусының жұмысына табыс тіледі.
Сондай-ақ, жиында бірқатар спортшыларға Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаттары табысталды.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.

Другие материалы в этой категории: « СУПЕРВАЙЗЕР ҚАУІП ЕТКЕННЕН АЙТАМЫН »