НАУРЫЗ – ЖАҚСЫЛЫҚТЫҢ ЖАРШЫСЫ Избранное

Среда, 20 Март 2024 04:55 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 334 раз

Айдың қай-қайсының да жаманы жоқ, өз ырыс, берекесі бар. Әйтсе де, мұсылман жұрты үшін наурыз айының жөні бөлек.

Nauris-1

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы халыққа арнаған құттықтауында Наурыз мейрамының сипатына ерекше тоқталған еді.
«Әз-Наурыз – жаңару мен жаңғырудың, береке мен бірліктің бастауы. Жылдың бұл мезгілі – күн мен түн теңеліп, жер жүзі қайта түлейтін шақ. Сондықтан ата-бабамыз ежелден шуақты көктем мерекесіне айрықша мән берген, оны Ұлыстың ұлы күні деп ұлықтаған.
Қоғамдағы татулық пен келісім дәстүрлері ұлтымыздың салт-санасы мен әдет-ғұрпы түгел тоғысқан осы мейрамның сипатына сай келеді. Наурыз бүгінде нағыз халықтық мерекеге айналды» дей келе, бұл күндері мейірімділік, жанашырлық, жасампаздық сияқты қасиеттер ерекше дәріптелетініне, соның арқасында еліміз бірлігін бекемдеп, тату-тәтті өмір сүріп жатқанын атап өткен болатын.
«Халқымыз әрдайым Наурыз мейрамын жақсылықтың жаршысына балаған. Қазақстан дамудың жаңа дәуіріне қадам басты. Түбегейлі өзгерістер қастерлі Отанымызды өркендетуге тың серпін береді деп сенемін. Ынтымағы жарасқан жұртымыздың ырысы артып, қолға алған игі бастамаларымыз оңынан болсын, ағайын!» деген еді Президент.
Қасым-Жомарт Кемелұлы күні кеше Ұлттық құрылтайдың «Адал адам - Адал еңбек - Адал табыс» атты үшінші отырысында Ұлыстың ұлы күнін бүкіл ел болып жаңаша атап өтетінімізді, жақында осыған байланысты арнайы тұжырымдама қабылданғанын айтып өтті.
«Әрине, бүкіл әлем жұртшылығымен бірге қарсы алатын Жаңа жыл мерекесінен бас тартпаймыз. Бірақ Әз Наурыздың мәртебесін көтеріп, мазмұнын байыта түсеміз» дей келе, Наурыз мейрамына байланысты күндердің көтерген жүгінің маңызына тоқталды.
«Мысалы, Көрісу күнінен басталатын мейрам кезінде әр күннің өз атауы болады. Соның бірі Ұлттық киім күні деп аталады. Басқа жұрт қазақты киімінен танитын болуы керек. Мен былтыр ауызашар берген кезде осы мәселеге арнайы тоқталдым», - деді ол.

Nauris-2


Президент кейбір ірі компаниялар мен оқу орындары енгізіп жатқан ұлттық нақышта киіну үрдісінің өте орынды бастама екенін, оны қолдап, ауқымын кеңейте түсуіміз керектігін атап өтті.
«Әсіресе, қазіргі таңда мұндай қадамдардың мән-маңызы айрықша. Себебі, соңғы жылдары ел ішінде қара киініп, тұмшаланып жүретін адамдар пайда болғаны баршаңызға мәлім. Олар – бөтен емес, өз азаматтарымыз. Халқымыздың дүниетанымында қара киініп жүру деген атымен болмаған. Бұл – еліктеушіліктен, әсіредіншілдіктен туған үрдіс. Біз салт-дәстүрімізден ажырамауымыз керек. Радикалды неофиттар халқымыздың салтында жоқ киім үлгілері арқылы да жат діни идеалдарды қоғамға таңуға тырысып жүр. Бұл біздің дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылықтарымызға жасалып жатқан ашық шабуыл екені анық. Біз бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек. Еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсеміз десек, түркі халықтарының көпшілігінің, соның ішінде қазақтардың дәстүрлі діні – сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет» деді.
Бүгінде өзге ұлттардың қаңсығын таңсық көріп, ұлтымызға икемдейтін адамдар бар. Ол кейде дінді насихаттап жүрген уағызшылардың тарапынан аңғарылып жатады. Бір қуаныштысы биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас муфти Наурызбай қажы Тағанұлы осындай бейбастықтың алдын алу мақсатында уағызшыларға лицензия берілетіндігін, дін атын жамылғандардың ұлтқа жат бәтуа айтуына тыйым салынатынын, қазақтың мәдениеті, салт-дәстүріне селкеу келтірмей ұлықтау жағдайын айтты.
Расында, бұл - мемлекеттік мәселе. Әркім өз білгені, ұстанымын тықпалай берсе, ұлттық құндылықтарымыз әлсіреп, халықтың рухани дағдарысқа ұшырауы мүмкін.
Сондықтан биыл жаңа форматта өтіп жатқан мейрамнан қазақ халқының да күтері көп.
Өзге өңірлер сияқты Наурыз мейрамы Шымкентте де лайықты аталып өтуде. 15 наурыз Қайырымдық күнінде қарттар үйі, балалар үйі мен көпбалалы отбасыларға арнайы мерекемен құттықтау іс-шаралары өткізілді және ауызашар берілді.
16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптар насихатталып, музыкалық-театрландырылған қойылымдар көрсетілді.
17 наурыз – Шаңырақ күні перзентханаларда жаңа туған нәрестелердің ата-аналарына «Наурыз базарлық» естелік кәдесыйлары табысталды.
18 наурыз – Ұлттық киім кию күні «Ең үздік балалар мен жасөспірімдердің киім үлгісі», «Ең үздік күнделікті киім үлгісі», «Ең үздік жұмыс киім үлгісі» атты ұлттық киім дизайнерлерінің байқауы өтті.
19 наурыз – Жаңару күні қаланың саябақтарында көктемгі ағаш егу дәстүрі қолға алынды.
20 наурыз – Ұлттық спорт күні атшабарда ұлттық спорт ойындарынан жарыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталады.
21 наурыз – Ынтымақ күні зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері қала тұрғындарын Наурыз мерекесімен құттықтайды.
22 наурыз – Жыл басы «Армысың, әз-Наурыз!» атты сахна өнеріндегі этникалық және заманауи үрдістерді үйлестіретін музыкалық театрландырылған қойылым болады.
23 наурыз – Тазару күні қаланың көрікті жерлері мен саябақтарын мерекеден кейінгі қалдық заттардан тазалау үшін жалпыұлттық сенбілік ұйымдастырылады.
Басқа да ізгі амалдарымен бірге Наурыз мейрамы кезінде қазақ ақсақалдары бір-бірімен қырғи қабақ болып жауласқан, барымтасы, қарымтасы тыйылмаған, араларында кісі өлімі болып, ыңғайы келсе аяспайтын ру, тайпаларды татуластыруға да пайдаланған екен.
Яғни, Наурыз – бірлікке, ынтымаққа қызмет еткен мейрам ретінде берекенің бастауына айналып келеді.
Қош келдің, әз-Наурыз!