ІСКЕР БАСШЫ. ПАРАСАТТЫ ХАНЫМ Избранное

Среда, 06 Март 2024 05:21 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 378 раз

Оңтүстікте Қуатбековтер әулетін танымайтын жан жоқ десе де болады. Былайғы жұрт «академиктер отбасы», «педагогтер әулеті» деп жатады. Қызғанышы жоқ, қызығушылық, құрмет сезімі баса айтылады.

ruatbekova

 

Өйткені, Қуатбековтер әулетінің алтын діңгегі, бүгінде марқұм ағамыз Әбдімұса Мұратұлы мен жұбайы Карамат Пердешқызына мұндай құрметті өздерінің жанқиярлық еңбегі алып берді.
Екеуі де бай-бағланның ұрпағы емес, қарапайым отбасыдан шыққан, өмірлерін ғылыммен байланыстырып, содан бақытын тапқан адамдар.
Сөзіміз жалаң болмас үшін отағасы Әбдімұса Қуатбековтің қол жеткізген жетістіктеріне шолу жасайық.
Әбдімұса ағамыз – ҚР Жаратылыстану ғылымдары Академиясының академигі, Нью-Йорк Ғылым академиясы мен Халықаралық шығармашылық академиясының академик-мүшесі, профессор, химия ғылымдарының докторы. Қазақстан Халықтар достығы университетінің негізін қалаған адам.
«Қорған» қайырымдылық қорын құрған, Арыс қаласының балалар үйіне үнемі демеушілік көмек көрсетіп тұратын.
Сайрам және Арыс аудандарының құрметті азаматы. ҚР Құрметті және еңбегі сіңген білім беру қызметкері. П.Капица атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты.

Көптеген ғылыми-зерттеу оқулықтарының авторы. Зайыбы Карамат Пердешқызы профессор, химия ғылымдарының кандидаты.
Ұлы мен қыздары – техника және медицина ғылымдарының профессорлары.
Ақылмандардан, көпті көрген көне көздерден «адам – өз өмірінің авторы» деген сөз қалған. Яғни, жақсы болу да, жаман болу да өзіңнің қолыңда. «Алма піс, аузыма түс» деп, бүгін жасалатын жұмысты ертеңге салсаң, жатып ішер жалқау болсаң, «Құдай маған бермеді» деп налудың еш реті жоқ.
Ал, еңбекқор болғанның несібесі артық. Берекені көктен емес, еткен еңбегінен табады. Бұл - нағыз азаматтың тірлігі.
Рабиға Қуатбекова – бүгінде әкесі іргетасын қалаған оқу орнының, Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің ректоры.
«Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» дейді халық даналығы. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мейрамы қарсаңында біз Оңтүстіктегі іргелі оқу орнын басқарып отырған Рабиға ханымды мерекесімен құттықтай отырып, іскер басшының өмір жолына қысқаша шолу жасадық.
Қуатбекова Рабиға Әбдімұсақызы 1968 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Ол 1991 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетінде «Емдеу ісі» мамандығы бойынша білім алған. 1999 жылы «Қайнар» университетінің құқықтану факультетінде «Заңгер» мамандығын алса, 2004 жылы Қазақ-Өзбек инженерлік-гуманитарлық университетінде «Педагогика және психология» мамандығын үздік дипломға бітіріп шыққан. 1991 жылы «Фосфор» МСБ дәрігер-интерн, 1992 жылы акушер-гинеколог болып еңбек жолын бастаған Рабиға Әдімұсақызы білікті мамандардың ақыл-кеңесін алып, саласы бойынша тәжірибе жинақтап, еңбектене берді. Ол 1996-1998 жылдар аралығында Алматы қаласындағы республикалық ана мен баланың денсаулығын қорғау ғылыми-зерттеу орталығында аспирантураның күндізгі бөлімінде білім алды. 1999 жылы медицина ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғап шықты.
Медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚазҰЖҒА академигі Рабиға Әбдімұсақызының өмірі осылайша өріліп келеді. Ол ғылымнан, университеттегі басшылық қызметінен бөлек мемлекетіміздің қарыштап дамуына да перезенттік үлесін қосып жүр. Ол бұрынғы «Нұр Отан», бүгінгі «Аманат» партиясының Түркістан облыстық филиалы Саяси кеңесі мен партия жанындағы кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі кеңестің мүшесі.
Халықтың жүрегіне жол табу, сеніміне ие болу – үлкен бақыт. Рабиға Әбдімұсақызы халықтың қолдауына ие болып, екі рет – 2017 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатына, 2020 жылы Түркістан облыстық мәслихатына депутат болып сайланды. Бұл – үлкен жетістік.
Астана қаласындағы «Ұлттық ғылыми-медициналық орталық» республикалық мемлекеттік мекемесі жанындағы ОД 09.14.10 диссертациялық кеңесінің, Қазақстан халықтары Ассамблеясындағы әйелдер кеңесінің мүшесі.
Рабиға Әбдімұсақызын жақсы білетіндер оның адамгершілік, ізгілік қасиеттерін үнемі айтып отырады.
Еңбек сүйгіш, сауатты басшы. Жүрген ортада үлкен құрметке ие. Өмірде қарапайым, моральдық жағынан ұстамды. Қызметтік міндеттерге жауапкершілікпен қарайды. Ұйымдастырушылық қабілеті бар, қиын жағдайда өз бетінше дұрыс шешім қабылдай алады. Жоғары еңбек қабілеттілігімен ерекшеленеді. Ол білім деңгейін үнемі жетілдіріп отырады. Қоғамдық жұмыстарға белсенді түрде атсалысады.

P.S.

 

Халқымызда «Жақсы адам – елдің ырысы» деген аталы сөз бар. Осы өлшемге салсақ, академиктер әулетінен шыққан, өзі де академик Рабиға Қуатбекова – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары мен тапсырмаларын абыроймен орындап келе жатқан қайраткер қыздарымыздың бірі. Ескіден арылып, жаңаша іс бастау оңай емес. «Әділетті Қазақстанды» орнықтыру үшін үлкен қажыр-қайрат керек. Академиктер әулеті осы үдеден шығып келеді. Рабиға Әбдімұсақызын мерекесімен құттықтай отырып, табыстан-табысқа жетуіне тілек қосамыз. Отбасыңыз аман, денсаулығыныз мықты болып, биікке өрлей беріңіз.

 

Последнее изменение Среда, 06 Март 2024 05:25