ЕЛ БІРЛІГІ ЕҢБЕКТІ ЕСЕЛЕЙ ТҮСЕДІ Избранное

Среда, 17 Апрель 2024 05:01 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 357 раз

Елімізде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бастамасымен су тасқынына ұшырамаған өңірлерде 8 сәуірден «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бастау алды. «Мен әкімдердің бәріне бұл бір реттік науқан емес екенін ескерттім. Басқаша айтқанда, сенбілікке шығып, жұмыс істеген сыңай танытып, көзбояушылық жасауға болмайды. Көршілес елдердегі секілді бізге де Қазақстанды көгалдандыру, өңірлер мен қалалардың аумақтарын тазарту жұмыстарын үнемі жүргізу керек» деді Президент.
Бес аптаға созылатын экологиялық науқанның алғашқы аптасы – «Таза өлке» апталығы. Шымкентте осы акция аясында #TazaShym жалпықалалық тазалық іс-шарасы ұйымдастырылды.

Subot-2

 

Абай ауданы: 4 локацияда жұмыс істеді

#TazaShym жалпықалалық тазалық іс-шарасын ең алғашқылардың бірі болып Абай ауданының тұрғындары бастап жіберді. «Асар» шағынауданындағы «Ардагерлер аллеясында» өткен науқанға «Шымсити», «Тұран», «Асар» және өзге де іргелес шағынаудандардың тұрғындары қатысып, аулаларды, жер асты және жол үсті жүргіншілер жолдарын, аялдамаларды, сонымен бірге Бәйдібек би даңғылы мен А-2 тас жолы бойын тазалап, абаттандыру жұмыстарын жүргізді.
Абай ауданындағы тазалық акциясы бұдан әрі Асанбай Асқаров атындағы дендробақта жалғасты. Қызылжар шағынауданы бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Бастархан Байжанов қария жастарға батасын берді. Ал, дендробақ директорының орынбасары Е.Төрехан, славян этномәдени бірлестігінің төрайымы Н.Романова, Жастар ресурстық орталығының жастары дендро саябақ пен «Қасірет» мемориалы аумағын қоқыстан тазарту, көгалдандыру жұмысына қатысты. Ораза айт мерекесіне орай барлық қатысушыларға бауырсақ үлестірілді.
Абай ауданы әкімінің орынбасары Гүлнұр Асылбекованың айтуынша, тазалық шарасына 2 мыңға жуық адам, 23 техника жұмылдырылған. Таңғы сағат 8-ден бастап тұрғындар Абай ауданына қарасты 4 локацияда жұмыс істеді. Акция барысында, 14867 шаршы метр көше бойы, 10,1 шақырым аяқ жол тазартылды. Сонымен қатар, 12300 түп ағашты әктеп, бұтап, қырқып, қоқыстарды шығарған.
Ал, жастар ағаштардың діңін ақтаумен қатар, тұқымбақтағы ағаш көшеттерінің түбін арамшөптен тазартқан.

Әл-фараби ауданы: Оңды іс «Ордабасы» алаңынан бастау алды

Әл-Фараби ауданында тазалық жұмыстары Ордабасы алаңынан басталды. Аудан тұрғындары, белсенді жастар мен еріктілер «Ордабасы» алаңы мен «Тәуелсіздік» саябағының аумағы, «Қошқар ата» өзенінің жағалауы, алаңдағы жол үсті көпірі, «Жер Ана» монументі маңын тазалап, аялдамаларды жуып-тазалады, ағаштарды әктеді, шөп орды, абаттандыру жұмысын жүргізді.
Экологиялық акцияға Шымкент қаласының әкімі Ғ.Сыздықбеков қатысып, қалалық мәслихаттың төрағасы Б.Нарымбетов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Төлебаев, белгілі опера әншісі М.Мұхамедқызы, қоғам белсендісі А.Бесбаев, ардагерлер, қоғам қайраткерлері, белсенді жастар, еріктілер және басқа да азаматтар белсенділік танытты.

Subot-3


Ал, «Шымқала» тарихи-мәдени кешені аумағында өткен акцияда мәдениет саласының мамандары мен зиялы қауым өкілдері, тарихшы, этнографтар тарихи-мәдени кешеннің аумағы, оның айналасындағы көшелер мен өткелдер, арық-атыздарды күл-қоқыстан тазартып, ағаштардың түбін қопсытып, әктеді, орындықтарды, қоқыс жәшіктерін, шамдарды тазалады.
«Шымқала» тарихи-мәдени кешені аумағында өткен акцияға 250 азамат атсалысып, кешен аумағын қоқыстан тазартты.

Жас келсе – іске!

TazaShym жалпықалалық тазалық іс-шарасы мегаполистің ірі магистральді көшелері – Республика, Тәуке хан, Б.Момышұлы даңғылдарында, А.Байтұрсынов пен Желтоқсан көшелерінің қиылысында да жалғасты. Әл-Фараби және Тұран аудандарына қарасты аумақта өткен жұмысқа екі ауданның тұрғындары, Шымкент қалалық орыс драма театрының директоры
И.Вербицкий мен қалалық Жастар ресурстық орталығының жастары қатысты.
– Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынып отырған республикалық «Таза Қазақстан» акциясы жастар тарапынан ерекше қолдауға ие болып отыр. Игі шара қаланың көркеюіне, қоршаған ортаның тазаруына ғана әсер етіп қоймай, жастардың елге, жерге деген сүйіспеншілігін, Отанымызға деген махаббатын арттыра түсетіні анық. Бүгін қалалық Жастар ресурстық орталығының жастары, қаладағы жоғары оқу орындардың студенттері таңнан бері «Таза өлке» апталығы аясында ұйымдастырылып отырған #TazaShym шарасында белсенділік танытып отыр, – дейді қалалық Жастар ресурстық орталығының басшысы Заманбек Орынбеков.
Мыңнан астам белсенді жас пен студенттер қатысып, 13 аялдаманың қабырғалары мен орындықтарын жуып, қоқыс жәшіктері, аяқжол айналасын қоқыстан тазартты. Сонымен қатар,
600 ағаш әктеліп, 1 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.

Еңбекші ауданы:«Алатаудың» айналасын айнадай етті

Тазалық жұмыстары ауданда 11-шағынауданда орналасқан «Алатау» саябағынан басталды.
– Бұл жұмыстар тек науқандық болып қалмауы тиіс. Қала көркейіп, даму үшін барлық жерлестерімді акцияға атсалысуға және қоршаған ортаның тазалығын сақтауға шақырамын, – деді боксшы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері
Мұхтархан Ділдабеков.
Екі ел достығының нышанына айналған саябақтағы шараға қаладағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері де атсалысып, үлестерін қосуда.
– Мемлекет басшысының аумақтарды көгалдандыру, абаттандыруға қатысты берген тапсырмасына орай еліміздің түкпір-түкпірінде игі істер атқарылып жатыр. Бұл іске Шымкент қаласындағы этномәдени бірлестік өкілдері де атсалысып, «Қазақстан–Түркия достастығы» саябағына жиналып, өз үлестерін қосып отыр, – деді «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Л.Асанов.
Сонымен қатар, ғалым, тарих ғылымдарының докторы Д.Қожамжарова, қалалық Жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы А.Сұлтан, Еңбекші ауданының тұрғыны белсенді ардагер Р.Колесниченко барша шымкенттіктерді тазалық шарасына атсалысуға шақырды.
Еңбекші ауданының аумағындағы тазалық жұмыстарына 870-тен астам адам қатысып, 26 арнайы техника жұмылдырылған. Олар 6,4 шақырым аяқжолды тазалап, 970 түп ағашты әктеп, бұталарын қырықты. Аудан аумағынан 48 текше метр қоқыс шығарылып, 1150 метр ирригациялық жүйе тазаланды.

Қаратау ауданы: қариялар жастарға үлгі көрсетті

Қаратау ауданының тұрғындары мен белсенді жастар TazaShym тазалық шарасы аясында Т.Назарбеков атындағы аллея аумағына, Ж.Шаяхметов көшесі мен Н.Назарбаев даңғылының бойына және Нұрсәт шағынауданында тазалық жұмыстарын жүргізді.
Іс-шараға тұрғындармен бірге танымал айтыскер ақын Б.Байтуов, Қаратау аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары П.Есенбеков бастаған қариялар, белсенді жастар қатысты. Аға буын өкілдері жастарға үлгі көрсетіп, бата берді.
Апталық барысында Қаратау ауданының аумағында орналасқан тарихи-мәдени орындардың тазалығы да назардан тыс қалмады.
Тазалық шарасына қатысушылар Сайрам тұрғын алабында орналасқан, туристер ең көп баратын аумақ – Ибрагим ата, Қарашаш ана, Мірәлі баб кесенелері мен Қызыр мұнарасы маңын тазартуға атсалысты. Аймақты тазалаумен қатар қураған ағаштарды кесу, талдарды әктеу, шөптерді тазалау, аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Тазалық жұмыстарына 450-ден астам адам қатысып, бірқатар арнайы техника жұмылдырылды.

Subot-4


Акция шеңберінде ауданға қарасты барлық аяқ жолдар тазаланып, 280 түп ағаш әктелді. Сонымен қатар, ескерткіштер жуылып, 40 орындық сырланды. Жалпы, аудан аумағынан 28 текше метр қоқыс шығарылып, жол бойындағы ирригациялық жүйелер тазаланды.
Айта кетейік, Қаратау ауданы бойынша #TazaShym шарасына 500-ден астам адам қатысып, 18 арнайы техника жұмылдырылып отыр. Оның ішінде 150 тазалық қызметкері, 200 кәсіпкерлік нысан иелері, 100 тұрғын, 20 ардагер, 50 жас бар.

Тұран ауданы: күре жол қоқыстан тазартылды

Тұрандықтар #TazaShym тазалық шарасын қаланың «күре тамыры» – А-2 айналма жолының бойынан бастады.
Тазалық жұмыстарына Тұран ауданы әкімі аппаратының, «ШымкентСпецКомплекс» және «Тұран» коммуналдық мекемесінің қызметкерлері, «Amanat» партиясы Шымкент қалалық филиалының өкілдері, ауданның белсенді тұрғындары және Ардагерлер кеңесінің мүшелері, еріктілер атсалысты.
Акцияға қатысушылар А-2 жолының бойы мен «Бадам» өзенінің жағалауында, Таштракт көшесінің бойында тазалық жұмыстарын жүргізді.
Тұран ауданы бойынша тазалық жұмысына 1650 адам қатысып, 45 техника жұмылдырылған. Аудан аумағындағы көп қабатты үйдердің аулалары, орталық және ішкі орам көшелері, аялдамалар мен аяқжолдар, 37 шақырым ирригация жүйесі тазаланды.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.