×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Жаяу жүргіншілер өткелі: жолдағы жағдай жақсармақ

Пятница, 15 Сентябрь 2017 11:17 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 5545 раз

Шымкент қаласының көшелерінде әр күн сайын орта есеппен 150 мың көлік жүреді екен. Осы орайда, мамандар жолаушылар ағыны көп мегаполис қалада көлік тығынын болдырмаудың бірден-бір жолы ретінде жерасты және жерүсті жаяу жүргіншілер өткелін көптеп пайдалануға беруді ұсынады. Бұл өз кезегінде, көлік тығынының алдын алумен қатар, жолаушылардың қауіпсіздігіне, көлік жүргізушілері үшін уақыт пен жанармайды үнемдеуге, қала берді, экологиялық ортаны едәуір жақсартуға тың серпін бермек.

DSC 9352

Қазіргі таңда, облыс орталығында барлығы 13 жаяу жүргіншілер өткелі бар. Оның 10-ы жерасты, 3-уі жерүсті өткелі. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Ерлан Есіркеповтің айтуынша, жолаушылардың нөпірі толастамайтын қаладағы ірі базарлардың маңында барлығында бірдей жаяу жүргіншілер өткелі салынған.
– Әсіресе, Тәуелсіздік жылдарында жолаушылар ағыны мол орындар зерделеніп, қала бюджетінен қаржыландыру арқылы көптеген нысандар пайдалануға берілді. Бұл қатарда, Темірлан тас жолының бойында («Бекжан» базары маңында), Бәйдібек би даңғылында (Дендросаябақ алдынан), Республика даңғылының (Эмиль» сауда үйі) бойында жерасты, сондай-ақ, Рысқұлов көшесіндегі (Еуразия» базары) жерүсті өткелдері қала тұрғындарының игілігіне қызмет етуде. Бүгінде құрылысы қызу жүріп жатқан Рысқұлов көшесіндегі («Самал» базарының алды) жерасты өткелі мен Темірлан тас жолы және Мангельдин көшелерінің қиылысында орналасқан жерүсті өткелі де келер жылы пайдалануға берілетін болады, – дейді Ерлан Әлішерұлы.

 

Жаңа өткелдер – ел игілігіне

«Самал» базарының алдынан салынып жатқан жерасты өткелінің құрылысын «ХМСУ Шымкентмеллиорация» ЖШС-гі жүргізуде. Ұзындығы – 30, ені – 4, ал тереңдігі 5 метр болатын нысанның құрылысына қала бюджетінен 116 миллион 822 мың теңге қаржы қаралыпты. Қазіргі таңда, құрылыс жұмыстарына мердігер мекеменің 4 дана техникасы мен 25 жұмысшысы жұмылдырылған. Нысан келер жылдың маусым айына дейін пайдалануға берілуі тиіс.
Сондай-ақ, Мангельдин көшесіндегі жерүсті жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысын бұған дейін «КазНур Констракшн» ЖШС-гі жүргізген болатын. Ол үшін қала бюджетінен 215 миллион 768 мың теңге қаржы бөлінген. Дегенмен, қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың нысан төбесін нықтап жабу және мүмкіндігі шектеулі жандар үшін өткелге алып шығатын эксколатор орнату жөніндегі ұсынысына орай, құрылыс қайта жобаланыпты. Қазіргі таңда, құрылысты аяқтауға мердігер мекемелер үшін арнайы конкурс жарияланған.

DSC 9362

Нысан тазалығын сақтауға кәсіпкерлер де мүдделі

Қаланың сәулеттік келбетіне рең қосқан аталмыш нысандарда кәсібінен несібе тауып отырған кәсіпкерлер қызметіне де лайықты жағдайлар қарастырылған. Атап айтқанда, жерасты өткелдерінің 5-і жеке меншікке пайдалануға берілген. Олар – «Қырғы базар», «Көктем», «Колос» аялдамасы, «Бекжан» базары және 16 шағынаудандағы жерасты өткелі. Ондағы нысанды күтіп-ұстау, санитарлық тазалық жұмыстары жеке кәсіпкерлердің есебінен атқарылады.

Республика даңғылының бойында орналасқан жерасты өткелінде жаяу жүргіншілер легі бір сәт те толастаған емес. Қызмет орнына я болмаса білім ордасына асыққан жолаушылармен қатар, арнайы сауда жасай келетін азаматтардың қатары да жетіп артылады. Керегін іздеген жандар үшін, шынында, мұнда қажеттіліктің барлығын да табуға болады. Киер киім де, күнделікті тұтынар ас-суыңыз, тұрмысқа қажетті бұйымдардың сан алуан түрлері осы мекеннен табылады. Бағалары да ірі базар тауарларының құнымен шамалас. Бастысы, жерасты жолының самаладай жарық шамдары, жинақы дүңгіршектері, тазалығы келушілерге жайлылық пен айрықша әсер береді.

– Күн сайын кешқұрым мұндағы кәсіпкерлер айналасын ретке келтіріп қоюды дәстүрге айналдырған. Әр аптаның алғашқы күнінде санитарлық тазалық жұмыстарына баршамыз белсене қатысып, өшкен жарық көздері мен сынған кафель тақтайшалары болса, жаңасына ауыстырып қоямыз. Бұл міндеттер ең алдымен, біздің тікелей жауапкершілігімізге жатады әрі келушілерге ыңғайлы болу үшін өзіміз де жайлы ортаны қалыптастыруға тырысамыз, – дейді әшекей бұйымдарын сатушы Гүлнар апай.

Расында, жол қозғалысының реттілігін сақтауда жаяу жүргіншілер өткелін кәдеге жарату әлемдік тәжірибеде өз тиімділігін көрсетіп отыр. Бұл бағытта, жолаушылардың қозғалысы мен қауіпсіздігіне оңтайлы мүмкіндік беріп отырған облыс орталығындағы жаңа нысандар қала келбетін мұнан әрі де айшықтай түспек.

Последнее изменение Понедельник, 18 Сентябрь 2017 03:48