Әлемдік балуандар шыңдалған ұстахана Избранное

Среда, 12 Октябрь 2022 05:32 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 6045 раз

Грек-рим күресінен ардагерлер арасында Болгарияның Пловдив қаласында өткен әлем чемпионатында шымкенттік балуан жеңімпаз атанды. 62 келі салмақта Жолдыбай Тоқбаев мұқалмас жігер көрсетіп, спорттағы көздеген мақсатына жетті. Ж.Тоқбаев – ҚР чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері, халықаралық турнирлердің, оның ішінде Мардан Сапарбаевты еске алу турнирінде топ жарған. Иә, білекті балуандардың бәрі де осы бәсекеде тәжірибе жинады. Олимпиада және әлем чемпионаттарында жүлдегер болды. Мұның бәрі естен кетпес тарих.

404

 

Шымкент қаласында академик Мардан Сапарбаевты еске алуға арналған республикалық ашық турнирді көпшілік чемпиондарды шыңдайтын бәсеке ретінде біледі. Бағалайды. Рас, балуандардың шеберлігін сынайтын бірден-бір сайыс.
«Жақсының аты өлмейді» дейді халық даналығы.
Мардан Сапарбаев – аңыз тұлға. Мардан Баймырзаұлының өзі қаншама жас дарындарды тәрбиелеп, ел спортының дамуына елеулі үлес қосты. Бүгінде оның атындағы турнир де үлкен тәжірибе алаңына айналған. Олимпиада жүлдегерлері, әлем чемпиондарының бағын ашқан бұл жарыс. Көпшілігі осы турнирде тәжірибе жинап, Азия және әлем чемпионаты, Олимпиада ойындарында жүлде алды. Осы күні де әлемнің қабырғалы балуандарының басын қосып жүр. Турнирдің жыл санап ауқымы кеңейіп келеді. Бұл мемориалдан әлі талай еңбегі сіңген спортшылар шыға берер.
Республикалық ашық турнир үмітімізді оятады. Тарихы да тереңдей түсіпті. Жыл сайын Украина, Тәжікстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Қырғызстанның мықты балуандары күш сынасады. Екі жүзден аса спортшының басы қосылады. Бүгінгі күнге дейін халықарлық турнир XXVII рет ұйымдастырылды.
Шымкенттегі жеңіл атлетикалық манеж балуандар үшін құт болып тұр. Жылда осы нысанда тартысты белдесулерге куә боламыз. Аңыз тұлғалар, белгілі азаматтар жыл сайын турнирдің құрметті қонағы болады. Экономика ғылымдарының докторы Сатыбалды Ибрагимов, даңқты балуан Дәулет Тұрлыханов, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Оңалбай Аяшев жарысқа құрметті қонақ болып қатысты.
«Мардан Баймырзаұлы көптеген даңқты шәкірттерді тәрбиеледі. Бір өңірдің ғана емес, республиканың дамуына үлес қостан ұстаз бола білді. Оның шәкірттері барлық облыста абыройлы еңбек етіп жүр. Тіпті, Ресей, Украина, т.б елдерде де шәкірттері бар» деді Сатыбалды Ибрагимов 24-ші турнирдің ашылу рәсімінде. Жарыстың жоғары деңгейде өтуі үшін бас төрешілік міндет жылда шәкірті, халықаралық санаттағы төреші Юнус Таировқа жүктеледі.
Тарихы тереңде жатқанын айттық. Аңыз балуан Жақсылық Үшкемпіров те бұл турнирге жиі келетін. «Төртжылдықтың басты жарысы алдында балуандар осы сайыста дайындығын пысықтайды. Маңызы зор жарыс. Мен үшін орны бөлек. Өйткені, Мардан Сапарбаевтың менің де жеңістеріме қосқан үлесі көп. Жеңістерімнің басым бөлігі осындай азаматтардың арқасы деп білемін. Бұл жарыстың беделі бірінші күннен бастап-ақ жоғары болатын. Жастарға шеберлігін шыңдауға жақсы мүмкіндік. Бапкерлер де іріктеу жасай алады. Шымкенттегі осы спорт думаны құтты болсын!». Мемориалдың ашылу салтанатында аңыз балуанның осылай дегені есімізде.

405


Рас, бұл жарыс талай таланттардың бағын ашқан. Азия ойындарының екі дүркін чемпионы, әлем чемпионатының үш дүркін жүлдегері Нұрмахан Тыналиев, әлем чемпионатының 5 дүркін жүлдегері, екі дүркін Азия чемпионы Алмат Кебіспаев, әлем чемпионатының жүлдегері Досжан Кәртіков, Азия ойындарының жүлдегері Марат Кәрішалов, Азия чемпионы Асхат Ділмұхамедов, т.б., білекті балуандар топ жарыпты. Өзбекстанның атынан сынға түскен қандас бауырымыз, әлемдік санаттағы мықты балуан Елмұрат Тасмұратов та осы бәсекеде тәжірибесін арттырған еді.

ДАРЫНДЫ БАЛУАНДАРЫМЫЗ БІР ШОҒЫР

Дәстүрлі сайыста жылдан жылға бәсекелестік артқанын аңғарасыз. Оны мынадан байқауға болар. 2018 жылғы турнирде 59 келідегі бәсекеге 45 балуан қатысты. Ең жеңіл және аса ауыр салмақтағы жеңімпаздарға бағалы сыйлық тағайындау дәстүрі бар. 2013 жылғы XX турнир де елдің есінен кетпейді. 55 келіде Оңтүстіктің екі балуаны Нұрсұлтан Қалмұрзаев пен Жолдыбай Тоқбаев белдесті. Бұл жолы ВАЗ 14 көлігін Жолдыбай Тоқбаев жеңіп алған-тын.
Азия чемпионатының күміс жүлдегері Асхат Жаңбыров, Баку Голден Гран-При турнирінің чемпионы Нұрсұлтан Қалмұрзаев та осы турнирде шыңдалды. Қазақ балуандарының арасынан алғаш болып Баку гран-при жарысын жеңген осы – Қалмұрзаев. Бұл сында да аса ауыр салмақта Нұрмахан Тыналиев мықтылық танытып, көлік мінген.
Өткен жылғы бәсекеде еліміздің барлық өңірінен, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Бразилиядан да спортшылар келді. Спорттық додада спорт шеберлері мен спорт шеберлігіне үміткер 267 спортшы 10 салмақта бақ сынады. Байрақты бәсекеде «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атағы сарапқа салынды.
Бүгінде Шымкент қаласының балуандары да дәстүрлі сайысты асыға күтеді. Былтыр үшінші мегаполис балуандары екі алтын, бір күміс, үш қола жүлдемен жалпы есепте озық шыққан-тын. Мейіржан Шермаханбет 67 келіде, Әлімхан Сыздықов 130 келі салмақта жеңімпаз атанды. Аталған қос балуан биыл Азия чемпионатында топ жарды. Әлем чемпионатының жүлдегері М.Шермаханбет бұл турнирде бірнеше рет бас жүлдеге иелік етті.

АҚЖОЛ МАХМҰДОВ ШЕБЕРЛІК САҒАТЫН ӨТКІЗЕДІ

М.Сапарбаев мемориалы биыл 28-ші рет өтеді. Ұйымдастырушылар жарысты жоғары деңгейде өткізуге күш салмақ. Әсіресе, Қырғызстан, Өзбекстан құрамалары бірінші нөмірлі балуандарын осында пысықтайды. Әр жылы Грузия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан балуандары өте мықты құраммен келетінін айтық. Әрине, шетелдіктер де біздің жігіттермен тәжірибе алмасқанды қолай көреді. Оларға керегі – деңгейі биік балуандар. Мұндай турнирлер ұлттық құрама команда үшін өте қажет. Ертең осылардың арасынан дарынды балуандар көрініп қала ма деген үміт.
Токио олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем чемпионы, қырғызстандық Ақжол Махмудов өткен жылы сайыстың құрметті қонағы болған еді. Жарысты ұйымдастырушылардың бірі, Шымкент қаласының №15 спорт мектебінің директоры Ермек Байдуашев жарысқа дайындық тыңғылықты жүріп жатқанын айтады. Биылғы сайысқа да атақты балуанды шақырыпты.
– 2022 жылғы турнирге Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан құрамаларын шақырдық. Биылғы әлем чемпионатының жеңімпазы Ақжол Махмұдов ашылу салтанатында шеберлік сағатын көрсетеді деген жоспарымыз бар. Сайыс 26-28 қазан аралығында өтеді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталады. Жалпы, мақсат – турнирдің аясын кеңейте беру, – дейді Е.Байдуашев.
Иә, Шымкент қаласы сайыстар ордасына айналып келеді. Әлемдік сайыстарды өткізіп, қаланың оң имиджін қалыптастыру, шаһардың атын әйгілеу мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Олимпиада ойындары, әлем чемпионаттарында отандастарымызға қолдау көрсетіп жүрген спорт жанашыры, кәсіпкер Әбдімәжит Сыздықбеков спорттық инфрақұрылымды дамытып қана, туристерді тартуға, қызықтыруға болатынын айтқан еді.
– Спорттық туризмді дамытып, қаланы таныту үшін алдымен спорттық инфрақұрылымдарды жетілдіру қажет. Спорт нысандары салынып жатыр. Шымкенттің оң имиджін қалыптастыруға барлық мүмкіндіктер бар. Ең бастысы, жақсы ниет керек. Таяуда күрес түрлерінен Болат Тұрлыханов кубогы рейтингілік турнирі өтті ғой. Міне, қаланы таныту үшін бізге де осындай әлемдік деңгейде, халықаралық жарыстар керек, – дейді ол.
Ендігі кезекте М.Сапарбаев мемориалының ауқымын кеңейтіп, рейтингілік турнирдің деңгейіне жеткізуге күш салынуы тиіс. Шымкентте спорттық инфрақұрылымды дамытуда 2022-2025 жылдары бірқатар ірі спорт нысандарын салу жоспарда. Бұл орайда грек-рим, еркін, әйелдер күресіне де арналған арнайы жаттығу базасы салынса құба-құп, әрине.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.