– 4-20 ақпан күндері Қытайда өтетін спорт додасына қаламыздан бір спортшы лицензияға ие болып отыр. 19 жастағы Шерзод Хаширбаев Финляндияда өткен әлем кубогінде төртінші орынға тұрақтап, Олимпиада жолдамасын алды. Шерзодты болашағынан үміт күттіретін спортшыларымыздың бірі деуге болады. Ол Қазақстанның бірнеше дүркін жеңімпазы, әлем кубоктарының белгілі кезеңдерінен өтіп, жүлдегер атанды. Қазір Олимпиадаға баратын спортшылар карантинге оқшауланып, дайындықтың соңғы кезеңінен өтіп жатыр. Олар 27 қаңтарда Қытайға аттанады. Ал Пекин қаласында 10 ақпанда фристайлдан жарыстар басталады деп жоспарланған. Шерзод 16 ақпанда өнер көрсетеді деп күтілуде. Жас болса да үлкен үміт күтеміз, – дейді Бауыржан Қалмұхамедұлы.
Басқарма басшысының айтуынша, Шымкентте қысқы спорт түрлері дамып келеді. Қалада қысқы олимпиада резервін дайындайтын арнайы спорт мектебі бар. Мұз сарайында орналасқан мектепте спорттың төрт түрінен жаттығу өтеді. Атап айтсақ, шайбалы хоккей, шорт-трек, фристайл және мәнерлеп сырғанаудан атлеттер дайындалады.
Айта кетейік, Бейжіңдегі Олимпиада ойындары 4 ақпан күні басталады. Алдын ала мәліметтер бойынша, дүбірлі додаға әлемнің 95 елінен 4 мыңнан астам спортшы қатысады. Онда 109 медаль жиынтығы сарапқа салынбақ. Ұлттық Олимпиада командасы құрамында елімізден 34 спортшы өнер көрсетеді. Спорт түрлеріне келсек, айтарлықтай өзгеріс жоқ – 87 лицензиямыз бар. Осы аптада басқа спорт түрлері бойынша нақтыланады. Лицензиялардың басым бөлігін шаңғышылар (35), конькимен жүгірушілер (12) және биатлоншылар (12) жеңіп алған.