ШЕГЕ ТЕРАПИЯСЫНЫҢ ПАЙДАСЫ КӨП Избранное

Среда, 16 Февраль 2022 03:40 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 6192 раз

Ем-домнан айықтыруда дәстүрлі және дәстүрлі емес медицинада түрлі терапиялар қолданады. Бүгінде әлеуметтік желілерде шеге терапиясы туралы көбірек айтылып жүр. Шеге тізілген ағаш тақтайшада тұрудың қандай пайдасы бар? Аталған терапия жайлы білу үшін мамандармен тілдесіп, нақты пайдасы туралы сұрадық. Сонымен қатар, психологтың пікірін білдік.

250

 


Мұны садху немесе шегеде тұру терепиясы деп атайды. Шымкентте бұл саланы жетік меңгерген маманның бірі – Эльмира Мұратова. Сұлулық шебері Эльмира аталған терапияны әлеуметтік желіден көріп, қызығушылығы артады. Алдымен тақтайшаны тапсырыспен алдырып, кейін терапияны меңгеруді бастайды.
– Біздің қоғамда адамның физикалық жағдайына көбірек көңіл бөлінеді. Психологтардың көмегіне жүгініп, адамның ішкі әлемінде болып жатқан мәселелерді шешуге талпынбайды. Көп жағдайда депрессия мен стресске немқұрайлы қарайды. Әсіресе, әйел заты эмоцияға ие бола алмай, арты түрлі ауруларға апарады. Өмірімде кездескен қиындықтарды жеңу үшін дәстүрлі емдік тәсілден бастап, түрлі терапияларды қабылдадым. Бұл терапияда өзімді жайлы сезіндім. Қазір барлығы дұрысталып, өзімді жақсы сезінемін. Саналы түрде бұл терапияның пайдасы мен артықшылығын түсіндім, - дейді ол.
Эльмира Исақызының айтуынша, аталған терапияның үш негізгі пайдасы бар. Саналы түрде эмоциясын басқаруды үйретеді, денені физикалық жағынан жақсарту тұрғысынан икемділікке, стресс пен ауырсынуды және салмақ азайтуға көмегін тигізеді. Оған қосымша бойындағы өкпе-ренішті, үрей, қорқыныш, бала кездегі травмаларды сыртқа шығарады.

251


– Адамның табанында 70 мыңнан астам жүйке нүктесі бар. Соларға массаж жасағанда қан айналымы жақсарады, гормондар қалпына келеді, ұйқы безі, бүйрек үсті безінің жұмысы жақсарып, ол барлық сезім мүшесінің жұмысына оң әсер етеді. Түрлі шеберлік сыныптарына қатысқанда ұстаздарымыз йоганың 500-ден астам ауруға ем екенін айтатын. Себебі, көп ауру қан айналымының дұрыс болмауынан туындайды. Алматыда арнайы оқудан өткен соң, алдымен үйдегілерді тақтайша үстінде тұрғызып көрдім. Бастапқыда қорқынышты көрінеді. Шеге үстіне шыққанда адам аздап ауырсынуды сезінеді. Терлеуі де қалыпты жағдайға жатады. Көп адамнан керемет әсер алғаннан кейін мен мұны Шымкентте де дамытқым келді, - дейді маман.
Қазір бұл тақтаны сатып алып, өз бетімен айналысатындар да бар. Эльмира Мұратова оларға бастапқы уақытта жаттықтырушымен жұмыс істеуге кеңес береді. Э. Исақызының айтуынша денсаулығына қарсы көрсетілімдері бар адамдарға шеге йогасымен айналысуына болмайды.
– Психикалық бұзылуларда, органикалық жүрек ауруларында, қан ауруларында, қатерлі түзілімдерде шеге йогасы үшін уақытша қарсы көрсетілімдер бар. Созылмалы аурулардың өршуі, операциядан кейінгі кезең, толық асқазан, терең массаж курсында да тыйым салынады. Жүкті әйелдер мен емізулі баласы бар аналарға да уақытша айналыспай тұруға кеңес беремін. Табан терісінде проблемалары бар жандарға да мақұлданбайды, - дейді Э.Мұратова.
Ал мотивациялық дәріс оқып, шымкенттіктерге салауатты өмір салтын насихаттап жүрген бизнес тренері Есіл Аманжолов шеге терапиясымен айналысу арқылы адам денені жаттықтырып, жан саулығы мен сергектігін жетілдіретінін айтады.
– Тақтайда тұру адамның өзін-өзі ұстауда, әсіресе мінез-құлқын бақылауда пайдасы бар. Елордада жүргенде достарым осы терапияны қабылдағанын айтты. Ізденіп шеге йогасының пайдасын зерттеп көрдім. Медициналық ем түрінде емес, ара тұра өзімнің ойымды жүйелеп алуға пайдаланамын, - дейді Есіл Аманжолұлы.

Түйін.

Жан мен тәннің үйлесімділігін арттыратын түрлі жаттығулармен айналысып, денеңізді төзімділікке үйретіп, ағзаның психологиялық және физикалық қызметтерін басқаруды дамытсаңыз, сұлу мүсінге қол жеткізіп үнемі көтеріңкі көңіл-күйде һәм сау-саламатты боласыз. Бұл маманның пікірі.